Ардагердің сүйегі туған топырағына жерленді

Ардагердің сүйегі туған топырағына жерленді
ашық дереккөз
Ардагердің сүйегі туған топырағына жерленді
Жуалылық Сапарбай Имахаев 1943 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, содан із-түссіз кеткен жауынгер. Арада 79 жыл өткенде Ресейдің Новгород облысындағы «Находка» жасағының іздеушілері жерлес сарбаздың сүйегін тауып отыр. Мәскеуден Астанаға Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери бортымен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің сүйектерін табыстау жиыны өткенін оқырмандарымызға бұдан бұрын хабарлаған едік. Жуалылық майдангер Сапарбай Имахаевтың сүйегі арнайы ұшақпен «Әулиеата» әуежайына әкелінді. Бұл жағдай жөнінде «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығы басқармасының аға офицері Эльмира Жұмашева атап өтті. «Аталған және қазақстандық хабар-ошарсыз кеткен бірқатар майдангердің сүйегін еліміздегі «Атаның аманаты» деген қоғамдық ұйым Ресей Федерациясындағы «Находка» іздеу командасымен бірігіп тапқан. Іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда 12 жауынгердің сүйегі табылды. Оның 8-і офицер. Іздеу жұмыстарына қазақстандықтар да белсене атсалысты. Өйткені біздің өскелең ұрпақты әскери патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында ата-бабаларымыздың ерліктері үлгі. Біз Отанды қорғау жолында жанын берген азаматтарға бас иеміз және ешқашан ұмытпаймыз», деді ол. Сапарбай Имахаевтың туыстары Жуалы ауданына қарасты Тәттібай Дүйсебайұлы атындағы ауылда тұрады екен. «Әулиеата» әуежайына әкелінген сүйек майдангердің туыстарына аманатталды. Табыстау сәтінде марқұмның немере інісі Қосмұрат Имахаев: «Осы уақытқа дейін ешқандай хабар-ошар болмаған. 79 жыл бойы бұл кісіні біз іздеп, таба алмай көңіліміз алаң болып жүрген. Не тірі екенін, не қаза тапқанын біле алмай, құса болған едік. Бұл кісіні көп жылдар бойы іздедік. Мінекей, енді белсенді азаматтардың, Қарулы Күштер құрылымының арқасында хабары шығып, сүйегі табылып отыр. Бұл жағдайға өте қуанып отырмыз. «Өлгені тіріліп, өшкені жанды» деген осы. Туған жерінің топырағы атамызға бұйырған екен. Бұдан кейін соғыс болмасын, ел аман, жұрт тыныш болсын» деп толғана сөйлеп, көзіне жас алды. Әскерилердің ақпаратына сәйкес, алда мұндай жұмыстар жалғасын таба бермек. Ерлік жасаған ерлер есімі еш ұмыт қалмайды. Ал аталарының хабары шығып, сүйегі 79 жылдан кейін табылып жатқанына марқұмның туыстары мен ауылдастары шүкірлік айтуда.  

Ұқсас жаңалықтар