Жамбылда не жаңалық?
Ауылдықтар жылжымалы медициналық кешендермен қамтылуда
- author «Ақ жол»
- 14 желтоқсан, 2022
- 242
Ауылдықтар жылжымалы медициналық кешендермен қамтылуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев « Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық сақтау саласында бірқатар реформа жүргізілгенін айта келе: «Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн... Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды...
Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады.
Сонымен қатар телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады», деп атап көрсеткен еді.
Президенттің «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес» деуінің мәні ауылдық жерде медицина саласында білікті маманның тапшылығы, тұрғындардың емдеу мекемелерін таңдауға келгенде мүмкіндігі жоқтығы секілді өзге де мәселелерге қатысты болса керек.
Десе де аталған Жолдау жүктеген міндеттер аясында бүгінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылып жатқаны белгілі. Соның арқасында осы күні ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту бағытында бірқатар жоспарлы жұмыстар қолға алынған.
Мәселен, қазіргі таңда ауыл тұрғындарының арасындағы сырқаттанушылықтың негізгі себебін анықтау, күресу, ауылдық жерде денсаулық сақтауды дамыту үшін негізгі бағыттар бойынша жұмыс істеу, алғашқы медициналық көмекті күшейту, ауруды ерте сатысында анықтау, елді мекен тұрғындарын қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сапалы медицинаның тұрғындарға қолжетімділігін арттыру, ауылдықтарды білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз ету, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында емдеу мекемелерінің құрылысын жүргізу сынды шаруалар атқарылуда.
Сонымен қатар ауылдықтарды жылжымалы медициналық кешендермен қамтамасыз ету де қолға алынған игі істердің бір көрінісі.
Қазіргі таңда Әулиеата өңіріндегі жылжымалы медициналық кешеннің саны 11-ге жетсе, оның екеуі Т.Рысқұлов аудандық орталық ауруханасына тиесілі. Жалпы жылжымалы кешендердің ішінде 3-еуі «КаМАЗ» мамандандырылған автокөлігі болса, 8-і автобустық көлік. Осы жылы медициналық кешендер арқылы барлығы 322 елді мекенді қамту жоспарланса, жылдың 10 айында аталған жылжымалы медициналық кешенде 281 (87 пайыз) елді мекенді аралаап, медициналық көмек көрсеткен.
– Жоспарланған елді мекендерде барлығы 239 269 тұрғын медициналық тексеруден өтуі тиіс болса, 2022 жылдың 10 айында медициналық тексеруден 232 804 адам (97 пайыз) өтті. Оның ішінде 63 604-і балалар, былтыр осындай тексеруден өткен 123 051 адамның (48 пайыз), 33 684-і балалар еді. Өткен жылға қарағанда биыл ауылдықтарды медициналық кешенмен қамту деңгейі де артып отыр. Сондай-ақ 51 639 диагностикалық зерттеу, 16 277 зертханалық тексеру, 245 614 бейінді мамандардың консультациясы берілді. Тұрғындарды қарау барысында 10 822 науқас анықталған (2021 жылы – 4 274) болатын. Оның ішінде 6 927-сі (2021жылы – 781) медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша есепке алынды. Мұндай есепке алынғандардың 2 111-і балалар, – дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Толқын Өмірбаева.
Облыс және аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарына медициналық қызметтерді қолжетімді ету – басты міндет. Сол үшін бүгінде жылжымалы көліктік медицинаны дамыту өңірде де жолға қойылған. Жоғарыда аталған деректер соның айғағы. Алдағы уақытта да облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы арқылы жұртшылыққа дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетіліп, консультациялық-диагностикалық қызметтер ұсыныла беретін болады.
Н.БОЛАТҰЛЫ,
журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді