Алыстап кеткен арманым...

Алыстап кеткен арманым...
ашық дереккөз
Алыстап кеткен арманым...
Қоңыр тіршілік әрбір ауылдың алқасында бар. Байырғы күйбеңін күйттеп, үй-қораның арасынан таң мен түннің тізгіні ұзатпай, бейнетке байлап қойған кәдімгі ауылдың бейнесі бір жағынан қызық. Уақыттың өткеніне емес, аман-есен жүргеніне шүкіршілік еткен шаруақор жандар бір- бірімен құда болатын кісіше шүйіркелесіп, іштегі арман-тілегін ақтарып алады да, арқадан ауыртпалықты тастағандай жеңілдеп қалады. Үйреншікті болған соң бұл көрініс жаттанды жағдай. Сол ауылдар қаймана қазақтың ата қонысы, ыстық мекенін біржола тастап, қалаға кетуді ар санайтын нағыз елжандының елі. Біз барған Талас ауданы, Майтөбе ауылындағы Тұрсын Телхожаевтың шаңырағы да қарапайым отбасының бірі. Замана лебінің ұлы көшіне ілескен, біреуден кеш, біреуден алға озған дәстүрі бар, мың болғыр кісі. Жасы жетпіске жетсе де шау тартып, шамасы кері кеткен кісі емес, әлі тың. Құдайы қонақ түссе дархан пейілін дастарқанмен білдіретін ауылдың ақжарқын адамы. Мен үшін оның әңгімесі тартымды, туған жерге деген перзенттік парызы ұнамды. – Өзім 1953 жылы бірінші қаңтарда дүниеге келіппін. Иә, қақаған қыста. Әкем Қалдаяқ ауылдағы алғашқы тракторды меңгерген маңдайалды механизатор болды. Ол кезде техниканы жүргізген адам ұшақты ұшырғанмен бірдей. Бүкіл бала үстіне шығып, ойнаймыз, қызықтаймыз. Сонда маған ол мақтаныш еді. Іштей «мен де осындай механизатор болсам» деген арман аясында ой кешемін. Шешем Қыздаркүл Тамды ауылының қызы, төрт құрсақ көтерді. Бейнетті бір кісідей көрді. Тәңірдің тілеуі шығар, жасы тоқсаннан асып қайтты. Мен отбасының тұңғышымын. Артымнан ерген Аңсагүл, Арқагүл қарындастарым мен Айдар ініме бас-көз болу маған жүктелді. Өйткені әкем өмірден ерте өтті де отбасының салмағы шешем екеумізге түсті. Кеңестік кезеңде кеңшілік бар ғой, шаруашылықтың берекесі аштан өлтірмеді. Көлік жүргіздім, жанар-жағармай тасымалдадым. Кейін сиыр бақтым, фермада жұмыс істедім. Үйлендім. Жұбайым Сәлима қасиетті Қазығұрттың қызы болатын. Менен бес жас кіші еді. Жарық дүниеге бес перзент әкелді. Содан үшеуі тірі. Ұлдарым Әбунасыр, Ерлан, Ержан бір-бір шаңырақтың иесі. Солардың ұл-қызы қолымды ұзартып отыр. Шүкір, – деді Тұрсын көкем байсалды мінезін байқатып. Ер адамға ең қиын жері орта жаста жарынан айырылу екенін білемін, оның ойсыраған тұсы да сол еді. Сүйіп қосылған Сәлимасы тағдырдың жазуымен о дүниелік болды. Үш ұлдың үміті әкеге қарайлап қалды. Ағайын-тума: «Әлі жассың, отбасының береке-бірлігіне жақсы әйелдің жылылығы керек» деп кеңес берді. Жанына серік болатын іздеген адамың табыла қойса жақсы, бірақ ондай әйел қайда? Ел ішінде жаны жайсаң жоқ емес екен, нағыз ол ойлаған әйел Жуалы ауданы, Күреңбел ( бұрынғы Самсоновка) ауылынан шықты. Есімі – Аршагүл. Аршагүл келгелі үйге жылылық кірді, ыстық мейіріммен балаларды өз перзентіндей бауырына басты. Немерелер еркелеп, әжелеп тұрады. Міне, бір өкініш, бір қуаныш жағдайда өмір сүріп жатқан көкеміздің айналасы осындай. Елге сыйлы, қадірменді қария Тұрсын Телхожаев туралы тағылым мен тәлім ойды осы арадан тоқтатып, оған күш-қуат, ұзақ ғұмыр тіледік. Жарықтық, ауыл адамдарының мейірбан мінезі бір бөлек ғой. Жоқ демейді, жомарт болғысы келеді. Сол ерекшелік бізді тығыз байланыстырып еді. Ауылдағы ағайын аман болсын!

Қаныбек ӘБДУОВ,

журналист. Қызылорда облысы.

Ұқсас жаңалықтар