Уақтылы скрининг – денсаулыққа қамқорлық
Денсаулық – зор байлық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында денсаулық саласына айрықша басымдық беріп отыр. «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», – деді Президент. Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан сырқаттармен жұмыс істерде, алдымен аурудың ерте сатысында анықтау маңызды. Бұл істе скринингтердің көмегі зор. Денсаулық сақтау саласында қабылданған «2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын іске асыру, ауруды ерте сатысында анықтау және алдын алу мақсатында 2022 жылдан бастап ауыл тұрғындары үшін скринингтер енгізілді.
Қарапайым тұрғын оның мағынасын түсінбеуі бек мүмкін. Яғни скрининг – бұл белгілі бір жастағы сау адамдарға қауіп факторлары мен ауруларды ерте сатысында анықтау үшін профилактикалық медициналық тексеру. Тексерулер ауруды ерте кезеңде немесе оған бейімділікті анықтауға, оңтайлы емдеуді таңдауға және алдын алу шараларының кешенін тағайындауға көмектеседі. Одан артериялық гипертензиямен, жүректің ишемиялық ауруымен және қант диабетімен, глаукомамен динамикалық бақылауда тұрмайтын 18 бен 39 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер өтеді.
Сонымен қатар асқазан-ішек жолдарының аурулары және созылмалы бүйрек ауруларымен динамикалық бақылауда тұрмайтын 18 бен 70 жас аралығындағы, тыныс алу органдарының туберкулезімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 50 мен 70 жасқа дейінгі, простата обырымен динамикалық бақылауда тұрмайтын 55 пен 70 жас аралығындағы ел азаматтары скринингтік зерттеулерден өткізіледі.
Тексеріс барысында сырқат тамақтану, жаман әдеттердің болу- болмауы, физикалық белсенділік деңгейі, тұқым қуалайтын аурулары және тағы басқа сұрақтарға жауап береді. Науқастың бойы мен салмағы бірден өлшенеді, Кеттле индексі анықталады, холестерин мен қандағы қант деңгейі экспресс әдісімен анықталады, қан қысымы мен көзішілік қысым өлшенеді. Қажет болған жағдайда, дәрігер қосымша тексеруге немесе керекті маманнан кеңес алуға жолдама береді.
Науқас скринингтік кабинетте тексеруден өткеннен кейін ол онкопатологияға тексеріледі. Мысалы, 30-70 жас аралығындағы әйелдер тексеру кабинетінде онкоцитологияға жағынды тапсырады, 40-70 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обырын ерте анықтауға маммографиядан өтеді, ал 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер тік ішектің онкологиялық ауруларын ерте анықтау үшін нәжісті жасырын қанға тапсырады.
Ауданда медициналық қызметті аудандық орталық ауруханасына қарасты 8 дәрігерлік амбулатория, 34 медициналық және 4 фельдшер акушерлік пункт атқаруда. Аудан халқының саны 45 924. Қазіргі таңда жасына сәйкес скринингтік тексеруден жоспарға сай өткізілген тұрғындар санына тоқталар болсақ, яғни, сүт безі қатерлі ісігіне тексеруден 408 адам өтіп, бұл бойынша сырқат анықталмаған, ал қуықасты безі қатерлі ісігі сырқаты бойынша (55-70 жас аралығындағы ерлер) 806 азамат өтіп, оның 40-нан ауру белгілері табылған. Қан айналым жүйесі, қант диабеті, ішкі көз қысымы ауруына (18-29 жас аралығындағы тұрғындар) 3 354 тұрғынды тарту көзделсе, скринингтен 3 200 адам өткен. Бұл дерт 289 адамнан анықталып отыр.
Асқазан ішек жүйесі аурулары бойынша өткен 7 326 адамның 296-сында сырқат белгілері байқалған. Бүйректің созылмалы ауруына жүргізілген зерттеу 7 389 адамның 450-інде өзгеріс барын көрсеткен. Өкпе созылмалы ауруы бойынша (50-70 жас аралығындағы тұрғындар) 2 451 азаматты өткізу жоспарланса, одан 2 307 адам өтіп, 12 адамнан өкпе созылмалы дерті анықталып отыр.
Скринингтік зерттеу аяқталғаннан кейін дәрігер бейінді мамандардың және зертханалық-диагностикалық зерттеулердің қорытындысын ескере отырып, динамикалық бақылаудың бірнеше тобына сай бөлінеді. Сол бойынша емдеу амалдары жүргізіледі.
Тексеру барысында анықталған созылмалы аурулары бар адамдар денсаулықты қалпына келтіруге, сауықтыруға және нығайтуға бағытталған емдеу-профилактикалық іс-шаралар кешенін кеңінен жүргізе отырып, созылмалы аурулар тізбесіне сәйкес есепке алынуға және динамикалық бақылауға жатады. Жіті аурулар анықталған кезде тексеру, емдеу жүргізіледі, содан кейін толық сауығып кеткенге дейін денсаулық жағдайы бақылауға алынады.
Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық қарап-тексеруді ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында ағымдағы жылы 1, 3, 6 және 14 жастағы балаларға аса назар аудара отырып, зертханалық зерттеулердің қосымша әдістерін қоса отырып, профилактикалық қарап-тексеру пакеттерін кеңейту жоспарлануда.
Президентіміздің Жолдауда айтқанындай, әрбір ел азаматы медициналық көмек алуға, аурудың алдын алуына мүмкіндігі бар. Тексерілемін деген азаматтарға барлық медициналық мекемелердің есігі ашық. Скринингтен өту үшін сіз тіркелген жеріңіз бойынша емханаға баруыңыз керек. Ол үшін әрбір алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелерінде скринингтік кабинеттер бар. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болуы тиіс.
Батырбек ҮСЕНБАЕВ,
аудан орталық ауруханасының бас дәрігері.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді