«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

қандай заман болса да, газет маңызды болып қалады

қандай заман болса да,  газет маңызды болып қалады
ашық дереккөз
қандай заман болса да, газет маңызды болып қалады

Әулиеата өңірі ғана емес, еліміздегі ең байырғы басылымдардың бірі саналатын облыстық «Знамя труда» газетіне 95 жыл толып отыр. Басылым бір ғасырға жуық уақыт өңір шежірешісі, жаңалық жаршысы, оқырман олжасы болып келеді. Біз осынау айтулы мерейтой қарсаңында газеттің бас редакторы Бекет МОМЫНҚҰЛМЕН арнайы жолығып, сұхбаттасқан едік.

2– Бекет Әбділдәұлы, «Знамя труда» бүгінгі ақпарат айдынында өзіндік орны, лайықты үні бар басылым. Дейтұрғанмен өткенсіз бүгіннің болмайтыны ақиқат. Әңгімеміздің әлқиссасын газеттің тарихынан бастасақ. Басылым алғашқыда қалай аталған еді? Кімдер басқарды?

– «Знамя труда» газетінің тарихы сонау 1919 жылдан бастау алады. «Аулиеатинский вестник» деген атаумен алғашқы саны тамыз айында жарыққа шыққан. Тарихшы Тельман Достанбаевтың жазуына қарағанда кезінде Ташкент қаласындағы мұрағаттан газеттің №4 саны табылған. Бастапқы нөмірлері жоқ. Қағаздың тапшылығына байланысты «Аулиеатинский вестниктің» небәрі 24-ақ саны оқырманға жол тартқан. Ал 1920 жылдың 30 қыркүйегінен газет «Вольная беднота» деген атпен шыға бастады. Мұнан кейінгі уақыттарда «Профессиональный вестник Аулие-Атинского уезда», «Дехканин», «За пятилетку», «Сталинский путь», «Коммунист», «Южный Казахстан», «Джамбул» деген атаулармен жарық көріп тұрды. 1963 жылдың 1 мамырынан «Знамя труда» атауымен шығып келеді. Басылымды бастапқы жылдары Анна Алматинская, Василий Молотов, Семен Паршенков сынды білікті мамандар басқарды. 1963 жылдан тоқсаныншы жылдарға дейін бас редактор қызметін Федор Рябов, Лев Негрышев, Николай Токарев атқарды. Бұрынғы редакторлардан білетінім, Лев Филиппович кең пейілді керемет кісі болатын. Оған университет қабырғасында оқып жүріп, осында дипломдық тәжірибеден өткенімде көзім жеткен. Николой Токарев те газетті бес жылға жуық басқарды. Ол алдында редактордың орынбасары болған. Мұнан кейінгі жылдары басылымның тізгінін Михаил Сергейчик, Вениамин Чундеров ұстады. 1997 жылы мен басшылыққа келдім. Одан кейін Диана Гончарук, Ирина Маликова, Владимир Козыренко, Людмила Перекольская, Игорь Неволин сынды азаматтардан кейін араға уақыт салып, бас редактор қызметіне қайта кіріскен жайымыз бар. Әр басшының өзіндік ерекшелігі болатыны заңдылық. Осы орайда мен Михаил Сергейчик пен Игорь Неволиннің кәсіби біліктілігі туралы үнемі айтып жүремін. Михаил Иванович газет басшылығына Алматы қаласынан келді. Ол кез партияның заманы еді ғой. Мінезі шатақ болатын. Бірақ, өз ісінің білгірі. Сол жылдары газеттің беделі де, таралымы да айтарлықтай өсті. Таралым саны 80 мыңнан астам болды. Өзі де тынбай жазатын. Газет болған соң кейде қате кетіп қалатыны бар. Сондай сәттерде Сергейчик журналистеріне сөз тигізбей, қызғыштай қорғап жататын. Бір мықтылығы сонда. Мен де осындай ұстанымдағы жанмын. Жастарды тәрбиелеп жатырмыз. Әркім келіп журналистке «әңгіме» айтпауы керек. Сондықтан оларды қорғау қажет. Игорь Неволиннің де газетті жақсы өзгерткенін айту керек. – Жаңа өзіңіз айтып өткендей, Михаил Сергейчик бас редактор болып тұрған тұста газет таралымының саны 87 мыңға жеткен. Білуімізше, қазір 11 мыңнан сәл ғана асады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? – Мұның себебі бұрынғы кейбір редакторлардың бостығына тікелей байланысты. Біріншіден, баспасөзге жазылым бойынша жұмыс жүргізілмеген. Екіншіден, газетте оқитын түк болмаса, оқырман қолын бір-ақ сілтейді де кетеді. Үшіншіден, орыс тілділердің көбінің өз жұртын тауып, қоныс аударып кетуі де таралым санына әсер етпей қойған жоқ. Төртіншіден, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы ұлғайып келеді. Мектептерде көбіне қазақ тілі оқытылады. Қазақша оқитындардың қатары көбейді. Ол қуанышты жағдай. Мысалы, мен өзім бірінші «Ақ жолдан» бастаймын. Сосын аптасына бір рет келетін «Арайды» қараймын. Орысша да оқимын, әрине. Бірақ, дүниеде ұлттық жағдайлар қандай болып жатыр, оны орыс тілді газеттер көп жаза бермейді. Бесіншіден, оқырманмен байланыс жоқ. Оған газеттің 90 жылдығына орай аудандарда кездесу өткізгенімізде көзім жетті. Өзің куәсің, сонда оқырмандардан «Әдебиет» бетін беру сияқты көптеген ұсыныстар түсті. Бірақ бұл мәселе осы күнге дейін шешімін таппай отыр. Мысалы, шалғай елді мекеннен бір адамның немесе оның туысының мақаласы шықса сол күні онда үлкен қуаныш болады. Тіпті мерекеге ұласып кетеді. Міне, сол жағы кемшін қалып қойған. Ал бірақ басылымға жанашырлық танытып жүретін адамдар бар. Сарысу ауданындағы бір мектепте жұмыс істейтін мұғалім өзімен-өзі «Знамя трудаға» үгітші болып келген ғой. Ешкім оған бұл жұмысты жүктемеген, ол үшін айлық та төлемейді. Мұндай азаматтар Қордайда да бар. Мұның бәрі де оқырмандармен кездесуден кейін белгілі болып жатқан жәйттер. Қазір біз газеттің 95 жылдық мерейтойына орай, аудандарды аралауға шыға бастадық. Ел-жұртпен пікірлесу керек. – Енді шығармашылық ұжымның бүгінгі атқарып отырған жұмысына ойыссақ. Басылым бетінде қандай өзгерістер бар? – Шүкір, газетіміз жақсы. Бас редактор болып тағайындалғаннан кейін «Қайтсек жақсы газет шығарамыз?» деген тақырып төңірегінде ұжымды жинап ақылдастым. Бір «папка» идея жиналды. Ішінен біраз нәрсе таңдап алдық. Қазір кезінде оқырмандарымыз өтінген «Әдебиет» бетін беріп жатырмыз. Соңғы бетті бұрын фоторепортажбен толтыратын болсақ, қазір оны өзгерттік. Газеттің бірінші және соңғы беті түрлі-түсті болғаннан кейін біз ол жаққа фотоиллюстрацияны көбірек береміз. Құр мәтін салсаң көрінбейді. Ал суретпен берсең қандай керемет! Ол газетті ашады. Айдарларды бояп берудеміз. Бірінші беттің жоғары жағында «Факт номера», «Событие номера», «Цитата номера» айдарларына тұрақты орын берілген. Әрине әлі де көп нәрсені жасау керек. Мұның бәрі де шығармашылық ұжымның ортақ еңбегі. Бұрын жауапты хатшы қызметін атқарған Валентина Прокофьеваны бас редактордың бірінші орынбасары етіп тағайындадым. Өте салмақты адам. Ол қараған дүниелерден қате кетеді деп қорықпаймын. Орынбасар Гүлжан Асанова да білікті маман. Жауапты хатшы Көкен Оршабековтың жазғаны қандай! Білікті журналист Шухрат Хашимов та ортамызда. Жастардан Татьяна Борисенко бөлім редакторы болып тағайындалды. Тағы бір тілшіміз Михаил Те жақында ғана Астана қаласында өткен шығармашылық байқаудан жүлделі орын алып келді. Қазір жұмысқа жастарды алып жатырмыз. Жастар қолынан іс келіп жатса, ауданда қалып қоймау қажет. Компьютер орталығының меңгерушісі Стас Маньконың да еңбегі ерен. Облыс бойынша «Знамя труда» газеті бірінші болып компьютерлік үлгіге көшті. 1997 жылы газетті басқарған кезімде осы Стас екеуміз соның бәрін ұйымдастырдық. Шағыннан үлкен форматқа көшудің машақаты да аз болған жоқ. Қағазды желімдеп, әуре-сарсаңға түсетінбіз. Міне, білікті маман Стас Манько әлі күнге дейін аянбай еңбек етіп келеді. Облыс бойынша бірінші болып біздің газеттің сайты ашылса, ол да осы азаматтың арқасы. Бізде осындай адамдар жұмыс істеп жатыр. – Сыр-сұхбат болғаннан кейін өзіңіздің еңбек жолыңыз туралы да айта отырсаңыз. Журналистикаға қалай келдіңіз? – Мен еңбек жолымды құрылысшы болудан бастадым. Мектепті 1972 жылы бітіріп, оқуға түсе алмай қалдым. Содан кеңшарда бір жыл жұмыс істедім де, әскерге кеттім. Қарулы Күштер қатарында жүрген кезімде Бақытжан көкем (Момышұлы) екеуміз хат алмасып тұрдық. Әр хат жазған сайын ол кісі «Бекет, сенің жазуға икемің бар екен» деп ойын білдіріп отырды. Азаматтық борышымды өтеп келгеннен кейін Алматы облыстық «Огни Алатау» газетіне жұмысқа орналастырды. Бұл сол тұста атағы алысқа кеткен басылым еді. Бас редакторы Геннадий Толмачев елімізде ең бірінші болып «Журналист мамандығын өзгертеді» деген тәсілді қолданған мықты маман еді. Мысалы журналист мейрамханада даяшы болып жұмыс істеп, соның көзқарасымен өмірді жазатын. Міне, сол кісінің қолына түстім. Көп нәрсені үйретті. Бақытжан көкем де бағыт көрсетті. 1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. Содан осы салада келе жатырмыз. – Аудандық газеттерде де жұмыс істегеніңізді білеміз. Жалпы, аудандық газет сізге не берді? – Иә, университет бітіргеннен кейін Жамбыл ауданындағы «Шұғыла» газетіне екі ай тілші болып істедім. Одан кейін бас редактордың орынбасары болдым. 1985 жылы Байзақ аудандық газетінің бас редакторы болып тағайындалдым. Аудандық газет маған көп нәрсе берді. Жеделділікті үйретті. Аптасына үш рет шығады. Кішкентай ғана газет, бірақ өте қомағай. Күндіз-түні жұмыс істейтінбіз. Жазып жатасың, қайда кетіп қалатынын түсінбейсің. Онан кейін аудандық газет қайнаған еңбектің ортасы. Облыстық газет редакциясы қалада. Ал шынайы өмір далада ғой. Жамбыл, Байзақ аудандық газеттерінде жұмыс істеген кезде құс фермаларының, қызылша алқаптарының тыныс-тіршілігін тап басып жаза білдік. Сосын елмен тығыз байланыста боласың. Көпті көрген ақсақалдардың әңгімелері қандай! Тарихи, танымдық дүниелерді де көп естисің. – Бір жылдары облыстық телеарнаға да басшылық жасадыңыз. Газет пен телеарнаның қайсысы жақын сізге? – Оқуға түскен кезімізде теледидар саласы онша дамымаған еді. Мен өз басым газет журналисі болуды қаладым. Газеттің ұтымды жері көп, мәлімет жинап, талдау жасап, ойланып барып жазасың. Былайша айтқанда, біраз дүниені бойыңа сіңіріп барып, іске кірісу керек. Ал енді телеарнада оны эфир уақыты көтермейді. Сөзге шешен әрі жедел болуың керек. Бір жерге табан астында жүгіріп барып, жаңалықтардан көрсетуіңе тура келеді. Онан кейін телеарнада ұжымдық жұмыс көп рөл ойнайды. Мысалы, газетке бір мақала жазу үшін өз бетіңше ол жерді зерттейсің, мәлімет жинайсың, сараптайсың, ойыңды қағазға түсіресің. Телеарнада болса бір жарым минуттық сюжет немесе он бес минуттық хабар дайындау үшін тілші, оператор, режиссер, құрастырушы, жарық қоюшы, инженер техник, тағы да басқа адамдардан тұратын тұтас топ жұмыс істейді. Телеарнада істеген кезде саланың осындай ерекшеліктеріне қанықтық. Дегенмен жаныма, әрине, газет жақын. – Әлеуметтік желілерді қаншалықты пайдаланасыз? – Мен өз басым «Фейсбукта» отырмаймын. Негізінен жаңалықтарды біліп отыру үшін Ақорданың ресми сайтын қараймын. Газетке тақырып керек. Президент, Премьер-Министр қандай жиын өткізді? Министрлер нендей мәселеге назар аударып жатыр? Уақыт көшінен қалып қоймас үшін соның бәрін біліп отыру керек. Жұмысқа керегі – жаңалықтар. – Кейінгі жылдары көп басылымдар электронды форматқа көшіп жатыр. Бұлай жалғаса берсе келешекте газеттердің жабылып қалу қаупі туындамай ма? – Одан қорқатын ештеңе жоқ. Мысалы, осыдан он жыл бұрын компьютерлер жаппай қолданысқа ене бастаған кезде «Ойпырмай, телеарна қалып қоятын болды» деген алаңдаушылық болған. Өзгерген түк жоқ. Сол сияқты біз артымызда келе жатқан балаларға газет, кітап оқуды үйретуіміз керек. Қазіргі балалардың оқымайтындығы туралы мәселе көп талқыланып жатады. Бұл жерде көп нәрсе тәрбиеге байланысты. Тәрбиелейтін өзіміз ғой. Біздің газеттің сайты осыдан төрт жыл бұрын ашылды. Материалдардың жетпіс пайызын сонда басамыз. Басылымдардың электронды нұсқасы шыға берсін. Бірақ, газет газет болып қалады. – Бүгінде облыста жас журналистер шоғыры қалыптасып келеді. Алдыңғы толқын аға ретінде облыстағы жас журналистердің қандай тақырыптарды қаузағанын қалар едіңіз? – Журналист мамандық емес, ол – адам өмірінің бір бөлігі. Біздің кезімізде журфакты 100 студент бітірді. Қазір соның он шақтысы ғана баспасөз саласында жұмыс істеп жүр. Қалғаны полицей, мұғалім сияқты өзге мамандықтардың тізгінін ұстап кетті. Бірақ қалтасында журфактың дипломы бар. Сол сияқты бізде істеп жүргендердің бәрі журналистиканы бітірмеген. Филология, математика факультетін тәмамдағандар бар. Басқа саланың да мамандары кездеседі. Алайда журналистика оларды өздеріне тартты. Сондықтан журналистерді тәрбиелеу керек. Ал тақырып жағына келсек, жас әріптестеріміздің мемлекеттік тіл, ұлттық құндылықтар, бүгінгі жастардың тәрбиесі төңірегінде кеңінен жазғанын қалаймын. – Оқырмандарға арнау сөзіңіз. – Мені қынжылтатыны, қазір кейбір мекеме-кәсіпорын, жоғары оқу орындарының басшылары газет оқымайды. Айтайын, менің бас редактор болып тағайындалғаныма бесінші айға кетті. Облыстағы бір басқарманың басшысы әлі күнге бұрынғы редактордың атына хат жібереді ғой. Сосын мен телефонмен хабарласып, ескертсем, «А, солай ма?» деп тұр. Тағы бір басшылар «Астанадан талап етіп жатыр еді, мына мақаланы басып бересіз бе?» деп қиылып өтініш жасайды. Айтып қалған екен, көмектесіп жібересің. Арада үш-төрт ай өткенде «Өткендегі мақалам не болды?» деп сұрап тұрады. Газетті алып, ақтарып көруге болады ғой. Сондайларға таңқаламын. Ал енді басшылар газет оқымағаннан кейін басқалардан не сұрайсың?! Мен әрбір үйде аудандық басылымдарды есептемегенде «Ақ жол» мен «Знамя труда» газеттерінің болғанын қалар едім. Неге? Облыстағы тұрғындарға ең жақын газеттер осылар. Газет адамды тәрбиелейді. Оны оқыған адам әйтеуір кішкене болса да ақпарат алады. Басқа аудандарда, ауылдарда не болып жатқанын біледі. Облыс әкімі жақында ғана Азия ойындарынан жүлдемен оралған спортшыларды қабылдады. Осыны газеттен оқыған жастар «Мен де спортшы болсам» деп армандайды. Газет осылайша ұрпақты тәрбиелейді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар