Болашаққа қойылған ескерткіш

Болашаққа қойылған ескерткіш
ашық дереккөз
Болашаққа қойылған ескерткіш

Мемлекет басшысы әр жағдайды тереңнен ойлайтын, мәселенің арғы жағын алдын ала көріп, танитын кісі. Бүгін ел Президенті барлық қазақстандықтар үшін маңызды орын – қаңтар оқиғаларының құрбандарына арналған мемориалды ашты.

Бұл мемориал қаңтар оқиғасына ғана емес, еліміздің тәуелсіздігінің күрделі жолы туралы ескерткіш. Мұны осылай түсінген жөн. Мемориал – еліміздегі сәулет өнерінің көрнекті нысаны. Бұл болашақ ұрпақтың ондай оқиғаға бармауы керектігін еске салады.

Ескерткіштің өн бойында азап, үміт, ұрпақты бейбітшілік пен ынтымаққа шақырған қадам, бабаларымыздың еркіндік үшін күресі бәрі-бәрі көрініп тұр. Мұндағы қара, сұр және ақ стелалар жақсылық пен жамандық арасындағы қақтығысты, соңында жақсылықтың қанат жаятын оң қадамын көрсетеді.

Мұнда болашаққа деген тәуелсіз мемлекетіміздің құтты қадамы жатыр. Еліміздің батырын бағалаған қасиет, бейбіт жолмен өздерінің талаптарын қойған халық өкілдеріне деген ізгі құрмет жатыр.

Әуелгі ойдың бәрі бейбіт болғанымен, қарақшылық топтардың араласуымен күрделеніп кеткен оқиғаны таразылау, тарихқа қалдыру бағытындағы қадамдарды да біз осы ескерткіш арқылы аңғарып отырмыз. Қарақшылармен қақтығыс кезінде ерлік көрсетіп, опат болған ержүрек ұландарымызға тағзым да осында жатыр. Сондықтан бұл елдігімізді танытатын ескерткіш. Сондықтан Мемлекет басшысы ашқан ескерткіш жас ұрпаққа жақсы әсер сыйласын. Сол ескерткіш маңында елдігімізді танытатын патриоттық іс-шаралар көбірек өтіп тұрса, өте ізгі іс болады деп ойлаймын.

Сөз соңында жас ұрпаққа айтарым, енді ондай қасірет болмасын. Әрқашан айымыз оңынан тусын, жұлдызымыз биіктен жарқырасын. Мен мінекей, 75 жасқа келген ақсақал, ардагерлер ұйымының көшбасшысы ретінде тәуелсіз елімнің ертеңіне ұлағатты жол, жас ұрпақтарға сәтті қадам тілеймін! Қаңтар қасіреті ешқашан қайталанбай, еліміз бейбіт дами берсін деген тілегім бар.

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,

Жамбыл облысының

Құрметті азаматы,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар