«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Кәсіподақ мүшелерінің мүддесі – басты назарда»

«Кәсіподақ мүшелерінің мүддесі – басты назарда»
ашық дереккөз
«Кәсіподақ мүшелерінің мүддесі – басты назарда»
Еңбек қатынастарының қалыпты өрбуінде, жұмысшылар құқықтарының қорғалуында кәсіподақ ұйымдарына жүктелер жауапкершілік жоғары. Бұл ұйым қызметкерлердің құқығын қорғаумен қатар, олардың атқарған жұмысына қарай уақтылы демалыс алып, қаржылай қолдау табуына да ықпал етеді. Бүгінгі уақытта кәсіподақ ұйымының атқарып отырған жұмыстары қандай, бұл салада нендей жаңашылдық бар? Осы сұрақтар төңірегінде «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаевпен сұхбаттасқан едік. – Дүйсенәлі Дыбысалыұлы, айтыңызшы, бүгінде кәсіподақтың қоғамдағы рөлі неде? – Кәсіподақтың басты қызметі – жұмыс істеуші азаматтардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын және кәсіптік қызығушылықтарын қорғау. Расында да, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы байланысты реттеп, орын алған олқылықты ушықтырмай шешуді, жеңілдіктермен жолдама беру, қайырымдылық шараларын өткізумен шектелмей, сонымен қатар кәсіподақ қызметкерлерінің еңбек демалыстарын дұрыс ұйымдастыру, еңбекке жарамсыздыққа сәйкес берілетін және басқа әлеуметтік көмектердің уақтылы берілуін, зейнетақы қорына тиісті қаржының дер кезінде аударылуын қадағалау, еңбек дауларын, арыз-шағымдарды уақтылы шешуді өзіне негізгі міндет еткен кәсіподақтың қызметі зор. Кәсіподақ – еліміздің 2 миллионнан астам еңбекке қабілетті тұрғынын біріктіретін демократиялық ұйым, бұл үлкен көрсеткіш және кәсіподақтың ортақ жемісті жұмыстарының нәтижесі. Бастауыш кәсіподақ ұйымының негізгі мақсаттары – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік және еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін білдіру және қорғау. Әрбір мәдениет, спорт, туризм және ақпарат мекемелері мен кәсіпорындарында әлеуметтік қамсыздандыру және еңбек кепілдіктері жөніндегі қызметкерлердің құқықтары жөнінде, мекеменің (кәсіпорынның) қызметіне қолайлы жағдай жасау мақсатында жұмыс беруші мен қызметкерлер және кәсіподақ комитеті (бастама тобы) атынан өзара бірлесіп, ұжымдық шарттар жасалған. Ол Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жасалған. Ұжымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылып, олар еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттар мен кәсіптік жарақаттардың алдын алу бойынша жұмыс беруші мен қызметкерлердің бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастырады. Сондай-ақ жұмыс орындарында еңбек жағдайлары мен еңбек қорғау ісін тексеруді ұйымдастыратын техникалық қызметкерлер жұмыс атқарады. Кәсіподақ комитеті қызметкерлерге қиын материалдық жағдайына байланысты өтініш берген кезде және оны қарағаннан кейін материалдық көмек көрсетеді. – Қарапайым жұмысшылардың құқықтарын қорғауда қандай жаңалықтар қолға алынып жатыр? – Осы жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауынан басталды. Жалпы, Жолдауда айқындалған бастамалар еліміздің саяси жүйесін және әкімшілік-аумақтық құрылымын барынша өзгертуде демократиялық модельге көшуге бағытталып отыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Мұны оң өзгерістердің бастауы деп білеміз. Еңбеккерлерді әлеуметтік қорғаудың деңгейі көтеріліп, еңбек қатынастары туралы ұлттық заңдарымыз жетілдіріліп келеді, кәсіподақтардың орны нығая түсті. Біздің мақсатымыз – лайықты жұмыс принциптері мен стандарттарына негізделген еңбек қатынасын және оларды құқықтық реттеуді жақсарту. Кәсіподақ еңбек барысында туындайтын мәселелерді шешуде елеулі рөл атқарады. Осы орайда Қазақстан кәсіподақтары еңбек адамының құқықтарын қорғау, олардың лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында жаңа іргелі ізденістерді қолға алуда. Бүгінде біздің саламызда 5791 кәсіподақ мүшесін біріктіретін 129 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Еңбекшілердің жалпы саны бойынша алсақ, 98 пайызы кәсіподақ мүшелігін құрайды. Жоспарлы түрде бастауыш кәсіподақ ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбек тәртібінің сақталуы, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қаржы тәртібінің орындалуы қадағаланып, әдістемелік көмектер көрсетіліп отырады. Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген шаралар да қолға алынып жатыр. Міне, үш жыл болды, «Кәсіподақтың мейірім акциясы» аясында қасиетті Рамазан айында саладағы әлеуметтік жағдайы төмен кәсіподақ мүшелеріне азық-түлік себеттерін беруді дәстүрге айналдырдық. ҚР Кәсіподақтар федерациясының биылғы маңызды оқиғаларына тоқталсақ, алдымен ең төменгі жалақыны өзгерту мәселесін қарастыратын жұмыс тобына федерация өкілдерінің қосылғанын қуана айта аламыз. Биылғы қаңтар айында республикалық үшжақты комиссия еңбекті қорғау жүйесінің қағидаттарын түбегейлі өзгертуге арналған Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдады. 2022 жылдың 23 тамызында әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауда кәсіподақ ұйымдарының рөлін күшейту жөніндегі Жол картасы қабылданып, бекітілді. ҚР Кәсіподақтар федерациясы Үкіметтің сәуір айындағы 2025 жылға дейін халық табысын арттыру бағдарламасына енгізу үшін бірқатар ұсыныстарға бастамашы болды. Ең алдымен ҚР КФ еңбекақыны анықтау тетіктерін қайта қарау туралы ұсыныс берді. – Бүгінде кәсіподақ ұйымының жетекшісіне қойылатын талаптар қандай? Осы жайында айтып берсеңіз... – Жалпы, барлық еңбек ұжымдары есеп беру-сайлау жиналыстарында өздерінің қалауымен қоғамдық негізде бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасын немесе төрайымын сайлайды. Жұмыстың пәрменді болуы олардың біліктілігіне тікелей байланысты. Сайланған адам сауатты маман болуымен бірге, еңбектің құқықтық-заңнамалық негіздерін бес саусағындай меңгеруі керек. Бойларында адами қасиеттері, адамға жанашырлығы биік дәрежеде болуы тиіс. «Көшбасшы» сөзі өзінің соңынан адамдарды ілестіре алатын, сөйлеген сөзімен де, өнегелі ісімен де ықпал ете білетін кісіге қатысты айтылған. Мысалы, Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Жұпаркүл Мелдебекова 29 жыл бойы бір орында қоғамдық жұмысын табан аудармастан атқарып, әріптестерінің жанашыры, қорғаушысы болып, ұжымына көмегі тиіп жүрген жандардың қатарында. Сондай-ақ Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап кітапханасының кәсіподақ көшбасшысы Ж.Жетпісбаева, Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кәсіподақ көшбасшысы М.Расулова, облыстық көзі нашар көретін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхананың кәсіподақ көшбасшысы Г.Сейтбаева, Жамбыл аудандық мәдениет үйінің кәсіподақ көшбасшысы А.Есмұрзаева сынды жетекшілерді мақтана айтуға болады. Спорт саласында да білікті, білімді кәсіподақ көшбасшылары жетерлік. Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының Жоғары спорт шеберлігі мектебінің кәсіподақ көшбасшысы Н.Қалматаев, Бұқаралық-спорттық шараларды өткізу орталығында Е.Қалкеев, олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде М.Абдикаримова және тағы да басқа өз ісінің шеберлері бар. Жалпы айтқанда, өзінің негізгі жұмысымен қатар қоғамдық жұмысты да өз деңгейінде атқарып жүрген адамдар аз емес. Ең алдымен, оларды еңбек адамы қызықтырады. Ол қалай жұмыс істейді, қалай демалады, біліктілігін қалай арттырады, оның жұмыс жағдайы мен жалақысы қандай? Кімге қандай көмек керек? Міне, осы мәселелерді білетін адам, бастауыш кәсіподақ ұйымындағы бар қызметкерлердің тұрмыс жағдайын жақсы білетін азаматтар, олар нағыз көшбасшы бола алады. Облыстық филиал үш әлеуметтік әріптестікпен, яғни, мәдениет, спорт және туризм басқармаларымен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде. Сала қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған Ұжымдық шарттарға еңбекшілерге қосымша кепілдіктер беретін жаңа өзгерістер енгізіліп, орындалуы басты назарда. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ-нің облыстық филиалы арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімге сәйкес жұмысшыларға жалақысы сақталатын әкімшілік демалыс беріледі. ҚР Еңбек кодексінің 89-бабының 3-тармағына сәйкес, қызметкерлерге үздіксіз ұзақ жұмысты, маңызды, күрделі, жедел жұмыстарды, сондай-ақ өзге де сипаттағы жұмыстарды орындағаны үшін көтермелеу сипатындағы жыл сайынғы ақы төленетін қосымша демалыстар 3-7 күнге дейін беріледі. Оның ішінде бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасына жыл сайынғы кезекті еңбек демалысына қоса ақысы төленетін қосымша демалыстар 7 күнтізбелік күн, кәсіподақ комитетінің мүшелеріне 5 күнтізбелік күн беріледі. Қызметкерлерге маңызды, күрделі, жедел жұмыстарды орындағаны үшін 3 күнтізбелік күн беріледі. ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 24-тармақшасында көзделген негіз бойынша еңбек шартын бұзуға және жұмыс берушінің актісінде айқындалатын мөлшерде өтемақы төлене отырып, жұмыскер «Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін, еңбек шартын бұзу күніне дейін кемінде бір ай қалғанда жұмыскерді хабардар ете отырып жол беріледі. Қызметкерлермен ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 24-тармақшасында көзделген негіз бойынша еңбек шарты бұзылған кезде, оларға жұмыс беруші екі айлық көлемінде өтемақы төлейді деп келісімдерге қол қойылған және мекемелердің (кәсіпорындар) ұжымдық шарттарына осы ережелер енгізілген. Кәсіподақ жұмысының тиімділігін арттырудың жолдары сан алуан. Солардың бірі – әлеуметтік әріптестік көкжиегін кеңейту десек, қателеспейміз. Биыл 129 ұжымдық келісімшарт жасалып, былтырғы деңгейге қарағанда санының да, сапасының да артқаны байқалады. Тәуелсіз еліміздегі кәсіподақ ұйымының мәртебесін көтеруге, еңбек адамы құқықтарының бұзылуына жол бермеуге және кәсіподақтың имиджін арттыруға және дамытуға бағытталған конкурстар ұйымдастырылып келеді. Кәсіподақ көшбасшыларының білімін жетілдіру мақсатында 7 семинар-кеңес, бірнеше кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізіліп, оларға 139 кәсіподақ көшбасшысы қатысты. Атап айтқанда, облыстық кәсіподақтар орталығы «Аймақтық кәсіподақтар бірлестігінің» және облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы қызметкерлерінің қатысуымен «Еңбеккерлердің құқығы – басты назарда» атты дөңгелек үстел өтті. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы төлемдері және медициналық, әлеуметтік өмірді сақтандыру тәртібі» атты облыстық көшпелі семинар-кеңес «Меркі родон» шипажайында осы мекемеден бірқатар мамандар шақырылып, өткізілді. Сонымен қатар республикалық салалық кәсіподақ пен федерация тарапынан, облыстық кәсіподақтан да жан-жақты қолдау көрсетіліп, онлайн семинарлар өткізіліп келеді. Барлық онлайн семинарларға бастауыш кәсіподақ төрағалары мен келісу комиссиясының мүшелерін барынша қатыстырып, олардың сабақ алуына жағдай жасалды. Бұл семинар-кеңестердің пайдасы өте зор, оған қатысушылар өздерінің жұмысына қажетті көп мағлұмат алды деп ойлаймын. Салалық кәсіподақ әлеуметтік әріптестікті дамытып, нығайту, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау, кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелерін сауықтыру жұмыстарын ұтымды ұйымдастырып, кәсіподақтардың үздік дәстүрлерін жаңғыртуға айрықша көңіл бөлуде. 2022 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін сала қызметкерлерінің 161 жазбаша өтініші қаралса, 230-дан аса ауызша кеңестер берілді. Биыл 9 айда 391 адам кәсіподақ кеңесіне жүгінді. Бұл көрсеткіштер кәсіподаққа сала қызметкерлерінің сенімі артқанын, кәсіподақтың нақты көмегін сезінгенін көрсетеді деп білеміз. – Бүгінде өзіңіз басқарып отырған кәсіподақ ұйымында қандай жағымды серпілістер бар? – Кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын түзету мақсатында Жаңақорған, Сарыағаш, Манкент, Тауқымыз, Айша бибі, ГРЭС шипажайларында 52 кәсіподақ мүшесінің ем алуы ұйымдастырылды. Түркістан саяхатына 50 кәсіподақ мүшесін апардық. 48 адам жазғы демалыстарында Ыстықкөлдің жағажайында демалып қайтты. Биыл «Әлеуметтік әріптестік жылы» аясында жарияланған республикалық конкурстардың «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» және «Үздік филиал» аталымдары бойынша біздің облыстық филиал мен қаладағы №3 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бірінші орынға ие болды. Биыл Үкімет 24 қазанды «Кітапханашылар күні» деп жаңа кәсіби мерекені бекіткені белгілі. Бұл мәселені шешуде мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы (төрайымы Светлана Иманқұлова) белсенді рөл атқарды. Жобаны қабылдаудың мақсаты – кітапханашы мамандығының имиджін арттыру және оны кәсіби аренада ынталандыру. Дәстүрлі түрде кәсіби мерекелерде үздік кәсіподақ мүшелерін кәсіподақтың жоғары марапаттарымен – төсбелгілермен, Құрмет грамоталарымен марапаттау іс-шаралары ұйымдастырылып келеді. Биыл «Еңбек даңқы» төсбелгісімен 13 спортшы, 11 мәдениет қызметкері, барлығы 24 адам марапатталды. Салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасымен 23 адам, облыстың Құрмет грамотасымен 136 адам, облыстық аумақтық кәсіподақ орталығының Құрмет грамотасымен 4 адам, жалпы айтқанда 187 адам түрлі марапатқа ие болды. Салалық кәсіподақ қызметінің маңызды мәселелерінің бірі – басшылықпен бірлесіп, қызметкерлердің қолайлы жұмыс жағдайын ұйымдастыру. Қай кезде болмасын мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері қоғамның белсенді мүшесі, белгілі бір әлеуметтік топ болып саналады. Ол қоғамда болып жатқан әлеуметтік, саяси-экономикалық, рухани өзгерістер мен жаңалықтардан тыс қала алмайды. Қызметкерлердің шығармашылық жұмыс жасауына, еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік жағдайына назар аудару, өзін ұжымда және басқа ортада еркін сезініп, талапты еңбек етуі мен іс-әрекетіне жағдай туғызу, әлеуметтік қоғамда мәдениет пен спорт қызметкерлерінің мәртебесінің өсуін, әлеуметтік жеңілдіктер мен ынталандыру жолдарын қарастыру – кәсіподақтың негізгі жұмысы. Міне, осы міндетті жүйелі ұйымдастырудың арқасында бізде даулы мәселелер орын алған жоқ. Еңбеккерлердің мүддесі – басты назарда! – Сұхбатыңызға рақмет!  

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА.

Ұқсас жаңалықтар