Әлемнің бекзат өнерінің бастау бұлағы саналатын ежелгі Рим, Флоренция шаһарлары, дәлірек айтқанда, Италия ренессанс дәуірімен, операсымен, феноменальды тенор, баритон дауыс иелерімен мақтанса, қазақ бір бойына сол дарынның, таланттың тұтас жиынтығын жиған Роза Бағлановасымен мақтана алады. Иә, ән мен сұлулық бәйгесiнiң тәжiн қатар киген Алаштың ай маңдайлы аруы, әлемдегi ең әдемi әйелдердiң бiрi, Ұлыбританияда әр жыл сайын өтетiн «Әлемнiң әйгiлi әйелдерi» атағын жеңiп алған мега-жұлдыз, ән әлемінің корифейі Алашқа ғана емес, әлемге әйгілі Роза Бағланованың дүниеден озғанына да бірер жылдың жүзі толды.
Халық қаһарманы туралы әрине аңыз көп. Соның бірі орыстың атақты композиторы Василий Павлович Соловьёв-Седойдың қазақтың бұлбұл үнді перизатына арнаған әні.
Ол туралы көзі тірісінде Роза Тәжібайқызының өзі: «Бiрде Мәскеуде кезектi ән сапарында «Ах, Самара-городокты», «Самовары-самопалы», «Темная ночь» әндерiн Борис Бэрнестен бұрын орындап шықтым. Соловьёв-Седой маған арнайы келiп, бетiмнен сүйiп: «Ты, черноглазая, я обязательно для тебя песню сочиню. Ты прекрасная...»! – дедi. Көп ұзамай «Тальяночка» әнiн жазды. Әнiн Соловьёв-Седойдың өзi жазса, сөзi ақын Андрей Фатьяновтыкi. Играй, играй, рассказывай, Тальяночка, сама О том, как черноглазая Свела с ума» деп әндеткені де есімде дейді. Елдің жүрегінде, жадында қатыгез адам ретінде сақталған Сталиннің өзі ән әлемінің алдында басын имеді емес пе? Бұл қазақ өнеріне деген құрмет екені анық. Қос бұрымына тамсанып, ұлттық киіміне де ілтипатын білдірген сол Сталин Роза Тәжібайқызы Будапеште «Ах, Самара-городокты» бебеулете шырқап, Кеңес Үкіметінің даңқын асырғаны үшін баладай қуанғаны да аңызға айналып үлгерді.
Бір күн – бір ән
«Жер бетiнде мен бармаған ел, ән айтпаған сахна аз шығар. Қай елге барсам да, сол елдiң бiр әнiн үйренiп қайтатынмын. Чехословакия сапарында бiр қарт адам iздеп келдi. Өзiн Новакпын деп таныстырды.Қолында менiң суретiм басылған журнал мен раушан гүлдестесi бар. Ол: «Қызым, даусыңды жұрт ерекше деп мақтайды. Мынау – менiң халқымның әнi «Биле-биле»! Достығымыздың белгiсi болсын, өз елiңе ала бар» деп, ән жазылған күйтабақты ұсынды. Әндi ақсақалмен қосылып бiрнеше рет қайталап айттым. Ертеңiне «Биле-биле» әнiн словак тiлiнде концертте орындадым. Көрермендер қошемет бiлдiрiп, залдағы халық маған бiрнеше мәрте қосылып, сахнадан жiбермей қойды. Мен айтып жүрген «Биле-биле» атты словак полькасының тарихы осындай. Сол сапарда Прага мен Вена қалаларында менiң екi метрлiк биiк портретiм iлiнiп тұрды. Венадағы кезектi концерт аяқталған соң 9-10 жастар шамасындағы бала мен жас әйел сахнаға көтерiлiп, маған баланың салған суретiн ұсынды. Ол менiң суретiм едi. Әйел былай дедi: «Балам көшеге iлiнген сiздiң суретiңiздi көрiп, маған балмұздақ әперме, менi мына тәтенiң концертiне апар деп, сiздiң афишадан көрген суретiңiздi салды. Сiзге ескерткiш болсын», – деп суретiмдi сыйға тартты дейді Алаштың мақтанышы. Иә, нағыз кәсіби әншіге жаңа әнді бойға сіңіріп, оны сахнаға алып шығу үшін бір күннің өзі жеткілікті екенін осыдан-ақ пайымдай түсеміз. АҚШ-та «Ах, Самара-городокты» оркестрге қосылып, орысша, ағылшынша, французша шырқағанда оған сол елдің алыптары «Азиялық экзотика» деп баға бергені де көп жайтты аңғартып тұрғандай. Әлемді мойындатып, жер жаһанға қазақ өнерін қиын қыстау дәуірдің өзінде танытып кеткен, соғыс жылдарында жауынгерлерге ерекше рух берген ұлт мақтанышының бұлбұл үнін сағынбау мүмкін емес. Кейде ностальгиялық сезімнің жетегінде кетіп, «Таң самалы», «Ақ маңдайлым», «Әдемi-ау» секілді ғажап әндерді жападан жалғыз отырып тыңдайтынымыз да сондықтан болса керек. Бағланова ән өнерін ерекше бағалаған ұлы тұлға. Әндерінде сезім, мөлдірлік, кербездіктің қатар жүретіні де сондықтан. Оның әндері мен дауысы ерекше тәнті қылады. Әдетте әншілер әлдекіммен қосылып шырқағанда дуэт болып шықты деп жатады ғой. Ал Роза Бағланованың әндері даусымен астасқан дуэт әрі оркестр секілді. «Киiктiң үйiрiлген Лағындай, Ойнақшып тәттi әндерге басуын-ай! Таулардан, өзендерден, мұхиттардан Үнiнiң кiдiрместен асуын-ай!» деп Сәбит Мұқанов таңқалған өнер корифейі дүниеден озғанымен оның іздеушісі, жоқтаушысы – халқы бар. Қазақ ұлтының ұлы әншісінің қасында жиырма төрт жыл бойы бірге жүріп, концерттерін ұйымдастырған продюсері, көркемсөз оқудың шебері Қуаныш Әбдіхалымов редакциямызға келгенде: «Роза Бағланованың дүниеден озғанына ақпан айында төрт жыл толады. Арманы тоқсан жасау еді. Сексен тоғызында дүниеден озды. Біздің мақсат өнер әлемінде Хан Тәңірінің шыңындай биік болмысымен, бекзадалығымен салтанат құрған бұлбұл үнді Роза Тәжібайқызының өнерін әрмен қарай насихаттау. Осы орайда қараша айының жиырма жетінші жұлдызында Тараз қаласындағы Баласағұн орталық концерт залында еске алу кешін өткізбекпіз. Онда Нұрғали Нүсіпжанов, Сара Тыныштығұловалар ән шырқайды. Роза Бағланованың өткен өмірін, өнерін насихаттау мақсатында кинофильмдер, фотоқұжаттар көрсетуді де ойластырып отырмыз. Бір сөзбен айтқанда әулиеаталық әлеуметті керемет кеш күтіп тұр» деді. Сіз сол бір сөнбес сәулені сағындыңыз ба? Әлемнің бірқатар елдерінің өнер тарландары ғана емес, ел басқарған тұлғаларының өзі басын иген бұлбұл үнді қайта естігіңіз келе ме? Шәмшінің әндеріне шөліркедіңіз бе? Қазақ вальсінің королі саналған Шәмшінің өзі әндерін алдымен Розаға тыңдатып, сол кісінің орындауында тыңдайтын болған екен. Сондықтан да болар, Роза Тәжібайқызының репертуарындағы әндердің басым бөлігі Шәмші әндерін құрайтыны. Ендеше ерекше дауысты аңсаған болсаңыз, Баласағұнға асығыңыз. Аңыз адамды еске алу кеші шаһарымызда күнде бола бермейтіні анық қой...Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- 3 желтоқсан, 2024
Халық театрларының халі мүшкіл
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді