Ауыл ажарлана түседі
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Бүгінгі таңда азық-түлік қауіпсіздігі елді өркендетудің басты шарты екенін түсіну қажет. Агроөнеркәсіп кешенін, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді дамыту Үкімет пен әкімдер үшін басты басымдық болуға тиіс» деп атап көрсетті. Мемлекет басшысы жаңа президенттік өкілеттігіне кіріскен сәтте, ең алдымен Ауылдық аймақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойғанын еске салып, ауылды өркендетудің тың тәсілдері қажеттігін айтты. Президент баса назар аударып отырған ауылдың бүгінгі жай-күйі қалай? Талас ауданы, Ақкөл ауылдық округінің әкімі Жандос Ратовпен сұхбатымыз осы тұрғыда өрбіді. – Жандос Аманғалиұлы, Мемлекет басшысының Президенттің ұлықтау рәсімінен кейінгі бірінші Жарлығы ауылдарды дамытуға арналды. Бұл ауылдықтарды қуанышқа бөлеуде. Ақкөлдік ағайындардың көңіл-күйі қалай? Әңгімемізді осыдан және ауыл шаруашылығы саласынан бастасақ... – Аудандағы ең іргелі біздің округте бір елді мекен, 411 аула болса, онда 2287 адам тұрып жатыр. Экономикалық белсенді халық саны 900, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 301, зейнеткерлер 278 және жастар 244 адам. Президенттің ауылды дамыту жөнінде арнайы Жарлыққа қол қоюы барша қазақстандықтар сияқты біздің ақкөлдіктерді де қуанышқа бөлеуде. Округте 75785 гектар жер болса, оның 3463 гектары елді мекендерге тиесілі. Оның ішінде егістік 50, жайылымдық 3263, көпжылдық екпелер 4 және бөгде жер 146 гектар алқапты алып жатыр. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 66621 гектар болса, оның егістігі 853, шабындығы 1067, жайылымдық 64216, бөгде жер 484 гектарды құрайды. Сонымен қоса, ауылдық округ маңындағы жайылымдық жерлерді пайдалану бойынша 5 шаруа қожалығымен 8761 гектар жерге және 6 шаруа қожалығымен 444,8 гектар егістік жерге меморандум жасалды. Елді мекен маңындағы 5 шақырым радиуста орналасқан жайылымдарды пайдалану мақсатында 74 гектар
жайылым жер аудандық босалқы жер қорына қайтарылды. Биыл жоспарға сәйкес, 601 гектар егістік жер толық игерілді.
Ауылдық округ бойынша мал санында өсім бар. Малды асылдандыру туралы да тоқтала кетсем, былтыр бес, биыл жеті шаруашылық мал басын асылдандыру жұмысымен айналысуда. Ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 50 миллион теңге болып, «Шұғай» шаруа қожалығы 50 миллион теңгеге бір-бірден тіркеме, соқа, тырма, шөп тайлағыш, екі жем ұсақтағыш алды.Техниканы жаңарту бойынша «Ердәулет» шаруа қожалығы 12,9 миллион теңгеге бір «Беларусь-82.1» тракторын, қосымша агрегат сатып алды. – Кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтсеңіз? – Ауылдық округте кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 5 азаматқа қолдау көрсетілді. Жеке кәсіпкер Камшат Қасымбекова 2,4 миллион теңгеге несие алып, әлеуметтік дүкен ашты. «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Лаура Керімбаева 30 миллион теңге несиеге мал азығы қоймасының сыйымдылығын 1000 тоннаға дейін ұлғайтты. «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында Сандуғаш Мұстафаева 5 миллион теңге кепілсіз несие алып, дүкенін ұлғайтуда. «Агробизнес» бағдарламасымен ауылдың үш азаматы 28,2 миллион теңге несие алып, 30 жылқы және 194 уақ мал сатып алды. Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы аясында ауылдың 8 тұрғыны құжатын өткізіп, бүгінге оның үшеуінің құжаты қолдау тапты. Жерге өтініш берген 3 азаматтың екеуі кәсіпкерлік мақсатта жер алып, кәсібін жүргізуде. – Осыдан 25 жыл бұрын ауыл аудан орталығы мәртебесінен айырылғанда Ақкөл көште қалғандай көрінуші еді. Ал қазір ауылға әр келген сайын құлпырып, жаңарып жатқанын байқаймыз? – Расында да аудан орталығы Қаратау қаласына ауысқанда көптеген мекеме сонда қоныс аударып, біршама жұрт ауылдан үдере көшіп кетті. Үй- жай, түрлі ғимараттар жекеге сатылды, бұзылды. Дегенмен ардагерлер бар, барша ауыл тұрғындары болып, ауылды аман сақтап қалу жолында көп еңбек етті. Ауылдың ажарын арттырып, базарын тасыту жолында атқарылған жұмыс нәтижесін берді. Мектеп түлектерін, жергілікті кәсіпкерлерді және ауылдан шыққан белгілі азаматтарды тарта отырып, ауылды көркейту, абаттандыру бойынша «Жомарт түлек» жобасы аясында 2002 жылғы мектеп түлектерінің демеушілігімен көшесінің бойындағы ауылға Тараз бағытынан кіреберіс жолдың екі жақ бетіндегі жасыл белдеу орны қоршалып, Д.Қонаев көшесінің бойынан да арнайы орын белгіленіп, 500 түп қаратал егілді.
Ауылға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық та аз емес. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 336,2 миллион теңгеге Ақкөл спорт кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Онда 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Д.Қонаев және С.Шәкіров көшелерінің жарықтары 1,2 миллион теңгеге толықтай ауыстырылды. Бос тұрған бұрынғы колледж ғимаратына 173,2 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, No6 Талас аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы болып жаңадан ашылды. 172 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұрынғы бос тұрған көлік тұрағына 13,5 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, No13 Ақкөл ауылдық өрт сөндіру бекетіне берілді. Ақотау көшесіндегі коммуналдық меншіктегі үйдің шатыры 9,4 миллион теңгеге толықтай жаңғыртылды.
Ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес, Қ.Атшабаров көшесінің бойындағы дренаж арық асарлату арқылы тазаланды. Апатты жағдайдағы бұрынғы тұрмыстық заттар дүкені, наубайхана, монша ғимараттары мен Ақотау көшесіндегі 5 үй бұзылып, орны тегістелді. Көктемгі егіс-дала жұмыстары басталғанша «Орта» каналының бойындағы су қашатын бөлігін биіктету жөнінде шаруалардан ұсыныс түскен болатын. Шаруалармен осы жұмыс бойынша келісіп, асарлату арқылы «Қазсушар» мекемесінің техникасын пайдаланып, каналдың су жіберетін жерлері биіктетілді. Осындай асарлату арқылы Аса өзенінің жағалауы, «Айтақ», «Жаңатоған» және «Жерарық» каналдары тазаланды.
Үлкен футбол алаңы демеушілер көмегімен көгалдандырылды. Алдағы уақытта демеушілер есебінен жарық шамдарыменорындықтарорнатылады. Ақотау көшесіндегі коммуналдық меншіктегі 3 пәтерге демеушілер есебінен әктеу-сырлау жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі іске қосылды. Бұл жөндеуден өткен үйлерге үш қандас отбасы қоныстанды. Олар тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жаңа мешіттің құрылысы жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының бастамасымен мешіттің қоршауын ауыстыру және аумағын абаттандыру жұмыстары қолға алынуда. Әңгімемізді түйіндей келе, біздің ауылдық округте ауыл шаруашылығының қанаттас қос саласы дамып, ауыл да ажарлана түсуде. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ. Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Отандық медицина сапасы шетелдегіден кем түспейді»
- 4 қазан, 2024
«Өмір деген самғау мен кідірістер»
- 4 қазан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді