Бөлінген қаржы бұқараның игілігіне жұмсалды
Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – бюджеттен бөлінген қаржыны шашау шығармай игеріп, ел игілігіне жарату. Қаржыны бөлдіру бір бөлек, оны қажетке жаратып, жобасын жүзеге асыру да үлкен шаруа. Сол себепті «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша облысқа бөлінген қыруар қаржының қалай игеріліп жатқанын біліп қайту мақсатында бірқатар ауданға жол тартып едік.
Ауылды жарылқайтын жарлық
Сәл кейінге көз жүгіртсек, ҚР Тұңғыш Президенті – Н.Назарбаевтың 2019 жылғы 27 ақпандағы бұрынғы «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде еліміздегі 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту мақсатында перспективалы ауылдарды іріктеп, сол ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та 2019 жылы 15 қазанда өткен жиналыста осы мәселе бойынша нақты жұмысты ұйымдастыру керектігін атап өткен еді. Жуырда өткен президентті ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде де Қасым-Жомарт Кемелұлы ауылды түлетуге тағы бес жыл бойы көңіл бөлінетінін айрықша атап өтті. «Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз» деп ауылдықтарға айрықша қуаныш сыйлаған Жарлығына қол қойды. Біз Мойынқұмға барғанда да тұрғындардың сөздерінен сол қуанышты байқадық. Өйткені жерінің басым бөлігі құмды, шөлейтті келетін ауданның ауыл шаруашылығына, елдің тіршілігіне шын мәнінде айрықша көңіл бөліну керек. Әрине бұған дейін де түрлі мемлекеттік, салалық бағдарламалар болды. Бірақ табиғаты егін шаруашылығына қолайсыздау ауданда ол бағдарламалар құмға сіңген судай болып келді. Бұл ауданның шаруашылығын Жуалы, Меркі, Қордай сынды аграрлы өңірлермен салыстыра аламаймыз. Сондықтан мұнда мүмкіндігінше ұзақ жылдық жобалар жүзеге асқаны абзал. Ал «Ауыл – Ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген. Міне, кезінде шопандардың маршалы атанған Жазылбек Қуанышбаев қойнауын мыңғырған малға толтырған Мойынқұм жеріне бүгінде осындай кешенді жұмыстар керек-ақ. Әлеуметтік жәрдемақылармен халықты алдарқата салу мәселені түбегейлі шешпесі анық.Жаз-Ата жеріндегі жақсы істер
Жалпы еліміз бойынша 6,5 мыңға жуық ауылдық елді мекенде 7,7 миллиондай адам немесе ел тұрғындарының 42 пайызға жуығы тұрады. Еліміздегі жер көлемі ең үлкен аудандардың бірі саналатын Мойынқұмда да қазіргі таңда шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер бар. Еліміздегі ауылдардың жартысынан астамындағы сияқты Жаз-ата ауылында да көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді, кей ауылдарда ауызсу, инженерлік желілер тозған. Осы мақсатта біраз жылдан бері алдымен қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы есебінен аудан инфрақұрылымын жаңғырту қолға алынып келеді. Аудан әкім Әлихан Балқыбеков бізді кабинетінде қабылдап, өңірдің тыныс-тіршілігін, мал-жанның амандығын тілге тиек етті. Аудан басшысына келген мақсатымызды түсіндіріп, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша ел игілігіне беріліп жатқан нысандар жайын сұрадық. – 2022 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Мойынқұм ауданында жалпы сомасы 1368 миллион теңгені құрайтын жаңа 9 жоба (мәдениет саласы – 2, спорт саласы – 2, денсаулық сақтау саласы – 2, ауылішілік жолдарды жөндеу – 2 және білім саласы 1 жоба) іске асырылатын болады. Оның ішінде 1 жоба 2023 жылға өтпелі. Атап айтқанда, Шығанақ ауылында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жобаның сметалық құны 380,7 миллион теңге болды. Оның ішінде Ұлттық қордан – 342,6 миллион, аудандық бюджеттен 38,1 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жұмыстар атқарылуда. Нысан биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Биназар ауылында фельдшерлік-акушерлік тірек құрылысы жобасын жүзеге асырдық, құны 75,7 миллион теңге. Келісімшарт сомасы 75,3 миллион теңге. Оның ішінде Ұлттық қордан 68,1 миллион, облыстық бюджеттен 7,2 миллион теңге бөлініп, жұмыстар ойдағыдай аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Бірлік ауылында дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуден өткіздік. Жобаның сметалық құны 24,3 миллион теңге болды. Ал келісімшарт сомасы 22,6 миллион теңге. Оның ішінде Ұлттық қордан 20,3 миллион теңге, облыстық бюджеттен 2,3 миллион теңге бөлініп, нысан пайдалануға берілді. Биназар ауылында тұрғындар мәдениет үйінен қиындық көріп жүр еді. Жоба аясында мәдени клуб күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді. Жобаның сметалық құны 49,1 миллион теңгеге шықты. Келісімшарт сомасы 46,5 миллион теңге. Мыңарал ауылында да мәдени клуб күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Жобалық-сметалық құны 103,9 миллион теңге болған жобаның жұмыстары толығымен аяқталып, нысан ел игілігіне берілді. Айдарлы ауылында жол жөндедік. Жалпы ұзындығы 1,99 шақырымды құрайтын 2 көшенің жолдарына 46,7 миллион теңге кетті. Әзірге жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Мердігерлер осы жылдың соңына дейін пайдалануға береміз деп отыр. Айдарлы ауылындағы жалпы ұзындығы 2,94 шақырымды құрайтын 3 көшенің жолдарын (Биназар көшесі – 1,6 шақырым, Ахметжанов көшесі – 0,68 шақырым және Есей көшесі – 0,66 шақырым) орташа жөндеуден өткіздік. Жобаның сметалық құны 67,4 миллион теңге болды. Келісімшарт сомасы 64,9 миллион теңгені құрады. Оның ішінде Ұлттық қордан 58,5 миллион теңге, аудандық бюджеттен 6,4 миллион теңге бөлінді. Бұл күнде жұмыстар толығымен аяқталып, нысан пайдалануға беріліп қойды. Сондай-ақ осы Айдарлы ауылында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын қолға алғанбыз. Жобаның сметалық құны 359,2 миллион теңгеге бағаланып, жұмыс басталып кеткен. Биылға 189,2 миллион теңге қаралған. Оның ішінде Ұлттық қордан 170,3 миллион теңге, аудандық бюджеттен 18,9 миллион теңге бөлінді. Жоба келесі жылға өтпелі болғандықтан, құрылыс жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ. Мойынқұм ауылындағы Т.Рысқұлов тірек мектебінің ғимараты күрделі жөндеуді қажет ететін. Осы бағдарлама аясында бұл мәселенің шешімі табылды. Жобаның сметалық құны 260,9 миллион теңгені құрап отыр. Бұл нысанды мердігер компания жыл соңына дейін пайдалануға береміз деп отыр. Сонымен қатар былтырдан келе жатқан екі өтпелі жобамыз бар. Олар Бірлік ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы мен Мойынқұм ауылындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жобасы. Бірліктегі жобаның сметалық құны 322,3 миллион теңге. Құрылыс жұмыстар әлі атқарылып жатыр. Бұйыртса биыл жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Ал Мойынқұм ауылындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстарының жобалық сметалық құны 204,7 миллион теңгені құрап, жұмыстар толығымен аяқталып, нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілді, – дейді аудан басшысы.Болашағы бар ауыл
Аудан орталығынан шығып, Құмөзекке жол тарттық. Құмның ортасына салынған тақтайдай тегіс жол ауылға лезде-ақ жеткізді. Экспедициялық топты орта мектепке аудан әкімі Әлихан Балқыбековтің өзі ауылдық бастап барды. Онда мектеп ұжымымен жүздесіп, мәжіліс залында шағын кездесу ұйымдастырдық. – 2005 жылдан бері ауылдың тыныс-тіршілігі, келбеті біраз дұрысталып, қайтадан өз қалпына келгеннен кейін халықтың сыртқа үдере көшуі тоқтап, жастардың отау құруы, нәрестелердің дүниеге келуі көрсеткіші де алға басып келеді. Десе де мұнда өндіріс орны жоқ, сондықтан жұмыссыздық мәселесін де жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ, ежелден ата кәсіп – мал шаруашылығынан ырзығын көріп келе жатқан ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайы жақсы. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған пилоттық жоба бұған дейін Айдарлы ауылдық округінде іске асты, биыл Биназар ауылдық округінде жүзеге асырылмақшы. Бұйыртса алдағы жылдары өз кезегімен біздің ауылдың шаруалары да осы жоба аясында кооперативке бірігіп, жеңілдетілген несие алып шапағатын көрмек, – дейді ауылдық округ әкімі Бағдат Сатыбалдиев. 126 түтіні, 750-дей тұрғыны бар округте бүгінде әлеуметтік аз қамтылған екі ғана отбасы бар екен. Олар мемлекет тарапынан жұмыспен қамтылыпты. Ал мектептегі оқушы санының артып келе жатқаны қуантатындай-ақ жағдай. Биыл даярлық сыныбына 14 бала келіпті. Ауыл мектебінің директоры Қайрат Құрымбаевтың айтуынша, алдыңғы жылдары мектеп табалдырығын алғаш аттаған балалар саны аз болған екен. Бала санының көбейіп жатқаны мұндағы тіршіліктің тіктелгенін аңғартса керек.Шудың шырайы кіріп келеді
Сондай-ақ бұл күні Шу ауданының Абай, Қонаев ауылдарына да ат басын бұрдық. Абайда тұрғындар тілегін тыңдасақ, Қонаев ауылындағы биыл ашылған су жаңа мәдениет үйінің ішін аралап көрдік. Бұл нысан «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен салынып отыр. Күннің батып бара жатқан кезі, ел мал жайғауға кіріскен. Кешкі абыр-сабырда жұрттың берекесін алмайық деп жиналысқа жинамадық. Тек биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен бой көтерген ауылдық Мәдениет үйіне бас сұқтық. Нысан құрылысына 362 миллион теңге жұмсалыпты. Құрылысы былтыр басталып, биыл жазда біткен. 30 тамыз – Конституция күні қарсаңында алқызыл лентасы қиылып, ауыл тұрғындарының игілігіне табысталған болатын. Мәдениет ошағы 180 орындық. Экпедициямыздың мақсаты – ауылда атқарылып жатқан жұмыстарды көптің назарына, түйткілді мәселелерін биліктің назарына жеткізу. Сол себепті Шу ауданында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының іске асу барысына көз жүгіртіп көрдік. Бұл ауданда пилоттық округ ретінде Бірлікүстем ауылдық округі белгіленіпті. Құрылған «Марғұлан» кооперативін Әлхан Ағыбетов басқарып отыр. – 5 бағытты жобаға қатысуға тұрғындар 452 аула бойынша ниет білдірген. Жалпы сомасы 617,5 миллион теңгені құрайтын өтініштер негізінде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 567,528 миллион теңгеге 102 өтінім берілді. ІІ бағыт – ауладағы мал шарушылығын тиімді пайдалану бойынша 101 өтінім болған. Олардың құны – 559,928 миллион теңге. Ал V бағыт, яғни тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыру бойынша – 1 өтінім. Ол – техника жөндеу орталығы, құны – 7,6 миллион теңге, – дейді аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев. Б.Бетбаев сондай-ақ өзге де бағыттар аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. – I бағытқа келсек, жері бар аула саны – 327 (56 гектар). Бірлікүстем ауылдық округіне қарасты үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бойынша 48 гектар жерді игеру мақсатында 271 аула қамтылады. Мұнда негізінен үй іргесіндегі жерлердің тиімділігін арттыру бойынша 1 айналыммен қызанақ, қияр дақылдары егіледі. Оған қажетті қаражат 3 миллион теңгені құрды. Оған қоса 2 жылыжай салу жоспарланған. Жалпы қажетті қаражат – 18 миллион теңге. II бағыт – ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану арқылы табыс табуды көздейді. Аауылдағы 170 аулада 8 657 мал бар екен. Бұл бағыт бойынша жобаға 250 аула қатысуға ниетті. Қажетті қаражат 409,6 миллион теңге болып тұр. III бағыт – тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану. Бірлікүстем ауылдық округі бойынша құрылған «Марғұлан» кооперативінде әзірге 4 шаруа қожалығынан құралған 820 гектар жер бар. Оның ішіндегі 470 гектары тәлімі егістік жер болса, 350 гектары жайылым. Кооператив 2023 жылдың өніміне 470 гектар жерге 180 гектар күздік бидай, 150 гектар жаздық арпа, 40 гектар дәндік жүгері, 100 гектар көпжылдық шөп егуді жоспарлап отыр. Ол үшін айналымға 18,138 миллион теңге қаражат қажет. Кепілдікке кооперативтің базасы қойылады. IV бағыт кооперативтерді жабдықтау және құруды көздейді. «Марғұлан» ауыл шаруашылығы кооперативіне 69,050 миллион теңгеге 10 дана ауыл шаруашылығы техникаларын лизинг жүйесімен сатып алу жоспарлануда. V бағыт – кәсіпкерлікті дамыту. Ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытына 60,8 миллион теңгеге 8 жоба ұсынылып отыр, – дейді Шу ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша да ауданда қолға алынған шаруа баршылық. Жоғарыда Қонаев ауылындағы мәдениет үйі жайлы кеңінен баяндадық. Енді Абай ауылында да мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ үш ауылда көше жолдары жөнделмек. Осылайша тоғыз жолдың торабында жатқан Шу ауданындағы екі күндік сапарымыз көңілден шықты.Аграрлы ауданның айтулы тірлігі
Әулиеата аймағының ауыл шаруашылығының драйвері іспетті Қордай ауданы шаруаларының тірлігі қашанда қарбалас. Малға жайлы, егінге қолайлы Қордай жерінде болған сапарымызда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының іске асырылу барысына баса назар аудардық. Жұртшылықпен кездестік, әкімдерімен де амандық-саулық сұрастық. Қордай ауданы облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты, бизнес және агро секторы дамыған өлке. Кәсіпкерлігінің де өрісі кең. Сондықтан мұнда алып бара жатқан әлеуметтік күрделі мәселе жоқ. Дегенмен, мәңгілік ешнәрсе жоқ. Құлағалы тұрмаса да күрделі жөндеуді керек ететін көнерген әлеуметтік нысандар баршылық. Мәдениет үйлерінің де көп ауылда жұмысын тоқтатқалы қашан. Сол себепті биылға Қордай ауданы бойынша «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Үкімет 20 жобаға 3063,7 миллион теңге қаражат бөлген екен. Тізімге көз жүгіртсек қаржының көп бөлігі мәдениет үйлерінің құрылысына бағытталған сияқты. Аталаған 20 жобаның 14-іне биыл 1862,8 миллион теңге қаражат бөлініп, есепті кезеңде оның 60,5 пайызы, яғни 1127,3 миллион теңгесі игерілген. Жекелеп айтсақ, спорт саласында 3 жобаға – 659,3 миллион теңге қаражат қарастырылып, бүгінгі күнге игерілген қаражат 489,6 миллион теңге немесе 74 пайызды құрап отыр. Алдымен Қарасу ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына тоқталсақ. Бөлінген қаражат – 356,7 миллион теңге. Құрылыс келесі жылы толық аяқталатын болғандықтан қарастырылған қаражаттың биылға 171 миллион теңгесі ғана бөлініп, игерілген. Келер жылға қалғаны 166,9 миллион теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 133,1 миллион, аудандық бюджеттен 33,8 миллион теңге. Игерілген қаражат 130,6 миллион теңге немесе 88 пайызды құрайды. Карасай ауылында да дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерген. Құрылысқа бөлінген қаражат – 326,1 миллион теңге. Бұл өтпелі жобаның былтыр 143,5 миллион, биыл 166,9 миллион теңге қаражаты, яғни 90 пайызы игеріліпті. Ауқатты ауылына да керек нысанның бірі – дене шынықтыру-сауықтыру кешені еді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бұл олқылықтың орнын толтырып отыр. Республикалық бюджеттен 310,3 миллион, аудандық бюджеттен 34,4 миллион теңге бөлініп, оның 208,7 миллион теңгесі игеріліп, нысан пайдалануға берілудің алдында тұр. Мәдениет саласы бойынша Қордай ауданында 6 жоба қолға алынған. Жалпы бөлінген қаражат – 867,6 миллион теңге. Бүгінгі күнге игерілген қаражат 300,7 миллион теңге немесе 39 пайызды құрайды. Сондай-ақ Еңбек ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуіне 73,2 миллион теңге қаражат бөлініп, ол қаржы толығымен игеріліп, құрылыс жұмыстары да толығымен аяқталған. Сұлутөр ауылындағы мәдениет үйі де ескіліктің қалдығындай еді. Атқарушы билік оны күрделі жөндеуден өткізу керек деп шешіп, бюджеттен 82 миллион теңге қаржы бөлген. Оның 77,3 миллион теңгесі республикалық бюджеттен алынса, қалғаны аудандық бюджеттен бөлініп отыр. Бүгінде бөлінген қаражат толығымен игеріліп, жұмыс 100 пайызға аяқталыпты. Қордай ауылындағы аудандық Мәдениет үйі де биыл күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты жұмысын тоқтатты. Ондағы жұмыстарға 100,1 миллион теңге бөлініпті. Әзірге жұмыс толық аяқталмаған, қаражаттың 27,3 миллион теңгесі (27 пайыз) ғана игеріліп тұр. Сол сияқты, Қарасу ауылындағы 90 орындық мәдениет үйін салуға 161,5 миллион теңге, Қақпатас ауылында мәдениет үйін салуға 350 миллион теңге, Бетқайнар ауылында мәдениет үйін салуға 349,7 миллион тенге бөлінген. Бұл аталған нысандардың құрылысы әлі толық аяқталмаған. Жолдарды орташа жөндеу бойынша 5 жобаға бөлінген қаражат – 337 миллион теңгені құраған. Қаражат толығымен, 100 пайыз игерілген. Атап айтсақ, Кенен ауылындағы Жылыбаев және Қашағанов көшелерінің орташа жөндеуіне 53,2 миллион теңге қаражат бөлінген. Кенен ауылындағы Қордай және Еспаев көшелерінің орташа жөндеуіне бөлінген қаражат 52,5 миллион теңге. Осы ауылдағы Несіпбаев көшесінің орташа жөндеуіне де 51,8 миллион теңге бөлініп отыр. Отар ауылының көшелері де орташа жөндеуден өтіп жатыр. Оған бөлінген қаражат 99,2 миллион теңге. Жаңатұрмыс ауылы тұрғындары да көшелердің жөнделгеніне қуанып жүр. Ауылдағы Жамбыл, Қалманбет, Алмабек көшелерінің орташа жөндеуіне бөлінген қаражат аз емес – 80,1 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күнге жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Денсаулық сақтау саласы бойынша да қыруар қаржы бөлінген. 3 жобаның жобалық-сметалық құны 288,7 миллион теңгені құрады. Сұлутөр ауылында ауысымына 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысына 82 миллион теңге бөлініп, жұмыс аяқталып, нысан ел игілігіне беріліп қойды. Беріктас ауылында да биыл денсаулық сақтау саласында үлкен қуаныш. Ауысымына 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысына 75,2 миллион теңге бөлініп, қаражат толық игерілді. Отар ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу бөлінген қаражат 131,4 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күнге жұмыстар толығымен аяқталды. Білім беру саласы бойынша да 3 жобаға жүзеге асуда. Бұл бағытқа 912,2 миллион теңге қаражат бөлініпті. Бөлінген қаржы толығымен игеріліп, жұмыс та аяқталған. Атап айтсақ, Қордай ауылындағы №1 мектеп-гимназиясына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, Отар ауылында К.Әзірбаев атындағы №41 орта мектеп абаттандырылып, күрделі жөндеу жөндеу жұмыстарынан өтсе, Степное ауылындағы №24 орта мектеп күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауласы абаттандырылған. Экспедиция аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аудандық Мәдениет үйіне бас сұғып, Степное ауылындағы М.Әуезов атынлдағы №24 орта мектебіне де кірдік. Бұл білім ордасы биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен. Ауылдық округ әкімі Қайрат Жолдасбаев округтің жалпы жағдайымен таныстырып шықса, мектеп директоры Дарын Биғазиев оқушылардың оқу үлгерімі мен ұстаздар қауымының жағдайын қысқаша баяндап өтті. Жалпы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы ауыл-аймақтың ажарын кіргізіп, тіршілігіне қан жүгіртіп, болашағына үміт сыйлап отырған берекелі жоба болды. Өйткені осы игіліктің арқасында қаншама елді мекеннің есігіне қара құлып ілінген мәдениет үйіне жан бітіріп, тозып кеткен мектебі мен ауруханасын қайта тұрғызып берді. Ауызсуын алыстан тасып ішіп отырғандар тіршілік нәріне қол жеткізсе, өмірі асфальт көрмеген ойдым-ойдым жолдары бүгінде тақтайдай теп-тегіс. Не керек, «Ауыл – Ел бесігінің» арқасында алтын бесік – ауылымыз қайта түлеп жатыр.Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ,
журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді