«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аудандардағы ахуал айтарлықтай жақсарған

Аудандардағы ахуал айтарлықтай жақсарған
ашық дереккөз
Аудандардағы ахуал айтарлықтай жақсарған
Жайлылық дегеніміз – ең әуелі тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмысты істеуге қолайлы елді мекенде сапалы инфрақұрылымның болуы. Осы бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бүгінде аймақта табысты іске асып келеді. Әуелі Шу ауданында тұрғын үй бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ. Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың айтуынша, Шу қаласында 80 пәтерлі бір көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Инженерлік-инфрақұрылымдық желімен «Жетісу» шағынауданындағы 80 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйге 197 миллион теңге қажеттігі анықталып, ұсыныс берілген. Жыл соңына дейін қосымша 20 нысанның мемлекеттік сараптамалары дайын болады деп жоспарланған. Оның жобалық құны 11,3 миллиард теңгеге жетіп отыр. Сондай-ақ мәдениет үйін Белбасар мен Ақтөбе ауылдарында салу, Жаңажол ауылынан бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының құрылысын жүргізу, Шу қаласының кәріз жүйесін ретке келтіру үшін сараптамалық қорытындысы алынды. – Алдағы үш жылда атқарылатын жұмыс жоспары ауқымды. Атап айтсақ, алдағы жылдары Жайсан, Жиенбет, Еңбек, Тасөткел, Бөлтірік ауылы, Жайсан және Горгаз шағынаудандарын таза ауыз сумен қамту және Бірлік, Жайсан ауылына кіреберістегі аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеуден өткізу үшін сараптамалық қорытындысы жақында алынады. Ал білім нысаны бойынша Макаренко, Абай, Естемесов, Мойынқұм, Т.Рысқұлов атындағы орта мектептерді жөндеуден өткіземіз. Бұдан бөлек, білім саласына қажетті қолымызда 25 жоба бар, – дейді Сәкен Арубаев. Бүгінгі таңда Шу ауданында баспана мәселесі де өзекті болып тұр. «Ауданда тұрғын үй кезегінде 1844 азамат тұр. Шу қаласынан 80 пәтерлік 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына бюджеттік өтінім берілген. Жетісу шағынауданында көпқабатты пәтерді салуға 2,8 миллиард теңге қажет. Бұл жобалар республикалық бюджеттен қолдау табатын болса, 240 азаматты тұрғын үймен қамтитын боламыз. Сонымен қатар Шу қаласындағы әскери қалашықта күрделі жөндеуді қажет ететін әрқайсысы 75 пәтерден тұратын 4 көпқабатты тұрғын үй бар. Бүгінгі таңда тұрғын үйді жөндеуден өткізіп, пайдалануға берудің басқа да жолдары қарастырылуда. Аталған мәселелер оңтайлы шешімін тапса, тұрғын үй қажеттілігі 540 адамға азаяды», дейді аудан әкімі. «Асар» жобасы арқылы да тұрғын үй мәселесі оң шешімін тауып келеді. Атап айтсақ, ағымдағы жылы «Асар» жобасы аясында 4 үй мұқтаж деп танылған отбасыларға берілсе, алда 7 үйдің кілті иелеріне тапсырылды. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 62 маманды тұрғын үймен қамту жоспарланса, бүгінгі таңда оның 42-сі баспанамен қамтылған. Сонымен қатар жер телімі кезегінде тұрған 6484 азамат бар. Олардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында аудандағы Алға ауылында 210, Төле би ауылында 859 азаматқа тұрғын үй салу үшін жер телімі берілген. Ал Шу қаласынан 1449 азаматқа жер телімін беру қаралуда екен. Аудандағы 35 елді мекеннің бүгінгі таңда 9-ы таза ауыз сумен қамтылмаған. Елді мекендерді таза ауыз сумен қамту бойынша 17 жоба жасалған. Биыл Көкқайнар, Сауытбек, Көктөбе, Еңбекші, Ақтөбе ауылдары мен «Қант зауыты» шағынауданына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. «Алдағы жылы Төле би ауылын тіршілік нәрімен толық қамту жоспарлануда. Арғы жылы Шу қаласындағы Горгаз, Жайсан шағынауданы, Алайғыр стансасына модульді су стансасын сатып алу жоспарлануда. Одан кейінгі жылы Бөлтірік, Жиенбет, Еңбек ауылдары таза ауыз сумен қамтылып, Құлақшын стансасы мен Көкжиек ауылына модульді су стансасы салынады. Жоспарлағанымыздай жұмыстар аяқталар болса, ауыз су мәселесі 2025 жылы түбегейлі шешімін таппақ», дейді аудан басшысы. Көгілдір отын жайына келер болсақ, ауданда 12 елді мекенге газ құбыры жүргізілмеген. Бүгінгі таңда Мойынқұм, Еңбек, Жиенбет ауылдарына газ құбыры тартылуда. Биыл Балуан Шолақ, Бәйдібек, Бөлтірік, Далақайнар, Шоқпар ауылдарына және Шоқпар бекетіне магистральды газ құбыры жеткізілуде. Бұл жұмыстар келесі жылға өтпелі екенін айта кеткен жөн. Ал Тараз қаласының іргесіндегі Жамбыл ауданындағы ахуалға тоқталар болсақ, аталған ауданда бүгінгі таңда қолайлы инвестициялық көрсеткіш қалыптасып отыр. Биыл Жамбыл ауданында жалпы құны 4,2 миллиард теңгені құрайтын 17 бюджеттік инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, Айша бибі, Шоқай ауылдарында мектеп құрылысы, Бесағаш, Түрксіб, Қаракемер елді мекендерінде ауыз су құбыры, Аса ауылында кәріз жүйесін қалпына келтіру, 13 елді мекенге магистральды газ құбырын тарту, 3 ауылда учаскелік полиция пункті ғимаратын салу, 5 елді мекенде спорт кешенін салу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, биыл және алдағы жылы іске асырылатын жалпы құны 5,6 миллиард теңгені құрайтын 11 жобаның құжаттары қаржыландыруға дайын. Ал 2023-2025 жылдары іске асыруға 15 жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, ауданда тұрғын үй кезегінде 1812 адам тұр екен. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 76 пәтерлі бір көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпбалалы аналарға 5, «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 4 пәтердің сертификаты беріліп отыр. Бұдан бөлек, 2022-2023 жылдары 80 пәтерлі 4 үйдің (320 пәтер) құжаттары қаржыландыруға ұсынылған. Қосымша 2023-2024 жылдарға 2 тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде (160 пәтер). Аталған 6 тұрғын үй пайдалануға берілген жағдайда кезектілік 33,5 пайызға төмендеп, 480 адам баспанамен қамтылмақ. Ал «Асар» жобасы аясында 9 тұрғын үйдің құрылысы басталып, бүгінгі таңда 3 баспана иелерін тапқан. «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде 5 маманға тұрғын үй алулары үшін қаржы бөлінген. – Ауданда жер телімін алуға 13876 адам кезекте тұр. Өткен жылы 7 елді мекеннің жаңа тұрғын үй алқабына электр желісі, су, газ тартылып, кезектілікке сәйкес барлығы 1053 жер телімі берілген болатын. Биыл Аса ауылында кезекте тұрған 811 адамға жер телімін беру үшін жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін жүргізу мен тас жолын төсеуге қаржы қарастырылуда. Үш елді мекендегі кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үй құрылысына жер телімін беруге инженерлік-инфрақұрылым жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар жерді аудан әкімдігінің теңгеріміне алу мақсатында тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда, – дейді Ерлан Қыдыралыұлы. Аудандағы 42 елді мекеннің 30-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Ауыз сумен қамтылмаған 12 елді мекен ғана қалып отыр. Биыл екі елді мекенде ауыз су құбырының құрылыс жұмыстары аяқталса (Бесағаш, Түрксіб), Қаракемер ауылында ауыз су құбырының құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Төрт шағын ауыл суды тазартудың жеке блок модульдік қондырғыларын орнату арқылы таза ауыз сумен қамту көзделген. Нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 37-ге, қамтылу деңгейі 88 пайызға жетпек. «Алдағы жылы төрт елді мекенді ауыз сумен қамту көзделген. Бүгінгі таңда бұл мақсатта нысандардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Жобалық құжаттары толығымен аяқталысымен, қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылады. 2024-2025 жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасымен 2004 жылы қайта жаңғыртудан өткен Өрнек, Ерназар ауылдарының ауыз су мұнараларын жаңғырту жоспарланған», дейді аудан басшысы. Аудан бойынша 42 елді мекеннің 29-ы табиғи газ жүйесімен қамтылған. Магистральды газ құбырының құрылысы аяқталып, елді мекенге қосу жұмыстары ұйымдастырылуда. Нәтижесінде 9 елді мекен газбен қамтылып, көрсеткіш 90,5 пайызға жетпек. Қалған үш елді мекенді газбен қамту үшін аудан тарапынан жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде екен. Бүгін екі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары аудандағы тұрғын үй, ауыз су мен газ мәселесіне тоқталдық. Бастысы – екі ауданда да ілгерілеу бар. Ел үшін жасалған жобалардың игілігін ел көруде.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

Ұқсас жаңалықтар