- Advertisement -

Kakebo – қаржы үнемдеу әдісі

97

- Advertisement -

Отбасыдағы қаржыны дұрыс жинау, қор қалыптастыру және ақшаны ретімен жұмсау сынды дүниелер кез келген ерлі-зайыптының бұлжымас қағидаларының бірі болуы тиіс. Себебі отбасы да кішігірім мемлекет сияқты. Ал мемлекетті ұстап тұратын оның басты стратегиялық саясаттарының бірі – экономикалық тиімді саясат, бюджеттік жоспарлау секторы.Дәл осы сияқты әр отбасының да бюджеттік жоспарлау саясаты міндетті түрде болуы тиіс. Өйтпеген жағдайда отбасыға да қаржылық дағдарыстың қара бұлты үйіріліп, «былай тартсаң былай жетпейді, олай тартсаң олай жетпейді» деген әңгіме осыдан шығады.

 «АЛДЫМЕН ӨЗІҢЕ ТӨЛЕ»

Сонымен, «Ақшаны қалай жинап, көбейтуге болады?» деген сұрақ әрқашан да өзектілігін жойған емес. Ендеше қаржылық еркіндікке қол жеткізген көптеген адамдардың өмірін өзгерткен қарапайым қағидаларға назар аударып көрсек.

Жеке қаражатты басқарудың маңызды қағидаттарының бірі дәл осылай «Алдымен өзіңе төле» деп аталады. Яғни айлық кіріс кірген бойда немесе қалтаңа қосымша қаржы түскен сәтте 10 пайызын депозитке немесе ағымдағы шотқа салу қажет. Бұл қағида пайдалы әрі дағдылы әдетке айналуы үшін жалақы, қаламақы алған сайын немесе басқа да кез келген кіріс түскен сайын осылай істеу қажет. Мұндайда тәртіпке көніп, барынша сабыр сақтаңыз. Нәтижесі сізді қуантары сөзсіз.

НЕНІ ЕСТЕ САҚТАУ ҚАЖЕТ?

Ақшаны неге жинауға болады? Бірінші кезекте өзіңіздің «қаржылық қауіпсіздік жастығыңызды» қалыптастырыңыз. Яғни, бұл қандай да бір ойламаған шығындарға арналған қаражат қоры. Оған кемінде 6 ай сайынғы жалақыңыздан жинап тұратын тұрақтандыру немесе «жұмсалмайтын» қор деп қараңыз. Бұл ақшаны босқа шашып, болмашы қажеттіліктерге жұмсауға болмайды. Өйткені ол сіз шын қиналып, тығырыққа тірелгенде көмекке келетін жеке банкіңіз! Мысалы, сіз уақытша жұмыссыз қалдыңыз делік. Сол кезде «қаржылық қауіпсіздік жастығыңыздағы» қор қаражатымен банктегі ипотека, өзге де несиелеріңізді кешіктірмей жабуға немесе өзге де маңызды жағдайларда пайдалануға болады. «Жұмсалмайтын» резервіңізді жинақтап алған соң, қандай да бір ірі заттарды сатып алуға немесе түрлі қаржы құралдарына инвестициялау үшін қаражат жинай беруіңізге болады. Алға қойған мақсаттарыңыз сізді жігерлендіріп, ақшаны тиімді жұмсауға көмектеседі деген ойдамыз.

Ақшаны қолыңызға алғаннан немесе сома сіздің картаңызға «түскеннен» кейін ақшаны бірден жинақтау керек екені есіңізде болсын. Иә, сізді төленбеген шоттар, кредиттер күтіп тұруы мүмкін, тез арада азық-түлік сатып алу керек немесе балалардың күнделікті жұмсайтын қаражатын беру керек. Бірақ сіз білген бұл қағидаттағы ең басты фигурант – бұл өзіңіз. Ақшаға қатысты пікіріңіз бен көзқарасыңызды өзгерту керек. Алдымен өзіңіз жайлы, содан кейін басқаларды ойлаңыз. Өйткені ол қаржыны жинақтап, қалыптастыратын да, жұмсайтын да өзіңіз. Оның үстіне, өмірлік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ақша қолға түсе салысымен оны бірінші кезектегі және екінші кезектегі шығындарға жұмсасаңыз, онда сізде ештеңе қалмауы мүмкін.

Сондай-ақ, жүйелілікті қатаң есте сақтау керек. Егер сіз екі ай ақша жинақтап, одан кейін оны үш ай ұмытып кетсеңіз, онда «жабулы қазан жабулы күйінде қалып», ақша жинақтау әдетіңіз орта жолда қалып, одан әрі дамымайды.

ҚАНША АҚША ЖИНАҚТАУ КЕРЕК?

Қаржылық жоспарлаумен нақты айналысқандар жиі жіберетін қателік – кірісі аз бола тұра, көп ақшаны кейінге қалдыру. Мұндайда сіз тез шаршайсыз, тұрмыстық шығыстарға ақша жетпей, «жұмсалмайтын» қорыңыздан «қарызды» жиі алатын боласыз. Шағын мақсаттан үлкен мақсатқа жылжу қағидаты қуатыңызды сақтауға мүмкіндік береді, оны қаржылық тәуелсіздікке жету жолында туындауы мүмкін барлық кедергілер мен қызықтырар заттарды еңсеруге жұмсауға болады.

Аздан – 10 пайыздан бастаңыз. Біріншіден, бұл жеке бюджет үшін айтарлықтай байқалмайды және сезілмейді. Екіншіден, сіздің өмір салтыңызға әсер ете қоймайды. Жалақыңыздың 30 пайызын кейінге қалдыру мүмкіндігі болса, онда құба-құп. Егер ақшаңыз баяу жиналса, оған ренжудің қажеті жоқ.

Мысалы, жалақыңыз 150 мың теңге болса, ай сайын 15 мың теңгеден жинау қажет, үш ай ішінде сізде 45 мың теңге, ал бір жыл ішінде – 180 мың теңге жинақталады. Ақшаңызды матрастың астында емес, депозитке салатыныңызды ескерсек, онда пайыздардың капиталдандыруын қосқанда, сома көбейеді.

БАҒДАРДАН ҚАЛАЙ АДАСПАУҒА БОЛАДЫ?

«Үнемдеу дегеніміз – өзіңізге өзіңіз төлеу. Табысының кемінде оннан бір бөлігін өзі мен жанұясының болашағына жинайтын адамның басына байлық дариды» деп «Вавилондағы ең бай адам» кітабының авторы Джордж Клейсон айтпақшы, сіз болашағыңызды өзіңіз құрасыз. Әуелі өзіңе «төлеп», яғни табысыңыздың 10 пайызын жинап, сіз өзіңізге өсіп-өркендеуді қамтамасыз етесіз және ертеңгі күнге деген сеніміңіз болады.

Қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілген адамдарда ақша балансы нөлге тең адамдарға қарағанда қаржыға байланысты күтпеген жағдайлар аз болады. Ақшаның өзі жақсы ынталандырушы екенімен келісерсіз. Әсіресе, бұл сіздің банк шотыңыз айтарлықтай күш жұмсамай, уақыт өте келе өсіп жатқанда көрінеді.

Жалақыдан ақша қалдырып отыруды ұмытпас үшін банк қосымшасында автоматты аударымды теңшеуге болады. Егер осы процесті әдетке айналдыратын болсаңыз, «алдымен өзіңе төле» қағидаты өміріңізге берік еніп, әрдайым қалтаңызда ақша болады.

Ақша жинауды және жинақтап сақтауды үйренгеннен кейін қалай үздіксіз пассив табыс, яғни сіздің жасыңызға, жұмыспен қамтылуыңызға және өзге де факторларға тәуелсіз сізге жиі түсіп отыратын қаражатты тауып отыруға болатыны туралы ойлану қажет.

117 ЖЫЛ БҰРЫН ОЙЛАП ТАБЫЛҒАН ӘДІС

Жапонияда кеңінен тараған, кейін бүкіл әлемде етек алған қаржылық есепке алудың тағы бір танымал әдісі бар – бұл үнемдеуді нағыз өнерге айналдырған Kakebo жүйесі.

Сонау 1904 жылы Жапонияның журналисі Хани Мотоко жұмыс істейтін әйелдердің қаржылық тұрғыдан тәуелсіз болуына көмектесу үшін ақшаны үнемдеудің жаңа техникасын ойлап тапты. Расында да, жапондық үш иероглиф «Ka-ke-bo»-дан тұратын, аудармасы «үйде үнемдеу кітабы» деген мағынаны білдіретін оның жүйесі бір ғасырдан аса уақыт өтсе де, әлі де кеңінен қолданылады және әлемде көптеген адамдардың өміріне мықтап сіңіп кетті.

KAKEBO ДЕГЕН НЕ?

Бұл әдіске сәйкес барлық шығын мен ақшалай түсімді түк қалдырмай жазып отыру қажет. Жүйеде жеке бюджетті енгізу және жоспарлау көзделген, атап айтқанда, кірістер, шығыстар және жинақтар жоспарларын жасау керек. Ол үшін екі блокнот болу керек: үлкенін үйде немесе жұмыста қалдыруға болады, ал кішкентайын өзіңізбен бірге қайда жүрсеңіз де алып жүресіз.

Кішкентай блокнотқа сіз барлық күнделікті шығындарыңызды жазып жүресіз: мысалы, дүкенде, дәріханада, кафеде қанша жұмсадыңыз, қысқаша айтқанда, барлық ұсақ-түйекті жазу керек.

Үлкен блокнотта сіздің бір айдағы барлық қаржылық жоспарларыңыз көрсетілуі керек, ыңғайлы болу үшін оны кесте түрінде жасауға болады.

ҮЛКЕН БЛОКНОТҚА НЕ ЖАЗУ ҚАЖЕТ?

Бірінші кезекте, бұл сіз нақты түрде аламын деп ойлайтын негізгі кірістердің жоспары: аванс, жалақы, сыйлықақы, сізге қайтарылуға тиіс ақша, жалдаудан түсетін кіріс және тағы басқа. Мысалы, ақшалай сыйлықтар, лотерея ұтыстары түріндегі күтпеген түсімдерді басқа түсті қаламмен немесе маркермен бөліп көрсетуге болады.

Шығыстар жоспарында міндетті ай сайынғы шығыстарды көрсету қажет. Әңгіме коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеу, ипотека үшін жарна төлеу, ұялы байланыс шығыстары, оқу ақысы, кредиттер мен қарыздар бойынша төлемдер жайында болып отыр.

Сондай-ақ үшінші жоспар – бұл сіздің жинақ ақшаңыз. Сіз айына қанша ақша жинақтағыңыз келеді, мысалы, оны депозитке салу керек пе? Бұл сома үлкен блокнотқа жазылуы қажет.

Әрі қарай, бір айдағы ауыспалы шығындардың мөлшерін есептеу қажет, яғни бұл маңызды шығындар, бірақ олар анда-санда пайда болады.

АУЫСПАЛЫ ШЫҒЫНДАР ДЕГЕН НЕ?

Бір айдағы ауыспалы шығындар төрт топқа бөлінеді. Бұл тұрмыстық шығындар, мысалы, азық-түлік, киім, аяқ киім, дәрі-дәрмек, тұрмыстық химия және басқасы; мәдени және білім беру шығыстары (театрға немесе концерттерге бару, сондай-ақ білім беру тренингтеріне қатысу міндетті); демалыс және ойын-сауық шығыстары және күтпеген шығыстар. Мәселен, соңғысына сауда орталықтарында аяқ астынан болатын шығындар, онлайн-сатып алу және емделуге, операцияға, жақындарға көмек көрсетуге арналған форс-мажорлық жағдайларға байланысты шығындар жатады. Барлық шығындарды санауға оңай болу үшін пайыздық арақатынасына қарай бөліңіз. Әдетте, тұрмыстық шығындар үлесі ең көп болады.

Айдың соңында барлық шығындарды қосып, жалпы жиынтығын есептеп шығаруға болады.

KAKEBO ҚАНДАЙ АРТЫҚШЫЛЫҚТАР БЕРЕДІ?

Бұл жүйені қолдану қаржылық тәртіпті сақтауға үйретері сөзсіз. Айдың қорытындысы бойынша, осы жапондық техниканың арқасында сіз өткен айдағы шығындарыңыз бен жинақтарыңыз бойынша жоспарыңызды орындай алғаныңызды көре аласыз. Сіз шығындарыңыздың қозғалысын, яғни қаржыңыздың қайда жұмсалып жатқанын нақты көресіз, қандай шығындар қайта қарауды және тиімді жұмсауды талап ететінін түсінетін боласыз. Сонымен қатар сіз кірісіңіз жеткілікті ме немесе қосымша табыс көздерін іздеу қажет-қажет еместігін түсінесіз. Ең бастысы қаржылық жағдайыңызға үнемі талдау жасап отырыңыз, уақыт өте келе бұл қаржылық әдетке айналады. Сіз жоспарланған шығындарды өзіңізге зиян келтірместен әлдеқайда аз жұмсай аласыз, сондай-ақ қалған соманы жинақ пен инвестицияға сала аласыз.

ТУЫНДАУЫ МҮМКІН ҚИЫНДЫҚТАР

Кейбір адамдарға блокнот қолдану ыңғайсыз, сондықтан олар digital-құралдарына жүгінеді. Сіз өзіңіздің гаджетіңізге әртүрлі бағдарламаларды жүктей аласыз. Онда кірістеріңіз, шығыстарыңыз және жинақтарыңыз туралы деректерді енгізе аласыз. Сондай-ақ олар пайызды өздері есептейді және шығыстардың қандай баптарын азайту керектігі туралы ұсыныстар береді. Сондай-ақ ай сайынғы және жылдық қорытындыларды шығарады.

Біреуге бұл жүйе ұнауы мүмкін, ал біреулері оны да, оған ұқсас басқа әдістерді де қабылдамайды. Себебі оған адамның жалқаулығы кедергі келтіреді. Егер шығыстарыңыз бен кірістеріңізді жазбаша немесе электронды түрде жүргізе алмасаңыз, онда сіз тіпті барлық санды ойда сақтап қала алмайсыз. Тиісінше, тиімді жоспарлау туралы айту қиын. Бюджетті жүргізу әдістерін өз ұстанымына сенімді, өзінің қаржылық мақсатын айқын білетін және шағын қадамдар жасай отырып, сол мақсатқа жететін адамдар пайдаланады.

KAKEBO ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША ЗАМАНАУИ БЕС ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС

№1. Сауда жасауға бара жатып, қажетті заттар тізімін жасауды ұмытпаңыз. Бұл сізге ойламаған жерден сауда жасамауға көмектеседі.

№2. Ойламаған шығыннан құтқаруға мына әрекет те көмектеседі. Шоттан ақшаның бір бөлігін шешіп алыңыз да, оны белгілі бір шығын түрлеріне бөліп, әр конвертке жеке-жеке салып қойыңыз. Тұрмыстық шығындарға – бір сома, мәдени және білім беру шығындарына – басқа сома және тағы сол сияқты.

№3. Шұғыл түрде сатып алуды қажет етпейтін затты алу мерзімін бір айға кейінге қалдырыңыз. Егер соншама күн өткеннен кейін заттың маңыздылығы сол күйі жоғары болса, онда ол затты ойланбастан сатып ала беріңіз. Егер маңызды болмаса, одан біржолата бас тартыңыз.

№4. Егер сізге қарызыңызды қайтарған болса, бүкіл ақшаны депозитке салып қойыңыз.

№5. Егер ірі соманы майдалайтын болсаңыз, алған купюраларыңыздың бір бөлігін бірден депозитке салып қойыңыз. Сізге дүкенде берген қайтарылған ақшамен де осылай жасау қажет. Оны жинақ қобдишасына салып қоюға болады, ал үлкен сома жиналғаннан кейін оны өз депозитіңізге саласыз. Сізді жинаған ақшаңыздың жылдам өскені таң қалдырып, мөлшері күннен күнге қуантатын болады.

АҚША ЖИНАУДЫ 21 КҮНДЕ ҚАЛАЙ ҮЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ?

Қаржыңызды сауатты басқаруды үйрену жылдам процесс емес. Бірақ күн сайын ақша жинап, үш апта ішінде жаңа әдетті бекітуге болады. Бұл процесті қалай тиімді және сіздің әмияныңыз үшін пайдалы ету жолдарымен бөліспекпіз.

Бюджетті басқарудағы ең маңызды нәрсе – кейінге қалдырмай, бірден әрекет ету. Пайдалы әдет сіздің өміріңізге біртіндеп енеді және оны ұстану оңайырақ болады.

ЖЕТІ КҮН ҚАҒИДАСЫ

I күн. Бірінші қадам – шығындарды есепке алу үшін телефонға қосымша орнату немесе күннің қорытындысы бойынша барлық шығындарды шағын дәптерге жазып отыру. Егер сізде бәрі бақылауда болса да және сіз ақшаны не үшін жұмсайтыныңызды білсеңіз де, нақты шығын нәтижелері сізді таң қалдыруы мүмкін. Сондықтан бірінші міндет – соңғы айдағы шығындарыңызды есептеу және оларды бөлімдерге бөлу, мысалы: азық-түлік, көлік, коммуналдық шығындар, демалыс, сыйлықтар, емделу және тағы басқа.

II күн. Ақшаны не үшін жинайтыңызға мақсат қойыңыз: мысалы, шағын бизнес ашу, балаларды оқыту, жаңа көлік сатып алу, саяхаттау. Мақсат қоймай жинақтаудан гөрі нақты тұжырымдалған мақсатқа ақша жинау жақсы ынталандырады. Өз қаржылық мақсатыңызды әлсін-әлсін еске түсіріп, оны көз алдыңызға елестетіп, ақшаны қайта есептеп және өзектілігі мен қажеттілігіне байланысты қойылған міндетті қайта қарап отырыңыз. Қалай болғанда да, ақша жинау және қойған мақсатыңыз ұзақ мерзімді, яғни кем дегенде 2 жылға арналған стратегия болғаны жөн.

III күн. Соңғы жылдың қай айларында ең көп кіріс алғаныңызды және бұл неге байланысты екенін есептеңіз. Сондай-ақ қай айда ең аз кіріс алғаныңызды және бұл жағдайдың қайталану қаупі бар-жоғын есте сақтаңыз. Жағдайды талдағаннан кейін, қандай әрекеттерден бас тартқаныңыз жөн және қайсысы қаржылық жағынан жақсы нәтиже бергені туралы ойланыңыз.

IV күн. Ақша байқалмай жұмсалатын күнделікті шығындарды бақылаңыз. Бұл шоколадтар немесе тәтті тағамдар, сондай-ақ үйден алуға болатын су, өзіңіз жасай алатын пайдалы үй тағамдарының орнына кафеде түскі ас, таксимен жүру, дайын кофе және басқа да шығындар болуы мүмкін.

Ақшаңызды тағы да неге босқа жұмсайтыныңызды және оны қалай болдырмауға болатынын ойланыңыз. Жуынатын бөлмеде краннан су ағып тұруы, қонақ бөлмеде үнемі шамның қосылып тұруы, өзіңіз пайдаланбайтын стационарлық телефон үшін ай сайынғы абоненттік төлем алынуы ықтимал. Ұялы байланыс, үйдегі интернет және кабельдік теледидар тарифтерін қайта қарастырыңыз, үнемді нұсқалар табылуы ықтимал.

V күн. Енді сіз нақты кірістер мен алдағы шығындар туралы нақты түсінікке ие болсаңыз, қандай нашар қаржылық әдеттерден бас тартуға болатынын қарастырыңыз. Сіз аптасына бір кішкентай әдеттен бастай аласыз, содан кейін көбірек қосыңыз. Нәтижесінде сіз, ең болмағанда, отбасылық бюджеттің негізгі «опырғыштарынан» құтыласыз.

VI күн. «Артық шығыннан» арылыңыз! Мысалы, азық-түлік шығындары әдетте кез келген отбасылық бюджеттің едәуір бөлігін алады. Сондықтан бір күніңізді бюджеттің осы маңызды бөлігін жоспарлауға арнаңыз.

Жеке кіріс-шығысыңызды немесе бүкіл отбасының бір апталық кіріс-шығысын жазған жөн. Себебі жұмыстан кейінгі кешкі уақытта, әдетте, келесі күнге тамақ дайындауға көп адамның шамасы келе бермейді, демалыс күндері бір аптаның тағамдарын жартылай дайындап, мұздатып қоюды ұсынамыз. Сонымен қатар, осы жоспарлау кезінде сіз белгілі бір өнімдердің бар-жоғын тексеру үшін барлық шкафтар мен сөрелерді қарап өтуіңіз керек, бұл өз кезегінде дүкеннен артық сатып алмауға мүмкіндік береді. Біз сізге алғашқы күндері мәзірге, ең алдымен, отбасы немесе сіз күн сайын жеуге дайын тағамдарды қосуға кеңес береміз, демек, қалдықтарды тастаудың қажеті жоқ.

Бұл киім, тұрмыстық тауарлар және тағы басқа шығындарға қатысты. Шкафтарда, антресольдерде, қоймада тексеру жүргізу керек. Сонымен бірге сіз қоқыстардан және қажетсіз нәрселерден арыласыз.

VII күн. Әдетті қалыптастыру – бұл ұзақ және күрделі процесс, ол дұрыс күшейтуді және қателіктермен үнемі жұмыс істеуді қажет етеді. Сондықтан аптасына кемінде бір рет ақшаңызбен «кездесу» ұйымдастырыңыз. Осы бір-екі сағат ішінде барлық әмияндарыңыз бен ақша жинайтын сандықшаларыңызды қайтадан ашыңыз, карточкаларыңыздағы және депозитіңіздегі барлық ақша мен бонустарды қайта есептеңіз, қорытынды санды блокнотқа немесе телефон жазбаларына жазыңыз. Сондай-ақ, барлық шығындарыңызды, оның ішінде кредит төлемін жазып жүріңіз, әрдайым сақталуы керек чектерді қайта қарап шығыңыз және дүкеннен шыққаннан кейін бірден тастамаңыз. Қай жерде қателескеніңізге көз жеткізіңіз: негізсіз шығындар, мысалы, асханада немесе кафеде жұмсалған ақша, көптеген ұсақ-түйектерді сатып алу секілді.

Әрі қарай, бұрын жіберілген барлық кемшіліктерді ескере отырып, жаңа қаржылық жоспар құрыңыз. Ең жақсысы – қанша үнемдегеніңізді есептеңіз. Бұл соманы депозитке аударыңыз немесе ақша жинайтын сандықшаға салыңыз.

Ең бастысы – осы жоспарды үш апта бойы ұстану. «Атомдық әдеттер» кітабының авторы Джеймс Клир айтқандай: «Күнделікті әдеттер – бұл үлкен армандарды шындыққа айналдыратын кішкентай, қайталанатын әдеттер». Егер сіз мұны күн сайын үш апта бойы жасасаңыз, бюджетті сақтау сізге әлдеқайда жеңіл және оңай болады және сіз қаржылық мақсатыңызға бір қадам жақындайсыз. Уақыт өте келе сіз оған тек түзетулер енгізіп, жаңаларын қосуыңыз керек.

 

Дайындаған Жасұлан СЕЙІЛХАН,

журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support