- Advertisement -

Құтқарушылардың жұмысы қауырт

31

- Advertisement -

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамы демалыс күндері де тәуліктік кезекшілікке түсіп, адамдардың қауіпсіздігі үшін тынымсыз жұмыс атқаратыны белгілі. Мысалы, аталған қызметтің қоғаммен байланыс тобы ұсынған мәліметке сүйеніп айтар болсақ, өрт сөндіруші-құтқарушылар өткен демалыс күндері өрт оқиғалары бойынша шақыртуға – 10, жану оқиғасына – 3, автокөліктегі өрт оқиғасына – 2, электр сымдарының қысқа тұйықталуы бойынша шақыртуға – 1, үйді түтіннен тазарту жұмысына – 2, авариялық-құтқару жұмысына 1 және үйінің есігі құлыптанып қалған тұрғындарға есік ашу жұмысына 4 рет шыққан.

Облыста орын алған осындай оқиғалардың бірнешеуіне тоқталсақ, 10 желтоқсан күні түске жақын уақытта облыстық ТЖД-ның күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының «101» телефонына Тараз қаласының «Ұлы дала» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласында жеңіл автокөліктің өртке оранғандығы жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінен 2 өрт сөндіру автокөлігі және жеке құрамның 7 қызметкері шығып, өрт сөндіру жұмыстарын жүргізген. Алайда өрт салдарынан автокөліктің ішкі салоны және дөңгелектері зақымданған.

Сонымен қатар 11 желтоқсан күні түскі уақытта облыс орталығында Ақмолда батыр көшесінің бұрылысындағы тұрғын үйдің ауласында орналасқан сарайдың шатыры өртке оранған. Оқиға орнына қаладағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 2 өрт сөндіру автокөлігі мен 13 өрт сөндіруші-құтқарушысы шығып, «қызыл жалынды» 15 минуттың ішінде ауыздықтаған. Өрттің аумағы 15 шаршыметрді құрап, салдарынан сарайдың шатыры мен ағаштары жанып кеткен. Дегенмен өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің арқасында жалынның одан әрі тұрғын үйлерге таралуына жол берілмеді. Үй иесі өрт сөндірушілердің жедел әрекеттері мен кәсіби шеберліктері үшін алғысын білдірді.

Демалыс күні Шу ауданының Далақайнар елді мекенінде тұрғын үй отқа оранып, оның ауданы 60 шаршыметрді құраған. Оқиға орнына аудандық №19 өрт сөндіру бөлімі мен қалалық №5 өрт сөндіру бөлімінен 2 автокөлік пен 5 өрт сөндіруші шығып, «тілсіз жауды» екі жарым сағатта толық ауыздықтаған. Өрт салдарынан жаздық асхананың шатыры жанып кетті және ішкі қаптаулары да зақымдалған. Сонымен қатар Тараз қаласының Мәмбет батыр көшесінде жүк көлігі өртенген. Қаладағы №4 бөлімнің өрт сөндірушілері 25 минутта отты сөндіргенімен, жүк көлігінің ішкі салоны жанып кеткен және тіркемесі де едәуір зақымдалған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қоғаммен байланыс тобы облыс және қала тұрғындарына үйден шығарда балалар мен қарттарды қараусыз қалдырмай, электр және газ құралдарын қуат көзінен ажыратып, үйді жылыту үшін пеш жаққанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ қазіргідей ауа райының қолайсыз кездерінде жолға шығуды кейінге қалдырған жөн екендігін естен шығармауды сұрайды. Ал өрт немесе төтенше жағдайлар туындағанда «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалудың ақысыз негізде жүзеге асырылатындығын ұмытпағанымыз жөн.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support