Жаңа басшыға жауапкершілік жүктеді

Жаңа басшыға жауапкершілік жүктеді
ашық дереккөз
Жаңа басшыға жауапкершілік жүктеді
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан активімен кездесіп, ауданның жаңа әкімін таныстырды. –Қордай ауданының әкімі Мәден Мұсаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Қордай аудандық мәслихатының қолдауымен Қордай ауданының әкімі болып Бекзат Болатбеков тағайындалды. Ол осы ауданның тумасы. Түрлі салаларда қызмет атқарған. Соның ішінде осы ауданда Қордай ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс та істеген. Соңғы қызмет орны Жамбыл облысы әкімдігі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған, – деді Нұржан Нұржігітов. Сонымен қатар Нұржан Нұржігітов Мәден Мұсаевтың Қордай ауданын бір жарым жыл басқарып, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқанын айтты. «Мәден Тоқтарбайұлы аудан әкімі лауазымында үш ауданды басқарды. Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті өзге аудандарға қарағанда жоғары. Атап айтсақ, өткен 11 айдың қорытындысына қарайтын болсақ, ауданның әлеуметтік- экономикалық көрсеткіші 26,1 пайызға жоғарылаған. Осы көрсеткіш бойынша Қордай ауданы облыс аудандары арасында алдыңғы орында. Халық саны да 150 мыңға жетті. Оның Қырғыз Республикасымен шекаралас қоныстануы да мұнда шешімін күткен мәселенің көп екенін айтпай-ақ түсінуге болады. Соны Мәден Тоқтарбайұлы табысты шешіп, атқара білді», деп атап өтті аймақ басшысы. – Ал жаңа әкімнің алдында тұрған міндет көп. Атап айтсақ, облыста 2025 жылға дейін даму жоспары дайындалған. Жоспарға сәйкес, аудан әкімі ауданға инвестиция тарту, бюджеттік жобалардың орындалуын бақылау, осы екі жоба аясында жұмыс орындарын ашу мақсаты тұр. Жалпы, биыл Қордай ауданында 11 айда 54 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ауданда бұл жұмыс өз ретімен жалғасын табуы тиіс. Сондай-ақ «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы да өз жалғасын табуына қолдау көрсетілуі керек. Сонымен қатар елді мекендерді таза ауыз сумен, көгілдір отынмен қамту жұмыстары алдағы үш жылда жүз пайыз, ал жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы биыл жыл қорытындысымен 94 пайызға жеткізілуі қажет», – дей келіп, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жаңа әкімге ауданның әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткішін арттыру бойынша тапсырмалар берді. Актив жиынында сөз алған Бекзат Болатбеков: «Бүгін маған үлкен сенім артып, жауапты қызметке тағайындап отырсыз. Маған сеніп тапсырылған жұмысты, артылған сенімді ақтайтын боламын», деді. Аудандық қоғамдық бірлестік төрайымы Баян Қарамолдаева мен ардагер Төле Аманжолұлы Мәден Тоқтарбайұлының ауданда әкім болып істеген бір жарым жылға жуық аралығында жақсы жұмыс істегенін ерекше атап өтті. Ал жаңа тағайындалған Қордай ауданының әкімі Бекзат Болатбековтің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Қордай ауданы.

 

Ұқсас жаңалықтар