Жылдың төрт мезгілінде де бел жазып, тыным алмайтын ауылшаруашылық қызметкерлері қараша айының екінші жартысында келетін мерекелерін жыл сайын асыға күтеді. Күзгі жиын-терін аяқталысымен атап өтілетін ауылшаруашылық қызметкерлерінің күні кеше Тараз қаласындағы қалалық мәдениет үйінде бар сән-салтанатымен өтті. Жүздерін күн қаққан дала еңбеккерлері, жеке шаруашылық құрылымдарының жетекшілері, ауыл, аудан әкімдері, аграрлық салаға үлес қосып жүрген барша жұрттың алдында облыс орталығының өнерпаздары ән-жырдың тиегін ағытты. Тал шыбықтай иіліп, мың бұрала билеген биші арулардың өнері де еңбек адамдарын тәнті етіп, дүркін-дүркін қол соғумен болды.
Облыс ауылшаруашылығы саласының 2014 жылдың қортындысына арналған бейнеқойылымынан-ақ елден келген азаматтар саладағы ұлан-ғайыр жетістікті лэд-экраннан тамашалады. Аграрлы өңірдің жеткен жетістігі, алған биігі тәжірибелі операторлардың түсірілімінен әр жүрекке жетіп жатты. Облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев өңір шаңырақ көтерген сонау 1939 жылдан бастап аграрлық саланың үздіксіз дамып келе жатқанын, Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындаудағы атқарылып жатқан тірліктерді, ауылшаруашылығы саласына арналған жобалардың өңірде жүзеге асуы жайында нақты цифрларды келтіре отырып, кеңінен баяндады. Облыстың бас аграрының назарынан ауылшаруашылық саласының дамуына, өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аға буын ардагерлер де тыс қалған жоқ. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов сөз алды. – Баяндамашы саланың жеткен жетістіктері мен орын алған кемшіліктерді, алға қойған мақсат, міндеттер туралы толық айтып берді. Расында да биыл біздің дихандарымыз үшін оңай жыл болған жоқ. Ауа райының қолайсыздығы егін шаруашылығының өнімін өсіруге айтарлықтай әсерін тигізіп, масақты дәнді дақылдардың түсімділігі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге азайды. Дегенмен, суармалы жерлерден алынған өнім, мал шаруашылығында қол жеткізген табыс ауылшаруашылығының жалпы өнімінің нақты индекс көлемін өткен жылдың деңгейінен төмендетпеуге мүмкіндік берді. Азық-түлік қауіпсіздігі бүгінде ең алаңдатарлық мәселенің бірі болып отыр. Алайда, мұны шешуде еліміздің де, облысымыздың да әлеуеті орасан. Сондықтан алдағы уақытта «Агробизнес-2020» бағдарламасының қаржыландыру тетіктерін шаруаларға кеңінен түсіндіру, құжаттарын дайындауға жан-жақты көмек көрсету арқылы олардың осы қаржыға қол жеткізуіне мейлінше жағдай туғызу қажет. Ірі қара мал етінің экспортын арттыру, «Сыбаға», «Алтын сақа», «Құлан» және барлық бағыттағы субсидияландыру мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдаланып, ауылшаруашылығын жаппай жаңғыртуға күш-жігерімізді аямай жұмсауымыз керек. Қазіргі таңда келер жылдың өніміне дайындықты күшейту, мал қыстату науқанын ұйымшылдықпен өткізу жауапты міндет екенін әркімнің түсінгені абзал. Азық-түлік бағасының шарықтап кетпеуі, оның жетіспеушілігін болдырмау аса маңызды. Үкімет нан бағасын тұрақтандыру үшін келесі жылдың қазан айына дейін арзандатылған бидай босату жөнінде шешім қабылдады. Субсидиялауға тиісті қаржы бөлді. Осы нұсқауды қатаң орындау барлық деңгейдегі әкімдердің жауапкершілігінде, – деді. Қалижан Серікұлы одан әрі әлеуметтік маңызы бар 33 азық-түлік тауардың 26 түрі облыстық тұрақтандыру қорына сатып алынғанын еске салып, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 100 миллион теңге бөлінгенін айтты. Сондықтан аудандарда азық-түлік тауарлары бағаларының өсуіне жол бермеу үшін облыстық тұрақтандыру қорының өнімін кеңінен пайдалану қажет екенін де еске салды. Облыс әкімінің орынбасарының пайымдауынша ауыл шаруашылығы саласының алдында аса ауқымды міндеттер тұр.Оны орындау сала қызметкерлері мен билікте жүрген азаматтардың төл міндеті екенін де ескертіп өткен ол, бүгін жиын-терінді аяқтап, алдағы жылға үміт артқан мерекелі күн екеніне назар аударды. «Cіздер қажырлы еңбектеріңізбен еліміздің экономикасының дамуына ғана емес, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлес қосып келесіздер. Осы күні баршаңызды мерекемен құттықтап, шын жүректен зор денсаулық, бақыт, бейбітшілік тілеймін!», – деді. Одан кейін ол бірқатар шаруашылық құрылымдарының жетекшілеріне, ғылыми институттардың басшыларына, мемлекеттік қызметкерлерге, қарапайым шаруаларға облыс әкімінің Құрмет грамотасын, Алғыс хатын, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін және Құрмет грамоталарын тапсырды. Ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілері арасында дәстүрлі конкурс қорытындысымен ең үздік шыққан Т. Рысқұлов ауданындағы «Луговой жылқы зауыты» ЖШС – бірінші, Сарысу ауданындағы «Игілік» өндірістік кооперативі – екінші және Қордай ауданындағы «Алмаз» шаруа қожалығы жүлделі үшінші орынды иеленді. Бірінші және екінші орын алған шаруашылықтарға сыйлыққа «МТЗ-1221,2» және «МТЗ-82» тракторлары берілсе, қордайлық шаруа «Нива» жеңіл автокөлігін мініп қайтты.Тағы бір топ еңбек озаты облыстық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясының, облыстық ауыл-шаруашылық қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының грамоталарымен марапатталды. Ауылшаруашылығы саласына жаңа технологиялар мен озық ғылыми жаңалықтар енгізген, аграрлық сала жетістіктерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттауда белсенділік танытқан ғалымдар мен журналистер де марапатқа ие болды.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді