Жедел жәрдемдегі Жаңа жыл
Медицина саласы – жауапкершілігі мен қиындығы мол мамандық. Алайда әлдебір дертке душар болып немесе оқыстан әлдеқандай жарақат алып қалған жандардың жаны күйзелген сәтте демеу болып, олардың құлан-таза айыққанын көрудің өзі бір бақыт. Басы ауырып, балтыры сыздай қалған жанның диагнозын дәл тауып, дертіне шипа берудің өзі – ақ халаттыларға күш-қуат береді. «Жедел жәрдем» деп аты айтып тұрғандай, желіп жүріп жер кезіп, әрбір жаны қиналып, дертіне шипа іздеген жанға шапағатын төгуге асыққан жедел жәрдем қызметінің алғашқы медициналық көмегі қашан да ауадай қажет. Облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының дәрігері Алихан Мирсеитовтің осы салада еңбек еткеніне 14 жылдың жүзі болды. Батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерттің бетін қайтарып, ауырған жанға алғашқы жәрдем көрсетіп жүрген Алихан 2021-дің 2022 жылға қараған 31 желтоқсан, яғни, Жаңа жыл күні кезекшілікке түскен еді. Дәл Жаңа жыл күні дәрігердің кезекшілікке түсуі жедел жәрдем стансасында 4 жылда бір рет келетін үрдіс. Иә, ауру уақыт таңдамайды, тоқтап қалмайды. Қай мезгілде алқымынан алып түсетінін науқастың өзі де байқамай қалатыны рас. Дегенмен 31 желтоқсан күні кезекшілікке түсудің басқа күндерден қандай айырмасы бар? Жалпы Жаңа жыл мерекесі күні кезекшілікке түскенде қандай оқиғалар орын алды? Осы орайда Алихан Мирсеитовпен тілдескен едік.
– Адам өмірін бәрінен биік қойып, мерекені ойлауға мұрша да келмейді. 2022 жылдың Жаңа жыл күнінде мен кезекшілік ауысымға түскен едім. Жүрек талмасы, бронх демікпесі, бас-ми қан айналым бұзылысы, жол-көлік оқиғасы да орын алды. Кешке қарай төбелестен жарақат алушылар немесе отбасылық шиеленістен зардап шегушілер де кездесті. Былтыр Жаңа жыл қарсаңы күні сағат түнгі 23:45-те жүрек талмасы бар науқасты жедел жәрдеммен облыстық ауруханаға жеткізіп, науқасты тапсырып, өз стансамызға оралдық. Жаңа жыл уақытымен тұспа-тұс, яғни, 24:00-де жаңа шақырту болмады. Тек түнгі 12:00-ден 20 минут өткенде күйік шалу белгілерімен шақырту түсті. Жаңа жылдық жарылғыш затты алкогольдік ішімдік ішкен адам дұрыс тұтатпағандықтан, адамның өзіне қарай жарылып, дене жарақатын алып, күйік шалғаны белгілі болды.
Ал ең әсерлі оқиға, ол таңғы сағат алты жарымда жүкті әйелдің босану кезеңіне атсалысып, Жаңа жылда жаңа өмірдің есігін ашқан сәбидің дүниеге келуіне куә болған жайымыз еді. Жаңа жыл уақытында дәрігер ретінде халыққа айтарым, отшашулардан абай болса екен. Көп жағдайда қарапайым ғана қауіпсіздікті сақтамағандықтан балалар да зардап шегеді. Петарданы жарғанда оның жағымсыз иісі адам денсаулығына зиян, соны ескерсе деген кеңесім бар, – дейді Алихан.
Иә, ақ халатты абзал жандардың көмегі ауадай қажет. Түрлі жағдай орын алады. Еңбектеген сәбиден, еңкейген кәріге дейін медицина қызметіне жүгінеді. Сан алуан оқиғаның арасынан кейде езуге күлкі үйіретін жағдай да орын алып тұрады. Сондай Жаңа жыл күнгі кезекшілігінің бірінде Алиханның басынан да күлкілі жағдай өтіпті.
– «Пәтерде есікті ішінен құлыптап алған, ес-түссіз, есікті ашуға мұршасы келмейді», деген себеппен алған шақыртуға алып-ұшып жеттік. Бұл жерде 89 жастағы анасы баласының жағдайына алаңдап шақыртқан болатын. Расында бөлме құлыптаулы, ұлы есікті ашпады. Бәріміз алаңдап, уайымға салындық. Есікті аша алмағандықтан, төтенше жағдай қызметіне де хабар жіберіп, шақырттық. Соңыра олар есікті бұзуға оқталған сәтте «бөлмеде ес-түссіз жатыр» деп ойлаған азамат даладан ішке аман- есен кіріп келді. Сөйтсек, егде жастағы анасы баласының сыртқа шығып кеткенін ұмытып кетіпті, – дейді Алихан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді