Жамбылда не жаңалық?
Қазақстанның әлемдік медицинаға қосқан үлесі
- author «Ақ жол»
- 12 желтоқсан, 2022
- 200
Қазақстанның әлемдік медицинаға қосқан үлесі
Алматы декларациясы
Адам денсаулығы қашаннан да маңызды. Қай елде, қай мемлекетте болмасын, жер бетінде басты байлық адам болып саналады. Сондықтан ғылым мен техника дамыған сайын медицина саласы да барынша дамып келеді. Медицинаның дамуы ол адам өмірінің кепілі. Міне осыны терең түсінген дүние жүзі халқы бұл салаға жаппай мән беріп келе жатыр. Оның ішінде Қазақстан өзінің жаһандық бастамаларымен танылып, қандайда да бір әлемдік тақырып көтерілсе, соның бастамашысы бола білді. Міне соның бір дәлелі алдын ала Ташкентте өтеді деп жоспарланып, кейіннен 1976 жылы Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы Женевада өткен мәжiлiсте өздерiнiң медициналық жедел жәрдем мәселесiне арналған кезектi конференциясын Кеңес Одағында өткiзу туралы шешiм қабылдауы еді. Міне осы шешімнің нәтижесінде сол кездегі Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрi Төрегелді Шарманұлы бастап, Компартияның Саяси Бюросының мүшесi Д.Қонаевтың тікелей араласуы арқылы 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің бірлесуі арқылы алғашқы медициналық жәрдем тақырыбында атақты Алматы конференциясы өтті. Бұл адамзат тарихында медицина саласының «Ұлы хартиясы» деген атпен тарихта қалды. Дәл осы құжат қабылданғанға дейін, дүние жүзінде жылына бес жасқа дейінгі 15 миллион бала қайтыс болады екен. Ал құжат қабылданғаннан кейін бұл көрсеткіш бірте-бірте төмендеп, 1990 жылы баланың өлім-жітімі 13 миллионға дейін төмендеген. Ал 2007 жылға келгенде балалар өлімінің саны мүлдем төмен көрсеткішті көрсеткен. Міне осыдан-ақ Алматыда қабылданған бұл құжаттың қаншалықты маңызды екенін білуге болады. Оның үстіне бұл құжат біздің елге де өз тиімділігін көрсетті. Өйткені біздің халықтың тең жартысы ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан алғашқы санитарлық көмек пен дәрігерлер өте қажетті болды. Одан бөлек сол құжаттың негізінде ғана дүние жүзі мемлекеттері адамдарға алғашқы медициналық жәрдем беру құқына ие болған және Алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң ұлттық жүйесiн ұйымдастыру тұжырымдамасы алғаш рет құжат негізінде бекiтiлдi. Міне бұл құжаттың біздің елде қабылдануының өзі біздің әлемдік деңгейдегі орнымыздың тұрақтануына үлкен әсері болғаны анық. Тіпті осы конференциядан кейін Қазақстан деген елдің даңқы мен аты шарықтап кетті деуге де болады. 146 елдің денсаулық сақтау министрлері мен көшбасшылары келген бұл халықаралық конференцияда қол қойылған құжаттың негізінде қазір халықтың 80 пайызы алғашқы медициналық көмек ала алып отыр. Міне бұл біздің әлем алдындағы беделіміздің өсуімен қатар, халқымыздың ертеңі үшін жасаған ең тарихи қадамдарымыздың бірі болып саналады. Ол сонысымен де бірегей, сонысымен де құнды. Тіпті ол біздің елдің ғана емес, ХХ ғасырдағы дүниежүзiлiк денсаулық сақтаудың iргетасын қалаған құжаттардың бiрi. Осыдан 44 жыл бұрын қабылданған құжаттың біздің өміріміздегі маңыздылығы әлі жойылған жоқ. Керісінше медициналық көмек көрсетудiң қолжетiмдiлiгiн, сапасы мен сабақтастығын қамтамасыз ету, тұрғындардың денсаулығы мен әл-қуатын тұрақты жақсарту бүгiнде еліміздің және дүние жүзі халқының басым бағыттарының бiрiне айналып үлгерді. Қалай болмасын Алматы декларациясы ол әлем халқының мүддесі үшін қабылданған бірегей құжат.Астана декларациясы
Тәуелсіздік алғаннан кейін жаһандық бастаманың тағы бірі ол Астана конференциясы. Бұл 2018 жылы Астана қаласында өткен, халықаралық жиын. Бір жағынан бұл 1978 жылы Алматыда өткен әлемдік конференцияның жалғасы іспетті. Шын мәнінде 40 жылдан кейін қайтадан Қазақстанда өткен бұл жиналыс тәуелсіз елдің тарихын жаңғыртты. Он сегіз мың ғаламда жасап жатқан миллиардтаған халықтың тағдырын шешіп, ғұмыр сүру деңгейін ұзартқан, бала мен ана өлімін азайтқан Алматыдағы ұлы жиналыстан кейін, қайтадан Астанада әлемдік деңгейдегі ғалымдар мен 140-тан аса елден 1500-ге жуық өкіл қатысқан конференцияның орны бөлек болды. Әрі бұл жолы жиналудың мәнісі де зор. 1978 жылғы жиналыста алғашқы көмек мәселесі мен инфекциялық аурулар өте маңызды мәселе ретінде қаралып, талқыланса, бұл жолы керісінше медицина саласындағы ол мәселелер күн тәртібінен алынып, қазіргі таңда болып жатқан, көбінде жұқпалы емес аурулар мен вакцинация және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету секілді маңызды қағидаттар басты назарда ұсталды. Солардан құтылудың жолы қаралды. Әрі ұшқан құстай дамыған заманның ағымына ілесіп медицина да дамып отыруы керек. Бұрынғы құрылғылардың бәрі жаңаруы керек деген сияқты түйткілді мәселелерді қаузап, ең озық технология талқыға салынып, адам өмірі бәрінен де қымбат екені тағы бір мәрте еске алынды. Сонымен қатар Астана декларациясы Алматы декларациясынан 40 жылдан кейінгі ғылыми-техникалық прогресті есепке ала отырып, түрлі жаңартылған құжаттарға қол қоюмен дараланды. Және бұрынғы қабылданған құжаттардың қағидаларын сақтауға баса мән беріп, барлық елде адам денсаулығына байланысты қабылданатын түрлі құжаттардың маңызды екенін айқындады. Сөйтіп егемен елдің тарихында бұл жаһандық деңгейде адамдардың денсаулығын жақсартуға үлес қосатын бағдарламалық құжат болып қалды. Алматы декларациясы қабылданғалы бері Қазақстанда ғана емес, әлемде де көптеген өзгерістер орын алды. Ал кеше ғана өткен Астана конференциясынан кейін әлемдік пандемияға душар болдық. Міне мұның бәрі де бізге адам өмірі мен денсаулығының қаншалықты маңызды екенін ескертті.Елдегі атқарылып жатқан жұмыстар
Міне осындай әлемдік бастамалардың көшбасшысы ретінде танылған Қазақстанның жаһан алдындағы бет-беделіне ешкім кір келтіре алмайды. Әрі осы құжаттардың негізінде қазіргі таңда ана мен бала өлімі азайып, түрлі қауіпті дерттің алдын алып жатырмыз. Сонымен қатар адам денсаулығына байланысты өз еліміз тарапынан да жан-жақты іс-шаралар қабылданып, «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» сияқты бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылды. Қазақстан қашанда адам денсаулығын басты назарда ұстап келеді. Мысалы, бір ғана біздің облысымызда «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстардың өзі жетерлік. Атап айтар болсақ, жалпы облыста 388 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетеді. 11 жылжымалы медициналық кешен бар. Олар халықты денсаулық сақтау қызметтерімен кеңінен қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеп жатыр. Жыл аяғына дейін медициналық кешендермен 322 елді мекенді қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 281 елді мекен медициналық кешендермен қамтылған. Әрі осы елдімекендердегі 239269 адамды медициналық тексерумен қамту жоспарланған болса, қазіргі таңда биылғы 9 айдың нәтижесі бойынша 214967 адам медициналық тексеруден өткен. Оның ішінде 59133 бала бар. Ал енді ана мен бала өліміне байланысты нәтижеге сүйенсек, жыл басынан бері ана өлімінің 1 жағдайы тіркелген, 134 нәресте шетінеген. Алайда бұл 9 айдың нәтижесі бойынша былтырғыға қарағанда 50 балаға аз. Сондықтан ана мен бала өлімінің көрсеткіші азайып келе жатыр деуге болады. Әрі жыл сайын ана мен нәресте денсаулығын жақсартып, алдын алуға аса көңіл бөлінуде. Сондай-ақ жүкті әйелдерді босануға дейінгі жеке және салааралық бақылаумен қамтуды ұлғайту да көзделіп отыр. Ал нәресте өлім-жітімінің алдын алу мақсатында, 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамтуды ұлғайту 95,2 пайызды құраған. Қазіргі таңда облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы неврология, нейрохирургия, ортопедия, травматология бейіндері бойынша да жұмыстар істеуде. Бұдан бөлек, облыс әкімдігі алдағы уақытта қала халқына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету, әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту мақсатында, «Саламатты қалалар, өңірлер» жобасы енгізілуде, әрі «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасына сәйкес келесі көрсеткіштің 2022 жылдың І жартыжылдығы бойынша да жұмыстар қарқынды жүруде. Міне мұның бәрі де еліміздің медицина саласына баса мән беріп келе жатқанының, Қазақстанның халық өмірі үшін қабылдап жатқан шараларының маңызы зор екенінің дәлелі. Әрі біз жоғарыда атап өткен декларацияның барлығы Қазақстанның күллі адамзат үшін денсаулық саласына қосқан үлесі болып есептелмек.Шапағат ӘБДІР,
журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді