Мемлекеттік жобалардың игілігін ел көруде
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында өзіне қарасты басқармаларда ағымдағы жылдың он бір айында атқарылған жұмыстардың барысы туралы есеп берді. Сонымен бірге алдағы жылдың негізгі міндеттеріне де тоқтала кеткен болатын. Нұржан Сәбитұлының айтуынша, жыл басынан бері облыстың негізгі әлеуметтік- экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан. Атап айтсақ, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы өңірлік өнімі 1057,4 миллиард теңгені құраған. Аймақтың экономикалық өсімі 105,7 пайыз болып отыр. Бұдан бөлек, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, өзге де салаларда өсім динамикасы қалыптасқан.
– Елді мекендерді дамыту мақсатында 2019 жылдан бастап елімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске қосылған еді. Жоба аясында соңғы үш жылда 93 елді мекенде 332 жоба қаржыландырылған. Соның нәтижесінде, атап айтсақ, 30 білім, 23 спорт, 23 мәдениет, 10 денсаулық сақтау нысаны, 37 тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық ғимаратына күрделі және жаңа құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, 332,4 шақырымды құрайтын 209 ауылішілік көше жолдары күрделі және орта жөндеуден өтіп, үш мыңға жуық жұмыс орны құрылған болатын. Жоба аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жоғарылады, – дейді Нұржан Календеров.
Бүгінгі таңда аталған жоба аясында іске асырылып жатқан 149 жобаның 98-інде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілген. Қалған 33 нысанды жыл соңына дейін тапсыру жоспарлануда. Ал 18 жобаның құрылысы алдағы жылға өтпелі екен. Енді алдағы жылы аталған жоба аясында 79 ауылда 250 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оған бөлінетін қаржы 9,6 миллиард теңгені құрайды.
Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» туралы тапсырмасына сәйкес биылға жоспар – 6,2 мың орын болып белгіленсе, тек 11 айдың қорытындысымен жоспар 2 есеге асыра орындалып, 12,5 мың жаңа жұмыс орыны ашылған. 68,8 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, оның ішінде 27,2 мың жастар бар.
«Дипломмен ауылға» жобасы аясында 290
маман үшін 1332,5 миллион теңге бюджеттік несие қарастырылып, ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін 283 маманға тұрғын үй сатып алуы үшін 1293,2 миллион теңге несие берілген. Жергілікті бюджет есебінен 500 маманға біржолғы көтерме жәрдемақысын төлеуге 153,1 миллион теңге қарастырылып, есепті кезеңде 473 маманға 145,2 миллион теңге көтерме жәрдемақы босатылған. Алдағы жылы жас мамандарды әлеуметтік қолдау шараларына «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 204 маман үшін 1 055,7 миллион теңге бюджеттік несие қарастырылуда.
– Жыл соңына дейін мемлекеттің қолдауы арқасында барлық жоспарларымызды орындап, белгіленген көрсеткіштерге жетеміз. Жалпы 2022 жыл қорытындысымен өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 10, ауыл шаруашылығы 8, құрылыс 0,4, пайдалануға берілген тұрғын үй 0,9, негізгі капиталға салынған инвестиция 0,1, сауда 4,3, көлік 1,5, байланыс 2 пайызға артады деп күтілуде. Бұл халықтың тұрмыс-жағдайын одан әрі жақсартып, өңірдің экономикалық жағдайын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Баспасөз мәслихатының соңында Нұржан Календеров бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді