- Advertisement -

Жастайынан ат жалын тартқан Жомарт

108

- Advertisement -

Тұлпарлар тұяғының дүбірі делебесін қоздыратын қазақ пен сәйгүлікті бөліп қарауға болмайды. Оның үстіне, «Қазақ – жылқы мінезді халық» деген сөздің өзі де ұлтымыздың болмысынан сыр шертіп тұр. Жалпы, ұлттық спорт түрлері – оңтүстік өңірлердің бренді. Содан да болар, әулиеаталық көкпаршылар ел ішінде бәйге бермей келеді. Ал өңірде көкпардың қайта жандануына үлес қосып жүрген азаматтар жетерлік. Соның бірі – Жомарт Рахымжанов.

Әбжапар ауылының тумасы әкесі Мұхаметәлиге еліктеп, он алты жасында-ақ тұлпар тізгіндеген. Міне, содан бері кіл мықты көкпаршы серіктестерімен бірлесіп, қай жерде қандай жарыс болсын қалмауға тырысады. Алғашында «Күрең» атты тұлпарды тізгіндеген оның бүгінде «Дәулет қасқа», «Айдар қасқа» атты жылқылары бар. Тумысынан атқа құмар жігіт қазір жылқы баптаудың қыр-сырын меңгерген. Білгенін өскелең ұрпаққа үйретуден жалықпайтын ол мұнысын ешкімге міндетсінбейді. Иә, ұлттық құндылыққа жанашырлық пен сүйіспеншілік осындай-ақ болар.

– Ата-анам мал шаруашылығымен айналысып, ауылдың күйбең тіршілігімен күнін көрген адамдар. Әкем жастайынан атқа мініп, көкпар тартқан. Ол кісі жүйрік ат ұстап, оны додаға қосып, қызықтағанды жақсы көретін. Содан болар, мен де ес білгелі жылқыға құмар болдым. Бұл күнде шабандоз болу бақытын өзім де сезініп жүрмін. Бала күнімнен көкпаршылардың ойынын көріп, тәжірибе жинауға тырыстым. Ауыл-аймақтағы «сен тұр, мен атайын» дейтін мықты көкпаршылармен дайындық жасап, көп нәрсе үйрендім. Алғаш рет он алты жасымда додаға өзім сұрандым. Жалпы, атқа мінген қазақтың бойында ұлттық рух пен намыс атойлап тұрады ғой. Әйтеуір, сол жарыста жастығымызға қарамай, бар ынта-жігеріммен серкені тақымға басуға тырысқаным есімде. Содан бері, ат үстінде келемін. Хал-қадірім жеткенше жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрмін. Шүкір дейміз. Көкпар тартуды «мына жасқа келген соң қоямын» деп нақты бір жасты белгілеп айта алмаймын. Көкпар – спорт болғанымен тап осы спорт ойынында шабандоздың межелі жасы көрсетілмеген. Алла аттан түсірмейінше, денсаулығым жарап тұрса әлі талай додаларда өнер көрсете беретін болармын. Шын мәнінде, кез келген жігіт көкпаршы бола алмайды. Ол үшін ептілік пен қайрат, қайсарлық керек. Физикалық тұрғыда шынықпаған жігіттер көкпарда мертігіп жатады. Әлсіз жігіттің ат үстінен еңкейіп, жерде жатқан серкені іліп алуының өзі мұң екені белгілі. Бұл – жаужүрек әрі епті жігіттердің ойыны, – дейді Жомарт.

Шабандоз әр атты баптаудың да өзіндік тәсілі бар екенін айтады. Оның сөзінше, көкпаршылардың аттарының жем-шөппен қамтамасыз етілуі маңызды рөл атқарады. «Жас жігіттің бағын ашатын – астындағы пырағы. Ал көкпаршының мерейін үстем ететін ең бірінші – аты, келесі кезекте – ептілігі мен қажыр-қайраты. Көкпардың атын алдымен жемге байлаған дұрыс. Әбден қоңданып, жілік майы толған соң далаға шығарып, аунатып, жетектеп, іш майын қатыру қажет. Дәл осылай бабы келіскен тұлпар ғана жарыста жаңылмай, жеңіске жетуге мүмкіндік туғызады», – деді ол.

Қазіргі таңда Жомарттың үш ұлы да ат десе елеңдеп тұрады. Әкесі көкпаршы болған соң, олардың да атқа құмар болуы заңдылық. Үлкені – Алмас пен ортаншы ұлы Бекзат жылқыға тым жақын. Қос ұлы әкесіне еріп, дүбірлі жарыстарға баруда. Ал бастауыш сыныпта оқитын Бекарысы ағаларының қасынан бір елі қалмайды. Жомарт та қолы қалт ете қалса, ұлдарын атқа мінгізіп, оларға ат өнерінің қыр-сырын үйретіп қалуға тырысады. Мұны көрген маңайдағы ауыл балалары шабандоздың үйін жағалауға әуес. Олар тақымы «тас» ағаларының ақылын тыңдап, білмегенін үйренуге күш салып жүр. Иә, аядай ауылдағы жастардың ұлттық ойын түрлеріне қызығушылық танытқаны қуантады. Бұл дегеніңіз – көкпар ойынында атой салатын шын шабандоздарды дайындауға да таптырмас мүмкіндік екені даусыз

 

 Есен ӨТЕУЛІ.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support