«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстанның сыртқы саяси жетістіктері

Қазақстанның сыртқы саяси жетістіктері
ашық дереккөз
Қазақстанның сыртқы саяси жетістіктері
Әлемдегі өзге мемлекеттермен терезесі тең өмір сүруге мүмкіндік алу – кез келген ұлттың ұлы мұраты. Биыл егеменді ел болып, Тәуелсіздік алғанымызға 31 жыл толды. Қазақстан Республикасы 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет атанып, өзінің ішкі және сыртқы саясатының негізгі басым бағыттарын анықтай бастағалы бергі отыз жылдан астам уақыт ішінде халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналды. Осы қысқа мерзімде Қазақстан өзінің ерекше даму моделін таңдап, әлемдегі бейбітшілік пен бірліктің бірден-бір үлгісі бола білді. Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаев атап көрсеткендей: «Тәуелсіздік – тұрақты және қауіпсіз келешекке деген зор сенім». Осымен қатар еліміз халықаралық саясатта бірқатар тың идеяларды ұсынып, әлемнің дамуына зор үлесін қосып келеді. Беделді халықаралық ұйымдардағы табысты төрағалығы мен жаһандық және аймақтық мәселелерді шешудегі тың бастамалары халықаралық қоғамдастықтың көңіл бөліп, жетекші мемлекеттердің онымен кеңесіп, санасуына әкелуде.

Халықаралық қатынастардағы беделін бекітті

Тарихтан бабаларымыздың әр кезеңдерде алыс-жақын елдермен шебер жүргізген дипломатиясы мен ел мүддесін қорғаудағы ерліктерін мақтан тұтамыз. Алайда жаңа жас Тәуелсіз мемлекет жағдайында, сол мезетте, мемлекетіміздің еуразиялық кеңістіктің қақ ортасында, әлемдік державалармен көршілес орналасуы, ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында Орталық Азия аймағындағы геосаяси жағдайдың күрделене түсуі, ел ішіндегі орын алған дағдарыстық қиын жағдайда, өзінің ішкі саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелерінің күрделілігі мен маңыздылығына қарай сыртқы саяси байланысы мен қарым-қатынасын қалыптастыру қажет болды. Алғашқы мақсат – шетелдерде ұлттық мүдделерді қорғау, бітімгерлік бастамаларды ілгерілету, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғау, тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, халықаралық және екіжақты ынтымақтастықты нығайту, шетелдік әріптестерге Қазақстан жөніндегі объективті ақпаратты жеткізу Қазақстанның басты сыртқы саяси басымдықтары болады. Еліміз тарихи өлшем бойынша өте қысқа мерзімде, халықаралық қатынастардың жауапты субъектісі ретіндегі беделін бекітті. Бүгінде біз өзекті әлемдік мәселелерді шешу және жаңа әлемдік тәртіпті құру ісіне белсенді қатысып қана қоймай, сол бағыттарда бірқатар бастамалар көтеріп, оның оң шешілуі жолында нәтижелі шаруалар атқарудамыз. Осындай белсенділік пен нәтижелі іс-әрекеттің арқасында Қазақстан халықаралық аренада тұрақтылықтың, мемлекет дамуының қарқынды және өркендеген моделінің бастаушысы ретінде лайықты бағасын алып отыр. Қазақстан іргелес бес елмен 14 мың шақырымнан астам әлемдегі ең ұзақ құрлық шекараларын алғаш рет әлемдік тәжірибеге сай халықаралық шарттармен бекітіп, көршілес және әлемнің жетекші елдерімен достық және өзара пайдалы ынтымақтастық қатынастарын құрды. Бүгін еліміз 140-тан астам мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қазақстанның шетелдерде 70-тен астам дипломатиялық миссиялары, кәсіби дипломаттарының жеткілікті саны бар. Шетелдермен белсенді ынтымақтастықтың нәтижесінде мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде 3 мыңнан астам әртүрлі саладағы халықаралық шарттар жасалды. Қазақстанның аймақтағы және әлемдегі саяси, қауіпсіздік, өркениеттік, экономикалық, экологиялық мәселелерге қатысты бастама көтеріп, оны шешу жолында жүргізіп келе жатқан табысты саясаты мен бастамалары әлем елдері тарапынан оң қабылданып, жаһанның жетекші елдерімен стратегиялық әріптестігі жарасып, Қазақстанның экономикалық қуатының қарқынды өсіміне, сыртқы әлеммен сауда-экономикалық, сондай-ақ инвестициялық байланыстарының дамуына негіз болуда. Осы жылдар ішінде Мемлекет басшысының жүздеген жұмыс және ресми сапарлары, сондай-ақ шетелдердің мемлекеттер, үкіметтер, халықаралық ұйымдар мен сыртқы саясат ведомстволары басшыларының Қазақстанға сапарлары өткізілді.

Жетекші ядролық державалардан қауіпсіздік кепілдіктерін алды

1992 жылы ерікті түрде ядролық қарудан бас тартып және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Қазақстанның халықаралық бастамаларының арқасында қарусыздану үдерісінің және жаппай қырып-жою қаруын таратпаудың белсенді жақтаушысы бола отырып, еліміз әлемнің жетекші ядролық державаларынан халықаралық қауіпсіздік кепілдіктерін алды. Қазақстанның әлемдегі қуаты жағынан 4-ші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқанына екпін түсіре келіп, өзге елдерді осы үдерістен үлгі-өнеге алуға шақырды. Осындай жағдайда, яғни бүгінгідей дағдарысты кезеңде ядролық қарудың лаңкестердің қолына түспеуінің маңызы зор. Қазақстан ядролық терроризм актілерімен күрес жөніндегі жаһандық бастамаға белсенді қатысушы болып табылады. Бұған елімізде соңғы жылдары өтіп келе жатқан «Атом-антитеррор» жаттығулары мен ядролық материалдарды физикалық қорғау жөніндегі халықаралық конференция ұйымдастырылғаны дәлел бола алады. Атомды бейбіт мақсатта пайдалануға қатысты, Қазақстан әлемдік қауымдастық алдында бірқатар маңызды бастамалар көтеріп, олардың орындалуы жолында нақты іс-әрекеттер жасауда. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық табыстары сыртқы экономикалық байланыстардың негіздерін – экономикалық дипломатияны бекітті, елдің индустриялық-инновациялық бағдарламасын іске асыру мақсатында тікелей шетел инвестициялары және жаңа технологиялары тартылып, жағымды сыртқы байланыстардың ауқымы артуда. Алғашқы күннен басымдық беріліп, дұрыс таңдалған көпқырлы сыртқы саясатының арқасында тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан экономикасына 130-дан астам миллиард доллар тартылды, жан басына шаққандағы табыс 10 мың доллардан асты.

Сыртқы инвестициялардың басты қабылдаушысы

Қазақстан – Орталық Азияға келген барлық сыртқы инвестициялардың 80 пайыздан астамының қабылдаушысы. Әрбір іске асырылған инвестициялық жоба – ұлтымыздың және Қазақстанның әрбір жеке азаматының әл-ауқатының кепілі. Инвестициялар мен инновациялар жаңа мыңжылдықтағы жаңа Қазақстанның қозғалтқыш күштері болып табылады. Халқымыздың әл-ауқатының өсімі үшін, ел экономикасына инвестицияларды, инновацияларды және жаңа технологияларды тарту ісі бойынша отандық дипломатия айтулы нәтижелерге қол жеткізіп, табысты жұмысты жалғастыруда. Географиялық және геосаяси тұрғыда еуразия кеңістігінің қақ ортасында, әлемнің жетекші державаларымен көршілес орналасу, мемлекеттің сыртқы саясатына әсер етпей қоймауы мүмкін емес. Сол себепті тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, Қазақстан Ресей федерациясымен және Қытай Халық республикасымен екіжақты қарым-қытынастарға стратегиялық басымдық беріп, үнемі дамыту үстінде.

Стратегиялық ынтымақтастық қатынастар қарқынды дамуда

Бүгін Ресей федерациясымен өзара ынтымақтастықтың басты жетіс-тіктері өңірлік интеграцияда, сондай-ақ сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту кеңістігінде жатыр. Қазақстан және Ресей федерациясы тандемі зор Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен дамудың берік факторына айналып, Еуразиялық одақ шеңберінде қарқынды дамуда. Екі мемлекеттің саяси-экономикалық және мәдени салаларда терең ынтымақтастық жағдайында байланыстар орнатып, түрлі қарама-қайшылықтарға ортақ көзқарас қалыптастыруы ТМД елдері арасындағы көптеген күрмеуі қиын мәселелерді нәтижелі шешуге мүмкіндіктер беруде. Стратегиялық әріптестік дәнекерлері Қазақстанды Америка Құрама Штаттарымен байланыстыруда. Бұл факт екі ел президенттерінің 2006 және 2010 жылдарғы Біріккен мәлімдемелерінде көрініс тапқан. Өзара қызметтестіктің қол жеткізілген деңгейі өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядролық қаруды таратпау режимін бекіту, халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұру, энергетикалық тепе-теңдікті сақтау мәселелеріндегі өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастыққа негізделуде. Тәуелсіздіктің барлық жылдары ішінде Еуроодақпен белсенді саяси үнқатысу сақталуда. «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан негізгі Еуропа мемлекеттерімен ынтымақтастықты әріптестіктің аса жоғары деңгейіне шығара алды. Еуроодақ елдері бүгін Қазақстанның әлемдегі басты сауда және инвестициялық әріптесі болып табылады. Елдің индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру мақсатында Еуроодақ елдерінен озық техниканы және технологияларды тарту Қазақстанның сөзсіз жетістігіне айналды. Қазақстан ЕО-ның берік және жауапты энергетикалық әріптесі болып қалуда. Қазақстан Еуропаға қуат көздерін жеткізуде ОПЕК-ке кірмейтін елдер ішінде Ресей мен Норвегиядан кейін үшінші орын алады. Еуропалық әріптестерге көпжақты немесе екіжақты пішінде «Қазақстан–ЕО: 2020» энергетикалық хартиясын дайындау және қабылдау жөнінде ұсыныс жасалды. Біздің Еуропа елдерімен көпқырлы ынтымақтастығымыз Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы жаңа арқаулық келісімде көрініс табуы қажет. Еуропалық бағытта қол жеткізілген табыстар Қазақстан сыртқы саясатының азиялық векторын күшейту туралы шешім алуына мүмкіндік берді.

Орталық Азиядағы ұстанымдарын нығайтты

Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Орталық Азиядағы өз ұстанымдарын нығайтты. Отанымыз өңірлік экономиканы белсенді инвестициялау мен қазіргі кездегі сынақтар мен қатерлерге бірге қарсы тұруда Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіру бойынша саясат жүргізуде. Қауіпсіздік, су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану, еңбек миграциясы проблемалары мен өңір өмірінің басқа да өзекті мәселелері назарымыздан тыс қалмақ емес. Шығыстағы ұлы көршіміз – Қытай Халық республикасымен барлық бағытты қамтитын стратегиялық ынтымақтастық қатынастарды нығайту Қазақстан сыртқы саясаты сындарлылығының айғағы. Жаһандық ықпалы арта түсіп отырған осы елмен екіжақты сауда-экономикалық байланысты тереңдету арқылы еліміз әріптестік әлеуетін өз мүддесіне пайдалануда. Қазақстан аумағынан халықаралық терроризм, есірткі трафигі, діни экстремизм қатерлері шығатын Ауғанстанның тұрақты және орнықты дамуына мүдделі. Елімізде ауған жастарын оқыту үшін 50 миллион доллар бөлу жөніндегі бастаманы қоса алғанда, Қазақстанның ИРА-ға гуманитарлық көмек көрсету туралы шешімі де әлемдік қоғамдастық тарапынан қанағатпен атап өтілді. ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында ұйымға мүше елдердің назарын Ауғанстан мәселесіне бұрып, оның тек аймақ мемлекеттеріне қатысты емес екендігін түсіндіріп, ортақ проблеманы бірге шешуге қатысты нақты ұсыныстар жасады.

Қазақстандық бастамаларды әлемдік қоғамдастық қолдауда

Сыртқы саясат және дипломатия әрқашан да елдің әлеуеті мен қуатының көрсеткіші ретінде қала береді. Біз қарқынды дамып келе жатқан көпұлтты еліміздің мүдделеріне халықаралық аренада табысты өкілдік етудеміз. Еліміздің жаһандық және өңірлік деңгейлердегі көпжақты құрылымдар жұмысына белсенді қатысуы халықаралық беделіміздің күшеюіне мүмкіндік беруде. Бұл ретте Қазақстан қызметі БҰҰ жарғысының мақсаттары мен қағидаларына сәйкес келетін халықаралық ұйымдарда ғана көрініп отыр. БҰҰ мүшесі ретінде өткен жылдар ішінде Қазақстан осы беделді көпжақты ұйымда көрнекті орынға ие бола алды. Қазақстандық бастамалардың бірқатарын әлемдік қоғамдастық қолдады, бұл еліміздің жағымды халықаралық беделінің қалыптасуына жәрдемдесті. Кейбіреулері ілгерілету кезеңінде тұр. Сөйтіп, Қазақстан БҰҰ Бітімгерлік күш-жігер қорын құруды, Жаһандық энергетикалық-экологиялық стратегияны қабылдауды ұсынды, «Жасыл көпір» кең ауқымды экологиялық бастаманы және бірқатар басқа идеяларды алға шығарды. Еліміздің жаһандық мәселелерді шешудегі нақты қадамдары мен сыртқы саясатының жетістіктерінің нәтижесінде 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Бұл Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы саяси салмағының өсуі мен ширек ғасырдағы дипломатиясының жеңісі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аймақтағы қауіпсіздік проблемаларын шешу мақсатында Қазақстан БҰҰ Бас ассамблеясында Азиядағы өзара келісім шаралары жөніндегі кеңес құру туралы бастама көтеріп, аймақтағы жетекші 16 мемлекеттің басшыларын жинап, оның Алматыдағы алғашқы саммитінде, соғыс алдында тұрған Үндістан мен Пәкістан басшыларын дөңгелек үстел басына отырғызып, қақтығыстық жағдайды алдын алуға мүмкіндік берді. Қазақстан сол кезде ұйымның жұмысына қарқын беруінің арқасында бүгінде ауыз толтырып айтарлық табыстарға қол жеткізуде. Бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастық еліміздің бұл бастамасын Азиядағы қауіпсіздік проблемалары бойынша үнқатысу мен консультациялар өткізу, пәтуа негізінде шешімдер қабылдау және нақты шараларды іске асыру үшін бірегей мемлекетаралық алаң ретінде қабылдауда. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалық және 2010 жылы Астанада осы ұйымның саммитін өткізу қазақстандық дипломатияның ең ірі жетістіктерінің бірі болды. ЕҚЫҰ-дағы төрағалық Отанымыздың жылнамасына жарқын тармақ болып мәңгілікке енді, ал Астана саммиті XXI ғасырдың бірінші онжылдығындағы ең ірі халықаралық оқиғалардың біріне айналды. ЕҚЫҰ-ның құлдырап бара жатқан қызметін жаңа сатыға көтерді. Қазақстан ЕҚЫҰ-да посткеңестік елдердің ішінен және Орталық Азия республикалары арасынан алғаш төраға болған ел болғандықтан, ұйымның жұмысын жетілдіріп қана қоймай, оның және мүше мемлекеттердің көңілін аймақ мәселелеріне бұрып, өңірде көптен бері қордаланып қалған, күрмеуі қиын, барлығына ортақ сұрақтарды шешуге бұрғаны белгілі. Қазақстанның 2010-2011 жылдардағы Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы табысты болды. 2011 жылғы 15 маусымда Астанада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің мерейтойлық отырысы елімізді шырқау биікке көтерді. Саммит қорытындылары сыртқы саясаттың жаһандық және өңірлік мәселелерін шешудегі Қазақстанның рөлі мен орнын одан әрі жоғарылата түсті. 2011 жылғы Ислам ынтымақтастығы ұйымындағы төрағалығы аса үлкен табыспен өткені баршамызға белгілі. Қазақстан ұйымның жұмысына жаңа серпін беріп, ЕҚЫҰ-дағы табысты төрағалығының жеңістерін пайдалана отырып, ислам әлемі елдеріндегі қордаланған мәселелерді орнынан қозғауға барынша атсалысқаны белгілі. ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің Астанадағы кездесуі мұсылман қоғамдастығы үшін сол кезеңдегі ең ірі саяси оқиға қатарында есте қалды. Төрағалық барысында ислам әлемі мен Батыс арасындағы үнқатысуды кеңейтуді қоса алғанда, бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бергені белгілі.

Ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған шаралар

Еліміздің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайын шақыру туралы бастамасы халықаралық қақтығыстарды шешу және қазіргі кездегі қатерлерге қарсы тұру үшін әлемдік діндердің рухани және адамгершілік әлеуетін біріктірудегі Қазақстанның нақты үлесіне айналды. Қазақстанның сыртқы саясатында түркі әлемі халықтарының рухани мұрасын біріктіру және қайта құру мәселесіне елеулі мән берілуде. 2009 жылы қазанда Нахчыван қаласында (Әзербайжан) қол қойылған түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін (ТМЫК) құру туралы бастама көтерушілердің бірі де Қазақстан болды. Түркі академиясын құру сол мақсатқа қызмет етуде, оның ресми ашылуы 2010 жылы мамырда Астанада өтті. 2011 жылдың қазанында Алматыда ТМЫК-ның алғашқы саммиті ұйымдастырылды. Оның жұмысының қорытындылары бойынша қатысушылар түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған Алматы декларациясын қабылдады. 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қойылды. Келесі жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі болды. 2016 жылы Қазақстан Орталық Азияның елдері ішінде бірінші болып БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі, сондай-ақ 2022-2024 жылдарға БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болып сайланды. Алғаш рет Қазақстанның астанасында «EXPO-2017» көрмесі ұйымдастырылды. Аталған көрме 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында Астанада өтті. Оны тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллион адам келді. Ал көрмені өткізуге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. 2018 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті. Төрағалықтың негізгі мақсаты Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша құжат қабылдау болды. Кеңестің тұрақты емес мүшелері бұл қызметке кезекпен кіріседі. 12 тамызда Ақтауда 5-ші Каспий саммиті өтіп, оған теңіз жағалауындағы Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан елдерінің президенттері қатысты. Дәл осы алқалы жиын барысында 25 жылдан бері күрмеуі күрделі проблемаға айналып келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалған болатын. Қорыта келгенде, отыз жылдан аса уақыт ішінде еліміз басынан үш дағдарысты өткерген екен. Аталған қиын-қыстау кезеңдер еліміздің шыдамдылығы мен төзімділігін қайрап, бүгіндері біздің Еуразиялық экономикикалық кеңістікті құру секілді бірқатар басым батыл қадамдармен алға жетелеуде. Отыз жылдан аса уақыт ішінде кемеңгерлікпен, салиқалылықпен табысты жүргізілген көпвекторлы сыртқы саясатымыз бен дипломатиялық қызметіміз өте нәтижелі және сәтті болуда деп айтуға толық негіз бар.  

Дайындаған

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар