Нарықта тұрақтылықты қалыпты ұстау керек
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлар бағасы қаралды. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, Сауда және интеграция министрлігімен өткен әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру кеңесінде облысымыз өңірлер арасында 9 балдық көрсеткішке ие болса, 3 желтоқсанда бағаны тұрақтандыру кеңесінде Жамбыл облысы өңірлер арасында 14 балмен жоғары көрсеткіш көрсеткен. – Бағаны тұрақтандыру шараларының бастапқы мәселесі сауда дүкендеріне мониторинг, хаттамалық ескерту және айыппұл салу. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 204-бабы 4-тармағына сәйкес, сауда үстемесін қайта бұзғаны үшін аймақтағы 5 сауда нүктесіне 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл ретте 3 аудан және 1 қала әкімдіктеріне ғана айыппұл салынған. Сонымен қатар сауда үстемақысы бойынша жоғарыдағы бабқа сәйкес 33 дүкенге хаттамалық ескерту берілді. Соңғы аптада облыс бойынша 324 дүкенге мониторинг жұмыстары жүргізілді, – деді Аспандияр Мұраталыұлы.
Басқарма басшысы кәсіпкерлік кодексінің 141-бабының 3-тармағына сәйкес, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау келесі жылы жүргізілетінін тілге тиек етті. Сондықтан 10 желтоқсанға дейін тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі жүйесіне енгізу қажет екен.
Қазіргі таңда жоғарыда аталған заңнамаға сәйкес қала және аудан аумағындағы барлық сауда дүкендерінің тізімі жаңа жүйеге енгізіліп, келесі жылдың жарты жылында енгізілген дүкендердің 5 пайызына дейін ресми түрде тексеру жұмыстары жүргізіледі.
Қазір бұл жаңа жүйеге облыстағы 1845 дүкен енген. Осы бойынша Сауда және интеграция министрлігінен тексерулер бойынша арнайы критерийлері күтілуде екен.
Өңірде 155 сауда дүкеніне отандық тауар өндірушіден тікелей делдалсыз әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының 9 түрі бойынша 2956 тонна көлемінде тауар жеткізіліпті.
– Бұл ретте «Айналым схемасы» арқылы Тараз қаласындағы ірі супермаркеттерге нарықтық бағадан 30 пайызға төмен тауық жұмыртқасының бір данасы 45 теңгеден тікелей жеткізіліп, қазір данасы 49 теңгеден өткерілуде.
Жұмыртқа бағасы 15 қарашада данасына 70 теңгені құраса, «Айналым схемасы» тетігін пайдалана отырып нарықтық баға 49 теңге деңгейінде қалыптастырылды. Қарақұмық жармасын нарықтық бағадан 23 пайызға төмен, яғни келісі 480 теңгеден тікелей ірі сауда желілеріне жеткізіліп, қазір келісі 505 теңгеден өткеріліп жатыр. Бұл тауар түрінің бағасы 15 қазанда келісіне 650 теңге болған еді, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ басқарма басшысы әлеуметтік маңызды азық- түлік тауарларының экспорт, импорт тауар айналымында Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратында облыстағы пияз және картоп тауарларының экспорт көлемі төмен көрсетілгенін тілге тиек етті. Ол алдағы уақытта аймақта тауық еті, жұмыртқа, күнбағыс сұйық май, күріш, картоп және пияз тауарлары қымбаттауы мүмкін екендігін айтты.
Басқарма басшысының және қатысушылардың пікірін тыңдаған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бағаны тұрақтандыру бойынша құрылған комиссияның жұмысын ширатуды атап өтті. «Біздің басты мақсатымыз – «көлеңкелі бизнесті» реттеп, «делдалдар шынжырын» үзу. Қазір үй ауласындағы дүкендер тауарды «Ауыл-Береке» базарынан тасымалдайды. Ортадағы «делдалдардың» саудасы жүріп тұр. Тіпті, сол базарға тауар алып келген жүк көліктерінің иелері тауарларын көтерме бағамен сата алмайды. Тауарды ондағы алыпсатарлар сатып алады. Өңірдегі шаруа қожалық өкілдерін базарға «делдалсыз» кіргізу мәселесін де реттеген дұрыс. Өнім өндіреміз, ал өткеруге келгенде кедергі көп. Ол базарда көкөніс өнімдері арзан болғанымен, қалған тауар түрлерінің бағасы ірі сауда орындарынан қымбат. Бағаны тұрақтандыруда «Тараз» ӘКК-ның өз қоймасы болуы керек. Сондықтан «Тараз» ӘКК Ережесіне өзгерістер енгізіп, қойма салу мәселесін күн тәртібіне шығару керек. Тіпті, «Фиркан», «Нұрислам» ірі сауда орындарында сөрелерді жалға алу құны қымбат. Ондай нүктелерге ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер бара бермейді. Жаңа жыл қарсаңында дүкендерде баға күрт өсетіні белгілі. Сондықтан бағаның негізсіз көтерілуіне жол берілмеу керек», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы нан бағасын да бақылауда ұстау керектігін айтты. Жиында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Тараз» ӘКК-мен берілген, қала аумағында тұрған 56 дүңгіршектің басындағы пайдалану мақсаты өзгеріп, қазір онда «фастфуд», ұялы телефон жөндейтін, сататын сауда нүктелері жұмыс істеп тұрғандығын алға тартты. Және коммуналдық базарларды қайта жандандыру, ол жерлерден ауылдың шаруаларына сауда нүктелерін беру, «Бір ауыл – бір өнім» акциясын қолдау бойынша жұмыстар қолға алынса деді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі: «Шаруалар өз өнімдерін өткеруге қолайлы орынның бірі – «Гранд базар» аумағы. Ол жерді толық пайдалануға болады. Облыс орталығындағы коммуналдық базар аумағынан да орын беріңіздер. Алдағы уақытта коммуналдық базар құрылысын жүргізетін аумақты анықтасаңыздар, қолдау болады. Қосымша «Ауыл-Береке» базарындағы олқылықтарды реттеп, үй ауласындағы дүкендердің үстеме бағаны 15 пайыздан жоғары қойғандарына шара қолдануды комиссия бақылауға алады», – деді.
Ерман ӘБДИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді