Әріптестік әлеуетін арттыру үшін

Әріптестік әлеуетін арттыру үшін
ашық дереккөз
Әріптестік әлеуетін арттыру үшін
Меморандумдарға қол қойылды Несиелік серіктестіктердің даму болашағы туралы өткен кеңесті облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ашып, жүргізді. – Басқосуға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азамат Әбілдаев, республикалық «Аграрлық несиелеу корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов арнайы қатысып отыр. Сондықтан ауылшаруашылығын несиелендірудің өзекті мәселелері кеңінен қозғалуы керек. Ойдағы ұсыныс-пікірлеріңізді ашып айтыңыздар, – деп аудан әкімдері мен басқармалар басшыларын ашық әңгімеге шақыра сөйледі Кәрім Нәсбекұлы.Отырыста хабарлама жасаған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Кемелхан Әбілеков әңгімені үстіміздегі жылы өңірде «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингіне еншілес мекемелер арқылы 7,1 миллиард теңге қаржы игерілгенінен бастады. – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы ауылшаруашылығы құрылымдарына 1,6 миллиард теңге несие берілді. Оның 554 миллион теңгесі – «Сыбаға», 179,1 миллион теңгесі – «Құлан», 328,9 миллион теңгесі – «Алтын сақа» бағдарламалары бойынша. Көктемгі дала жұмыстарына – 70 миллион, ауыл тұрғындарына 4 миллион теңге несие тағы бар, – деп баяндаған Кемелхан Смағұлұлы осы несиелерге алынған мал санын да көрсетті. Осы несиенің 807 миллион теңгесі яғни 50 пайызы жергілікті несие серіктестіктері арқылы берілген. Олар жыл аяғына дейін тағы да 300 миллион теңге несие беруді көздеп отыр. Сонда барлығы 1,1 миллиард теңге шамасында болмақ. Бірақ осы несие серіктестіктеріне ауыл­шаруашылығы құрылымдарының қамтылуы қанағаттанғысыз жағдайда. Облыстағы 17 мың агроқұрылымның 704-і немесе 4 пайызы ғана қамтылған. Бұл жұмыс жандандыруды қажет етеді. Қазір аудандардағы 10 серіктестікке қоса, Тараз қаласынан бір несие серіктестігін ашу жоспарланып отыр. Облыс әкімі К. Көкірекбаев әрбір аудан әкімінен аграрлық саланы несиелендіруде атқарып жатқан жұмыстарын жеке-жеке сұрады. Олардың жауаптары облыс басшысын қанағаттандырмаған сияқты. – Аудан әкімдері агронесиемен жұмыс істемейді. Мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Әр ауданда шамамен 2000-дай шаруа қожалықтары тіркелген. Кейбіреулерінің 50-100 гектарға дейін жерлері бар. Соның пайдасын не өздері көріп отырған жоқ, не елге пайдасы жоқ, – деп қынжылыс білдірді Кәрім Нәсбекұлы. Осы мәселе бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтқан облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов мысал ретінде Т. Рысқұлов ауданындағы «Құлан-Дән» несие серіктестігінің төрағасы Рахман-Әлі Әбдіқадіровті орнынан көтерді. Оның айтуынша, серіктестік өзі құрылған 2003 жылдан бері ауданның ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне 1281 374,4 мың теңге ұсынып, құрылтайшылар саны 26-дан 191-ге жеткен. Егер аудан бюджеті есебінен 50-100 шаруа қожалығы құрылтайшы болып кірсе, олар 20 миллионнан 450 миллион теңгеге дейін несие алу мүмкіндігіне ие болар еді. Несие жобаларын топтастыру процесіндегі шексіз көп қағаз айналымдары несие алушыны жалықтырып жібереді. Сондықтан олардың санын қысқарту керек. Аграрлық несие корпорациясы аграрлық секторға қаржы ресурстарын несие серіктестіктері арқылы ұсынса, көп уақыт үнемделеді. Ол бұл ұсыныстарын екінші деңгейдегі банктер ауылдықтардан кепілдік мүліктер қабылдамайтынын, ал несие серіктестіктері қабылдайтынын және мұнда несие қолма-қол ақшамен берілетінін айтып түйіндеді. Бұл мысал отырғандардың көпшілігінің көкейіне қонғандай. Өйткені басқосуда сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты Азамат Әбілдаев та, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов те несие серіктестіктерінің тиімділігін тілге тиек етті. Бірақ бұл істе оларға аудан әкімдері тарапынан қолдау көрсетілуі керектігін баса айтты. Отырысты қорытындылаған облыс әкімі отырғандарға мүмкіндікті қолдан шығарып алмауды ерекше ескертті. * * * Кеңес соңында өзара әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылды. Жамбыл облысы әкімдігі мен «Аграрлық несиелеу корпорациясы» АҚ арасындағы өзара әріптестік туралы меморандумға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов. Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы мен «ЕвразияАгроХолдинг» ЖШС арасындағы өзара әріптестік туралы меморандумға басқарма басшысы Абдалы Нұралиев пен серіктестік директоры Балтабек Мұқашев. Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы мен «МSF» компаниясы ара­сындағы өзара әріптестік туралы меморандумға басқарма басшысының орынбасары Зейнел-Нәби Сұлтанбаев пен компания директоры Серғазы Исенбаев қол қойды.

Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар