Отын – олжа, су – қорлық

Отын – олжа, су – қорлық
ашық дереккөз
Отын – олжа, су – қорлық

Жамбыл және Шу облыстары басшыларының ресми кездесуінде бірқатар мәселелер оң шешімін тапты

Ғасырлар бойы тұрмыс пен тіршілікте бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан қазақ пен қырғыз елі арасындағы сауда-экономикалық байланыс бүгінде тұрақтаған. Көрші жатқан қос мемлекет экономиканың түрлі саласы бойынша көптеген жобаларға қатысып, интеграциялық әркеттерді де орнықтырған. 23 22Бұл ретте еліміздің қырғызбен арадағы 1241 шақырымдық шекарасының басым бөлігін алып жатқан Жамбыл облысының да үлес салмағы өзге аймақтарға қарағанда басымдау. Бір ғана мысал: біздің облыс пен Қырғыз Республикасының арасындағы сауда айналымы биылғы тоғыз айдың қорытындысында 167,7 миллион долларды құраған. Бұл көнеден келе жатқан «Қазақ пен қырғыз бір туған...» деген даналық сөзді дәлелдеп тұрғандай.

Осы қос елдің ынтымақтастығы аясында бейсенбі күні Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Қырғыз Республикасы Үкіметінің Шу облысындағы өкілі Қанатбек Исаевтың кездесуі өтті. Кездесу Қырғыз Республикасы Президентінің №1 Ала арча мемлекеттік резиденциясында ұйымдастырылды. Алдымен өздеріне тән қонақжайлылықпен қарсы алған қырғыз ағайындар жамбылдық делегацияны резиденция асханасында түскі асқа шақырды. Онда қырғыз әншілері біздің делегацияның құрметіне екі елдің танымал композиторларының тамаша әндерінен шашу шашты. Ал нағыз сауда-экономикалық әріптестік аясындағы кездесу резиденцияның кіші мәжіліс залында жалғасын тапты. Алдымен кездесудің өтуіне мұрындық болған айыр қалпақты ағайындар атынан кіріспе сөз сөйлеген Қанатбек Исаев екі ел арасындағы, оның ішіндегі Жамбыл облысы мен Шу облысының арасындағы салалық байланыстарға тоқтады.

– Бүгінгі отырыс сіздер мен біздің үшінші кездесуіміз болмақ. Бұған дейінгілері Жамбыл облысының аймағында Шу және Жамбыл облыстарының сауда-экономикалық әріптестігін кеңейту бағытында өткізілген. Бүгін біз сіздермен екі ел Президенттерінің 7 қарашада болған Астана қаласындағы кездесуінен кейінгі жүктелген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатындағы меморандумға қол қою рәсіміне жиналып отырмыз. Күн тәртібінде Қырғыз елінің Кедендік Одаққа кіру алдындағы екі ел Басшыларының тапсырмалары төңірегіндегі іс-шараларды өз деңгейінде атқаруға бағытталған мемлекеттік маңызды мәселелер тұр. Олар: Шу және Жамбыл облыстары арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті нығайту, шекаралық өзендердің су-энергетикалық ресурстарын дұрыс пайдалану, Қырғызстанның ет, сүт және жеміс-жидек, көкөністері мен басқа да ауылшаруашылық өнімдерін Қазақстанға экспорттау, екі мемлекеттік шекара аймақтарындағы экологиялық қауіпсіздікті және эпизоотиялық ахуалды реттеу мәселелері, – деді Қ.Исаев. Одан кейін сөз алған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та мұндай басқосулар екі ел арасындағы сан қырлы байланыстарды одан әрі тереңдете түсетініне сенім білдіріп, кездесуге шақырған қырғыз әріптестеріне алғысын білдірді.

– Бүгінгі кездесуге біз екі елге ортақ бірнеше мәселені қарастыру бойынша келіп отырмыз. Біз шаруашылыққа қажетті судың 80 пайызын Қырғызстаннан аламыз. Сондықтан су мәселесі біз үшін аса маңызды болып отыр. Өйткені, биылғы құрғақшылық бәрімізді судан қатты қысқаны белгілі. Сол себептен, бізге келетін су көлемі 52 пайызға төмендеп кетті. Оның үстіне сіздердің Ортотоғой су қоймасында 500 миллион текше метрге дейін су жиналады. Ол судан Үлкен Шу каналы арқылы Шу облысының алты ауданы мен біздің Қордай ауданы су алады. Яғни, Қордай ауданы ҮШК-дан су алатын жетінші аудан болып есептеледі. Біз биыл егінді көбірек егіп, жеміс-жидек, көкөністі де көп салдық. Бірақ, судың жоқтығынан шаруа қожалықтары шығынға батып, қиын жағдайға тап болды. Бұл мәселені Астана кездесуінде Нұрсұлтан Әбішұлы сіздердің Президенттеріңіз Алмазбек Атамбаевқа да жеткізген, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Оның айтуынша, Алмазбек Атамбаев Елбасымен кездесуі кезінде осы су мәселесі бойынша Жамбыл облысының әкімін ресми түрде шақыруға ниетті екенін жеткізген екен. Яғни, келесі жылдың егін суару кезеңіне дейін бұл бағыттағы түйткілдер екіжақты талқылаулардан өтіп, тараптардың ортақ мүдде тұрғысынан келісімге келу жайы қамтамасыз етілмек. –Аймақтағы су тапшылығының алдын алу бойынша біздің Үкімет те қарап отырған жоқ. Яғни облыста алдағы жылдары Елбасы тапсырмасы бойынша құны 24,8 миллиард теңге болатын 9 су қоймасын салу көзделуде. Одан бөлек Қордай ауданындағы Қарақоңыз, Қақпатас, Ноғайбай су қоймаларының сыйымдылығын екі есеге дейін арттыру жобалары іске асырылуда, – деген К.Көкірекбаев су жетіспеушілігі салдарынан Жамбылда қалыптасқан негізгі жағдайға қысқаша тоқтала кетті. – Қордай ауданының Қарасай, Еңбек ауылдары маңынан өтетін «Колос» каналынан келуі тиіс секундына 1,5 текшеметр судың орнына секундына 0,5 текше метр ғана су алдық. Шаруалар тағы шығынға ұрынды. Мұндай мәселе Талас облысы арқылы келетін су арналарында да орын алған. Бірақ, бұл аймақтағы проблемаларды шешіп келе жатырмыз. Сіздер сұраған су көлемін де қыспай беріп отырмыз. Мәселен, Қазақстан мен Қырғызстан табиғи газды Өзбекстаннан алады. Сіздерге баратын газ біздің облыс арқылы өтеді. Сол газдың басында отырған өзбек ағайындар қыста қажеттіліктен сол газды қысып береді. Соған қарамастан біз сіздерге баратын газды ешқандай да азайтпай, керісінше өзімізді қысып, қымбат та болса мазутқа көшеміз. Су мәселесінде де біз сіздерден осындай әділеттілікті сұраймыз, – деген облыс әкімі өзеннің шекараны бөліп жатқан бөліктеріндегі арнаны шайып жатқан тұстарын бекіту бойынша да ұсыныстарын жолдады. Сонымен қатар, облыс басшысы екі ел шекарасында 7 шекаралық бақылап өткізу бекетінің қызметтерін де дұрыс пайдалану жөніндегі ойымен бөлісті. Атап айтсақ, қазіргі таңда құрыққа ілінбей жатқан мал контрабандасы мәселесінде бірлескен іс-қимыл ұйымдастырып, «Қарасу», «Сыпатай батыр» және «Айша бибі» шекаралық бекеттері маңынан ветеринариялық пункт, мал сою алаңдарын ашып, үлкен көлемдегі шекаралық сауда-экономикалық аймақ қалыптастыру мәселесін де қозғады. Қордай ауданындағы «Үміт Қордай», «Куликово сүт зауыты» ЖШС-ларының өндірістік қуатының әлеуеттілігін айта келе сол сүт зауыттарына шикізат жеткізуде де көршілерді белсенділік танытуға шақырды. Сондай-ақ, Тараздың жаңа базарларында қазір 5 мыңға жуық сауда-саттық орындары бар екенін ескерте келе Кәрім Нәсбекұлы Қанатбек Кедейханұлына сауда жасаймын деген қырғыз азаматтарын қарсы алуға дайын екенін де айтып өтті. Бұдан бөлек, облыс әкімі темір жол, спорт, мәдениет салалары бойынша да өзінің ойларымен бөлісіп, алдағы уақытта да осы салалар негізінде еларалық достық қарым-қатынасты нығайта беруге үндеді. Жамбылдық делегация жетекшісін мұқият тыңдаған Қанатбек Исаев төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ пен қырғыздың туыстығын тілге тиек ете келе биылғы жылдың ауа райының шаруаға жайсыз болуы себепті осы су бөлу мәселесіне келгенде аздап ұятты болғандарын жасырмады. Оны Қырғыз Республикасы Ауыл шаруашылық және мелиорация министрі Таалайбек Айдаралиев те мойындады. – Жағдайдың тығырыққа тірегені соншалық, біз өз қалауымызбен тиісті су көлемін бере алмадық. Өзіміздің ішкі қажеттілікті тек 85 пайызға ғана қамтамасыз ете алдық. Мамыр айынан бастап, әр ауданға шектеулі тұтыну лимитін қойдық. Соған байланысты кейбір аудандарда шаруалар қарсылық шаралар ұйымдастырып, тіпті каналдарды жауып алған кездер де орын алды, – деді ол. Осыны айта келе министр Ортотоғойдан шығатын Үлкен Шу каналын жөндеу мәселесі өзекті болып тұрғанын ашып айтты. Сонау кеңестік кезеңнің өзінде каналдың табаны мен жақтауларын бетондау жобасы қолға алынғанымен оның ақыры сиыр құйымшақтанып ұмыт болған екен. Енді міне, екі елге су жетпей тұрған тұста бұл каналдың 40-50 пайыздық техникалық ысырабы одан сайын жығылған үстіне жұдырық болып отыр. Яғни, қоймадан шыққан судың шамамен жартысына жуығы жерге қайта сіңіп жатыр деген сөз. Осылайша, көрші елдің Ауыл шаруашылық министрі Т.Айдаралиев екі көрші облыс тел еміп отырған осы каналды бірігіп күрделі жөндеуден өткізу жөніндегі ұсынысын ортаға салды. Ал Кәрім Нәсбекұлы мұндай жобаны қолдайтындығын білдіргенімен, бұл өз кезегінде Үкімет деңгейінде шешілетін мәселе екеніне тоқталып, мұны еліміздің вице-премьері Бақытжан Сағынтаевқа жеткізетінін айтты. Жалпы, кездесудің негізгі мәселесі ретінде су ресурстары көбірек әңгіме арқауына айналды. Облыс әкімінің әр сөзінен келесі жылы да жамбылдық шаруалар үшін су тапшылығы орын алмас па екен деген алаңдаушылық байқалды. Өз кезегінде Қырғызстан Үкіметі өкілдері де барынша қарайласатындарын уәде етті. Себебі, мұның сыртында екі ел Президенттерінің қол алысулары тұр. Мемлекет басшыларының тапсырмалары орындалуы тиіс. Жамбылдық делегация дәл осы су мәселесіне келгенде қырғыз еліне үлкен үміт артып отыр. Тағы қайталайтын болсақ, су шаруашылығымыз қырғыз суына 80 пайызға тәуелді. Шыны керек, бұған дейінгі талас пен тартысқа толы өткен кездесулерде небір қол алысулар орын алғанымен, жеме-жемге келгенде көршіміз кейбір тұста өз мүдделеріне қарай тартып тұрды. Енді Президент А.Атамбаевтың қолдау білдіруімен өткен кездесуден кейін жағдай реттелер деген ойдамыз. Қысқасы, Қырғыз елі Президентінің Ала арча резиденциясында Жамбыл облысы әкімдігі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің Шу облысындағы өкілдігінің арасында меморандумға қол қойылды. Осы қабылданған меморандум шеңберінде көрші облыстар шекарадан өткен малды ветеринарлық алдын алу шараларынан өткізу үшін уақытша ұстау дәліздері құрылысын салуды, сонымен қатар Жамбыл облысының сүт зауыттары үшін сүт және құрғақ сүт жеткізу мәселесінде әріптестік танытуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, қос тарап алдағы уақытта шекаралық әріптестіктің шырайын кіргізу ниетімен «Достықта жоқ шекара» атты фестиваль мен «Ата жұртты аңсау» атты қазақстандық қырғыз ұлты өкілдерінің кездесуі өткізілетін болды.

Тараз-Бішкек-Тараз.

Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабай.

Ұқсас жаңалықтар