«Айғыркісі» Алматыда сахналанды
Республикаға белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің жеңімпазы, «Құрмет» орденінің иегері Несіпбек Дәутайұлының мерейтойына орай, журналист, жазушының шәкірті Ардақ Үсейінованың жетекшілігімен жеке актерлік құрам (15 адам) қаламгердің «Айғыркісі» әңгімесінің желісімен сахналық инсценировка жасап, жаңа бағытта «Қаратөбел» мистикалық- вербатим дайындады. Қойылымның премьерасы алдымен жазушының туған жері Қордай ауданында өтіп, Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде қордайлықтар назарына ұсынылды.
Инсценировканы әңгіме желісі бойынша белгілі журналист, әрі аталмыш актерлар тобының жетекшісі, жас жазушы Ардақ Үсейінова жазып шыққан. Ал қойылымға басты рөлдердің бірін сомдаған актер Дарын Дауымов өзі режиссерлік еткен. Тараз қаласындағы «Абай» және «Парасат» колледждерінің дарынды жастарының басын құраған сахналық қойылым сәтті шықты деуге болады.
Жазушылар одағында сахналанбақ болған «Қаратөбел» мистикалық-вербатимін ұйымдастырушылар бірінші болып жазушының туған жерінде көрсетуді жөн көріпті.
Жиналған қауым инсценировкаға өте жақсы деген бағасын берді. Қойылым соңында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жерлес жазушымыздың шығармасын насихаттап, осындай жаңа бастаманың ұйытқысы болып жүрген Ардақ Үсейіноваға аудан әкімі Бекзат Болатбековтың құттықтау хатын табыс етіп, қазақи дәстүрге сай иығына орамал жауып, қордайлықтар атынан алғысын жеткізді.
Жаңа бағытта қойылған шағын дүние жаңалық болды деуге де болады. Әдебиет сүйер қауым жылы қабылдады. Осылайша туған жерде тұсауы кесілген қойылым Алматы қаласындағы Жазушылар одағында жалғасын тапты.
Бар жоғы 40 минуттық мистикалық- вербатим суреткердің қаламына арқау болған өмір шындығын, ақ пен қараның қайшылығын көрсетіп, адамгершіліктен ажырап бара жатқан пенделерді сабасына түсірді. Санасын сілкіп алды.
Қойылым негізінен Есқұл, Бұлди, Жалғас есімді үш кейіпкердің образы арқылы өрбіген.
Түпнұсқадағы желісін үзбеген дүние көрерменнің көкейіндегісін дөп басып отырды. «Дүниенің түбіне жетем деп жүріп, балаңның түбіне жеттің бе?», «Арманның иесі мен киесін сақтай алмаған жұрттың көретіні ақырзаман» деген диалогтар алдамшы дүниеге арбалып, құндылықты құлдыратып алатындардың арынын басып-ақ тастайды. Он ойландырып, тоғыз толғандырады.
Жазушының шәкірті Ардақ Үсейінованың идеясынан туындаған ұжымдық еңбекте, әсіресе жас режиссер Дарын Даумов пен Есқұлдың рөлін сомдаған актер Ерасыл Битанов ерекше көзге түсіп, көрермен ықыласына бөленді. Қосалқы рөлдерді сомадаған Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің, сондай-ақ «Парасат» білім ордасының студенттері де өз міндеттерін абыроймен атқарып шықты.
– Бір киноны бір ғана сәт үшін аяғына дейін көруге болады. Сол секілді тұтас бір қойылымның өзегін бір ғана деталь ұстап тұруы мүмкін. Мейлі жарты-ақ сағаттық қойылым болса да, жақсы дүниені көру үшін, өнерді бағалайтын адам алыстан болса да келеді. Несағаңның қаламын қастерлейтін ізбасарлары бәріміздің жанымызға жақын, әдеби қауым әлдеқашан мойындаған сүйекті дүниені сахнаға алып шыққан екен. Шағын спектакль төрт аяғы тең түспесе де, жазушының негізгі идеясын жеткізе білген. Сондықтан алдағы уақытта мұндай тың дүниелердің көрермені арта түседі деген сенімдемін. Несағаң дүниеге таза қалпында келіп, тазалығымен кеткен сәби көңіл адам. Осы бір таза әлемді ардай көңілмен сахна тілінде сөйлеткен жастарға алғыс айтамыз, – дейді өз әсерімен бөліскен жазушы Жүсіпбек Қорғасбек.
Несіпбек Дәутайұлының шығармашылығы, адами таза болмысы арқау болған кеште Жұмабай Шаштайұлы, Дәурен Қуат, Ырысбек Дәбей, Бейбіт Сарыбай, Мақсат Мәлік қатарлы қалам ұстаған қауым, сертіне адал болған жазушының ел жүрегіндегі екінші өмірі енді басталғанын, оның талай шығармасы сахналық қойылымға сұранып тұрғанын тілге тиек етті.
«Айғыркісі» әңгімесі – ескі аңыз-әфсанаға жаңаша мазмұн беретін образ болып туған еді. Жазушылар атауының өзінде сондай бір мифологиямен тайталасқан ұғым барын атап өтті. Әдеби ортада ұлттық идеяның алтын қазығын айналшықтап шықпай қоюымен дараланған туынды бөлек сипатта көпке жол тартты. Ал жазушы шығармасының жаңа бейнесі әлі де талқыланып, таразыға түсе береді.
Белгілі прозашы Несіпбек Дәутайұлы былтыр тамыз айында өмірден өткен. Ал оның ғұмырында мұра ғып қалдырған бір топ шығармасы бұған дейін «Жол» деген атпен түрік тілінде жарық көрген еді.
Жазушы Жұмабай Шаштайұлы: «Айғыркісі» шығармасы қазаққа қойылған сұрақ қой. Осындай жады тағдыр, адам, жылқы, оның өзі қасиетті, текті түрік деп есептелсе, адамзаттың тектілігі мен жылқы малының тектілігін іздеуде жақсы негіз бар» десе, «Мархабат Байғұт екеуі қатар жатқан екі облыста әдеби орта жасап отырды. Несіпбек Дәутайұлының ерекшелігі – сөзі өтімді, қоғамда сөзін тыңдата алатын, әдеби ортада да ықпалды жазушы», – деді жазушы Жүсіпбек Қорғасбек.
Расында да автордың ішкі ойын зерделеген шығарма сәйгүліктің сезімі арқылы кісілікке, адами қадір-қасиетке шақырды. Өзінің ерекше форматымен көрерменнің көңілінен шығып, талайдың таңдайында кетті деуге болады. Жеке актерлік құрамнан тұратын шығармашылық топ аталған қойылымды кең ауқымда да көрсетуге ниетті екендіктерін айтты.
Қаламгер мұрасын жаңа форматта түрлендіріп, сахна тілінде сөйлеткен жастарға бұл бағытта қолдау болса, әр шығармасы бір қойылымға татитын жазушының талай дүниесі сахналар еді.
Гүлжан РАХМАН
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді