«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жұрт іздейтін дәрігер

Жұрт іздейтін дәрігер
ашық дереккөз
Жұрт іздейтін дәрігер
Алладан кейінгі өмір мен өлімнің арашасы атанған дәрігерлер қауымының ауыр мамандықтың жүгін жауапкершілікпен арқалайтынына дау жоқ. Осы бір мамандықты абыроймен атқарып жүрген, бүлдіршіндердің денсаулығын сақтау және нығайту жолында тер төгіп келе жатқан білікті мамандардың бірі – ортопед-травматолог Бахтияр Әбдікерімұлы. 1987 жылы шаруа отбасында өмірге келген Бахтияр Жұмабеков бала күннен-ақ дәрігер болуды мақсат тұтты. Жасөркен ауылында туып-өскен ол 7-сынып оқып жүргенде анасы егіз қарындасын өмірге әкеледі. Бір бауыры денсаулығына байланысты шетінеп кетті де, шала туған екіншісіне көп ем қажет болды. Анасы қаншама уақыт үй бетін көрмей, науқас нәрестенің емімен Алматы мен ауылдың арасында шапқылап жүрді. «Дәл осы уақытта әкем маған дәрігер мамандығы туралы көп дүниелер айтты. Дәрігер болсам, отбасыма ғана емес, бүкіл қоғамға пайдамның тиетіндігін санама әбден сіңірді. Содан ұзақ уақыт ойлана келе дәрігер болуды ұйғардым. Бұл шешімді 9-сынып оқып жүргенімде қабылдадым. Жалпы, медицина саласын таңдауыма әкемнің маған артқан үміті мен зор сенімі түрткі болды деп ойлаймын», – дейді ол қиын кезеңдерді бастан кешіргенін есіне алып. 2005 жылы Жасөркен орта мектебін бітірген Бахтияр Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің Педиатрия факультетіне оқуға түседі. Одан әрі Қарағанды облыстық балалар ауруханасының базасында интернатура бойынша білімін жалғастырады. 2016 жылы Алматы мемлекеттік дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтының травматология және ортопедия бөлімінде, одан кейін «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының» базасында резидентура бойынша білімін шыңдаған. Резидентурада оқып жүріп, алғашқы еңбек жолын №2 көпбейінді Нұр-Сұлтан қалалық балалар ауруханасында кезекші дәрігер ретінде бастайды. – Балалар ауруханасында 2014 жылы травматология және ортопедия бөлімшесі қайта құрылды. Сол кездегі аурухананың бас дәрігері Расулбек Аиповтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан осынау игі іс өз жемісін беруде. Бүгінде республика көлемінде травматология және ортопедия саласы қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде сала барысында елімізде емделмейтін аурулардың саны сирек. Бұған дейін балалар арасындағы жалған буын, сынық сүйек, бірнеше буын қозғалысының шектелуі сынды күрделі аурулармен бетпе-бет келген науқас балалардың ата-аналары емді шетел асып іздейтін. Ал қазіргі таңда Астана қаласындағы «Ана мен бала ғылыми орталығы» мен №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында күрделі оталардың басым бөлігі жасалуда. Былтырғы жылы ауруханамызда инновациялық әдістердің бірі – fassier-duval телескопиялық интрамедуллярлық өзектерді қолдану арқылы қаңқаның ұзын сүйектерінің деформацияларын жою отасын жасадық. Отаның артықшылығы – жеңіл орнату және ұзын құбырлы сүйектердің эпифиздерін жақсы бекітуде. Ресейдің танымал профессоры, EPOS Еуропалық балалар ортопедтері қоғамының мүшесі Константин Жердевпен бірге жасалған бұл ота мамандарымыздың біліктілігін арттыруға зор септігін тигізді. Болашақта да осындай инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдана бермекпіз», – дейді дәрігер. Үнемі ізденіс үстінде жүретін кейіпкеріміз 2019 жылы Мәскеудің Балалар денсаулығы ұлттық медициналық ғылыми орталығының базасында тәжірибе алмасып қайтқан. Өз саласының кәсіби маманынан бүгінгі таңда елімізде балалар арасында кездесетін аурулар түрін сұрағанымызда: «Осыдан оншақты жыл бұрын дисплазия ауруы жиі кездесетін. Ортопедия саласының дамуының арқасында аталмыш ауруды емдеу ісі дұрыс жолға қойылды. Нәтижесінде дисплазиямен ауыратын балалардың саны сиреді. Қазір туа пайда болған церебральды сал аурулары, артрогрипоз аурулары жиі кездесетін болды. Дегенмен аталмыш ауру түрлерін емдеу шараларын өз ауруханамызда жүргізіп келеміз», – деп жауабын берді. Облыста әрбір екі-үш ай сайын қабылдау жүргізіп жүрген білікті маман қаншама науқастың ем алып, сауығуына септігін тигізіп келеді. Бұл өз кезегінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі шалғай аймақтарда тұратын науқас балалардың ата-аналары үшін таптырмас мүмкіндік. Иә, осы тұста ортопед-травматолог ата-аналарға бірқатар кеңес те берді. – Бала дүниеге келгеннен кейін оның өміріндегі бірінші, үшінші, алтыншы айлық кезеңдерінде тиісті медициналық тексерулерден дер кезінде өтіп тұрғаны абзал. Әсіресе педиатр ұсынған әрбір маман кеңесін назардан тыс қалдырмаған жөн. Мәселен, біздің саладағы күрделі аурулар бала дүниеге келісімен білінеді. Оны емдеудің сатысы ата-анасына жете түсіндіріледі. Жамбас сан ауруларының дисплазиясын мүмкіндігінше ерте анықтап, дер кезінде ем жүргізудің қажеттігін баса айтқым келеді. Бұл тұрғыда ертерек ем жүргізілсе, күтілетін нәтиже де жақсы болмақ», – дейді ол. Бахтияр Әбдікерімұлы алдағы уақытта «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің маңдайалды мемлекеттерінде білімін жетілдіруді жоспарлап жүр. Мұндағы мақсаты – травматология және ортопедия саласы бойынша күрделі оталарды инновациялық тәсілмен емдеудің озық үлгілерін тереңірек меңгеру. Қолы алтын азамат бала кезінде әкесі артқан зор сенімнен шығып, бүгінде қоғамға пайдасын тигізе алатын деңгейге жетті. Білікті дәрігер кезінде өзі ота жасап, қазір аяғынан тік тұрып жүгіріп кеткен балақайлардың бірқатарының тұсауын кесіп, ақ жол тілегені бар. Осы бір әдемі үрдіс үнемі жалғасын таба берсе нұр үстіне нұр. Кейіпкеріміз өзі туып-өскен ауылын сағынышпен еске алады. Балалықтың қызықты естеліктері мен бауырмал тұрғындары оның жадында мәңгі сақтаулы. Бахтияр балаларға ота жасау үшін облысқа жиі келіп, ем-домын жүргізіп те кететінін айтады. Бұл – өлкеге деген сағыныш. Ауылдастары да білікті маманның тынымсыз еңбегіне қарап, оны мақтан етеді.  

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар