- Advertisement -

Ақша жинауға да ақыл керек

222

- Advertisement -

Баланы табыс табуға қалай баулимыз?

Баяғыда бір отбасының жалғыз ұлы болыпты. Анасы оны үнемі еркелететін, ал бозбала үй тіршілігіне мүлдем көмектеспейтін. Алайда уақыты келгенде әкесі:

– Сен енді ержеттің, қалаға барып ақша тап, – дейді. Қамқор анасы өзінің «бөбегіне» тамақ салынған түйіншек дайындайды да, көрсетпей ішіне ақша салып жібереді.

Ұлы үйінен шығып жол тартты, бірақ қалаға емес, өзен маңындағы құмға барып, күні бойы жатып демалады. Сөйтеді де үйіне келіп, әкесіне анасының берген ақшасын ұсынады. Әкесі баласына олай-бұлай қарайды да:

– Жалған, сен бұл ақшаны еңбекпен тапқан жоқсың! – деп отқа тастай салады. Осылайша бірнеше күн қатарынан қайталанады. Сонда шешесі:

– Ұлым, сен ертең алыс тауға дейін бар, ал қайтарда жүгіріп кел. Үйге терлеп-тепшіп келгеніңде әкең сенің жұмыс істеп келгеніңе сенер, – дейді.

Бірақ бұл қулықтан кейін де ақша отқа лақтырылады. Сонымен жігіт шынымен жұмыс істеуге бел буады. Кешке үйге шаршап келгенде әдеттегідей әкесіне тапқан ақшасын береді. Ал ол қайта отқа тастайды. Ұлы еңбектеніп тапқан ақшасының жанып кететінін көргенде жалаң қолмен пештегі отқа қолын салып жібереді де:

– Мұныңыз не! Мен күні бойы еңбек етіп таптым, ал сіз болсаңыз, оларды отқа тастайсыз, – дейді. Ақылды әке ештеңе айтпады. Барлығы да түсінікті болатын…

Балаға ақшаны жоқтан өзгеге жұмсамай, үлкен дүние сатып алу үшін жинауға қалай үйретуге болады? Сол сиқырлы қағаздар пайда болу үшін бала ең алдымен өзінің барлық істерін қарастырып, олардың әрқайсысынан пайда табуға тырысуы қажет. Баланың ата-анасынан алған қалта ақшасын үнемдеудің бірнеше жолы бар. Мәселен, ата-анаңыз ойын-сауыққа деп беретін ақшаны басқа шаруаға жұмсауыңызға болады. Сондай-ақ егер мектеп жақындау болса да оған көлікпен баратын болсаңыз, ата-анаңыздың жолақысына берген ақшаны қалтаңызға салып мектепке жаяу баруға болады.

Қаржыны қайда жинаймыз?

Балалар үшін ең қарапайым және көпшілік үшін ең бірінші қадам – бұл жинақ қобдишасы. Балалық шақта ақша жинауға арналған әшекейлі қобдишамыз немесе қарапайым қорап секілді дүниеміз болмаған адам сирек. Қалтаны ауырлататын ұсақ тиындарды жинастырып, белгілі бір уақыт аралығында біршама ақша жинауға болады. Әдетте жинақ қобдишаларын оған түскен ақшаны қобдишаны сындырмаса, ала алмайтындай етіп жасайды. Бұл ең қарабайыр әдіс және қомақты ақша жинау үшін жарауы екіталай. Оның үстіне негізгі масса құны кішігірім тиындарға келеді, бұл ақшаларды әрі қарай пайдалану ыңғайсыз. Бұл жай, үшінші сынып оқушысының футбол добын сатып алуға қаражат жинаудың ең оңтайлы нұсқасы.

Қомақты ақша жинаудың ең салмақты және дұрыс әдісі – банк салымы. Көптеген банктерде депозит шоттарын жасөспірімдер де аша алады. Ал банк салымға қосымша ересек адамға немесе бала атына пластикалық несие картасын береді. Осылайша 14 жастан бастап жасөспірім өзіне депозит рәсімдей алады. Біртіндеп ұялы телефоны арқылы-ақ шотқа ақша сала отырып, белгілі мерзімнен соң жинақталған ақша мен оған қоса пайыздарын алуға болады. Бұл жағдайда белгілі бір жағдайларда (салым түріне байланысты) ақшаны шоттан алуға болмайтынын таңдаған да жөн. Себебі барлық салынған ақша белгілі бір уақыттан соң жақсы сома түрінде қайтады.

Жақын адамдарыңызға сақтауға беру. Банк салымына ұқсас, бұл әдіс егер тұрақты түрде ақша айналымын жасау мүмкіндігі болмаған жағдайда ғана ұтымды. Жақын адамдарыңыз шұғыл қажеттілік жағдайында банктік тұрақтылықпен сізге ақшаны қайтарып беретін болса жақсы. Сондықтан ақшаңызды сеніп тапсыратын адамыңыз сенімді тұлға болғаны абзал.

Шетел валютасына айырбастау. Бұл әдіс ақша салымына өте ұқсас, алайда айырмасы бұл жағдайда ақша ақшаға айырбасталады. Мұның минусы – бағамды дәл басып айту мүмкін емес, сонымен қоса, сатып алу бағамы сату бағамынан әлдеқайда төмен болады. Сәйкесінше, ақшаның бір бөлігі тіпті елеусіз болса да желге ұшады. Тиімді тұсы, қаржы шетелдік валютада тұрған соң күнделікті тіршілікке жаратылып кетпейді. Екіншіден, курс бағасы өссе, қосымша жақсы табыс табуға мүмкіндік бар.

Жеке бюджетті жоспарлау негіздері

Жалпы қаржылай тәуелсіз болу үшін, ең алдымен, жеке бюджетті жақсылап жоспарлап алған жөн. Ол үшін біріншіден компания және отбасы бюджеті, олардың айырмасы неде екендігіне тоқталайық.

Кәсіпорын қаражатын басқару неге маңызды? Мұндай сауалға көп адамның бас қатыра бермейтіні белгілі. Ал жеке қаражатты басқару неге маңызды? Бұл туралы көптеген адамдарда түсіне бермейтіні, аса мән бермейтіні шындық. Бірақ көптеген сарапшылардың айтуынша, отбасы мен компания бюджетін жоспарлаудың айырмасы елеусіз. Тек ауқымы басқа, ал басқару қағидасы дәл сондай.

«Мен бюджет жасаймын, бірақ детальді емес, – дейді ірі зауыттың экономика жөніндегі директоры. – Таяудан бері мен Microsoft Money бағдарламасын қолданушы едім, бұл жеке шығындар құрылымын түсінуіме мүмкіндік берді. Қазір бюджет пен шығындар бақылауы жасалады, алайда детальді емес, мен әрбір ұсақ-түйекті ескермеймін. Меніңше, дәл бюджет құрылымын қадағалау қажет. Мен детальдерге баса назар аударуға кеңес бермеймін, себебі әрбір тиынды санап, барлығын үнемдеуге тырысасың, сонда бюджетті сақтау қиындайды, ал бағалы уақыт қоры қосымша үнемдеуге сарп етіледі. Шығындар құрылымын сақтау үшін мен алынатын ақша қаражатын бірнеше бөлікке бөлемін: бірінші бөлім

– жинақтау, екінші бөлім – ағымдағы шығындар, үшінші бөлім – демалыс, ойын-сауық және болжанбаған шығындар».

Бір ерлі-зайыпты жұбының отбасылық бюджетінің пайдасы туралы пікірі мынадай: «Біріншіден, бюджет ірі шығындарды, пәтер, көлік сатып алуды жоспарлауға және жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Яғни мен ағымдағы табыстар мен шығындардың мұны жасауға мүмкіндік беретінін анық көремін. Екіншіден, бұл өзімізді де шектен шықпауымызға көмектеседі. Түптеп келгенде, ағымдағы шығындарға жұмсалатын ақшаны санамауға да болады, бірақ бұл жағдайда ешқашан пәтер, көлік сатып ала алмайсың. Неге көптеген адамдар ірі дүниелер сатып алу үшін несие алады? Онда мәжбүрлі түрде банкке ақша қайтару қажет. Ал егер өзіңіз ағымдағы шығындарды бақылауға алсаңыз, несие алмауға да болады».

Компанияда сондай-ақ жеке бюджетті құрау кезінде жоспарлау шынында да қажет, себебі аз қаражатпен көздеген мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді. Ақшаны алуды дер кезінде жоспарлау дегеніміз – бірнеше қаржы институтының ішінен ең жақсы шарттарды ұсынғандарды таңдау болып табылады. Сатып алынатын дүниені алдын ала жоспарлау дегеніміз – көптеген ұсыныстардың ішінен ең пайдалысын таңдау қажет. Яғни бұл жеке қаражаттарыңызды тиімді шығындауға мүмкіндік береді.

Шын мәнісінде, өз жұмыскерлері үшін қосымша құн қалыптастырушы табысты, ақылды, білімді адамдардың өзінің жеке ақшасын мүлдем басқара алмауы түсініксіз.

Сірә, жеке әмиянға мұндай салғырт көзқарастың себепкері бүгінгі ұрпақ тәрбиеленген сол әлеуметтік ортасы болғаны ғой. Әр адам үшін барлығын мемлекет деңгейінде шешкен, жылжымайтын, мүлікке жекеменшік құқығы болмаған, қаржылық институттар дамымаған әлеуметтік ортада шынында да басқаратын ештеңе болған жоқ.

Қазір не болды? Нарық дамуда, нарықтың сан алуан кәсіпқой қатысушылары халыққа, атап айтқанда жеке тұлғаларға күннен-күнге көптеген қаржы өнімдерін ұсынуда. Халық табысы өсуде. Нәтижесінде көптеген адамдарда басқарылуы қажет активтер, пассивтер, табыстар, шығындар пайда болды. Көптеген адамдардың алдында ақша қайда кетіп жатыр, табыс пен шығынды қалайша теңестіруге болады, жинаған дұрыс па әлде несиеге алған дұрыс па, несиелеу бағдарламасын қалай таңдау қажет, бос ақшалай қаражатты қайда салған дұрыс деген проблемалар тұр.

Әрбір адам үшін қаржы нарығына шығып, қаржы сипатындағы кез келген қызметті, өнімді сатып алудың шынайы мүмкіндігі пайда болды. Бұл өз кезегінде қаржылық білім алудың қажеттілігін туындатты.

Ақшаны ұстай білу, қаржылық сауатты болу бүгінгі таңда өмірлік және қаржылық жағдайларына қарамастан, әрбір адам үшін қажет. Себебі білім дер кезінде мақсаттар мен артықшылықты анықтауға, жеке қаржылық жоспарларды іске асыруға мүмкіндік беретін дұрыс механизмдер мен құралдарды таңдау үшін қажетті қаржылық стратегияларды зерттеуге мүмкіндік береді.

«Жеке қаржыны басқару неліктен маңызды?» деген негізгі сұраққа «Біз не үшін өмір сүреміз?», «Қандай мақсаттарға жетуге тырысамыз?» деген қарсы сұрақ қою арқылы жауап табамыз. Мұнда ең басты ереже, мақсаттарды қисынға келтіру, ал жеке қаржыны жоспарлау және оларды басқару белгіленген мақсаттарға жету жолын көрсетуге көмектеседі. Қаржылық жоспарлау бізді көздеген мақсатымызға әкелетін ең оңтайлы бағытты нұсқайды.

Алайда мақсатқа жету барысында біздің түзу жолдан ауытқымағанымызды немесе егер жолдан адассақ, бағытты түзету үшін тұрақты мерзімділікпен біздің жоспарымыздың орындалуын қадағалау қажет және қаражатты басқару қажеттілігі де осы себептен туындаған.

Сыртқы ортаның және қаржы нарықтарының жағдайы үнемі өзгеріп отыратынына байланысты кенже қалмау үшін мүлдем жоспарсыз отырғанша, жеке қаражатты басқарудың азды-көпті болса да болғаны жақсы.

Ағылшын жасөспірімдері қалай ақша табады?

Ақша табу проблемасы тек қазақстандық жасөспірімдер үшін ғана емес, шетелдік құрдастары үшін де көкейкесті мәселе. Әрбір мемлекеттің өз шешімі бар. Ағылшын жасөспірімдері қандай жоспар ұсынады? Лондонның мектеп оқушысы Алиша Явитст өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ақша табу – кез келген ағылшын жасөспірімнің қолынан келетін іс екеніне сенімді екенін жазады. Сөйтіп, мұның 8 әдісін ұсынады:

  1. Репетитор. Сен өзің жақсы білетін пән бойынша аздаған ақы үшін өзің оқыта аласың немесе біреу үшін үй жұмысын орындай аласың.
  2. Курьер. Мектептен соң дүкенге кіріп, сатып алушыларға заттарын үйге жеткізуге көмектесуіңе әбден болады. Ол егде әйел, тіпті бизнесмен де болуы мүмкін.
  3. Лифтер. Екінші ауысымда оқитын жасөспірімдер таңертең лифтер болып жұмыс істей алады. Белгілі бір уақытта лифтіні қажетті қабатқа жеткізе отырып, ақша аласың.
  4. Жинау. Кейбір ағылшын тинейджерлері металл сынықтарын, бос бөтелке мен қағаздарды, жалпы, қайта өңделетін заттарды жинайды.
  5. Спорт жаттықтырушысы. Спорттың қандай да бір түрімен кәсіби деңгейде айналысатын жасөспірімдер сағаттық төлеммен адамдарды жаттықтыру арқылы өз машықтарын пайдалана алады.
  6. Көлік жуу. Автотұрақтарда жасөспірімдер көліктер жуа алады, алайда бұл үшін мықты қажыр мен еңбек ету қажет. Себебі көптеген көлік иелері олардың көліктерінің жақсы жуылғанын қалайды. Бұл қиын, бірақ табысы тәуірірек.
  7. Газет сатушы. Жасөспірімдер метро вагондарында, пойызда немесе көшеде газет сата алады.
  8. Қаланы жайластыру. Ағаш отырғызып, газон кесіп немесе клумбалар түптеп, жасөспірімдер жақсы табыс таба алады.

Өздеріңіз байқағандай, ағылшындық жастардың табыс табу жолдары жеткілікті. Бұл тізім мұнымен, әрине, шектелмейді. Осы секілді еліміздің жасөспірімдері мен жастары да «екі қолға бір күрек» табамын десе, оның түрлері өте көп.

 

 Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support