Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімі аппаратының кеңесі басшылық қызметке жаңадан тағайындалған азаматтарды таныстырудан басталды. Кәрім Нәсбекұлы Асқар Тыныбековтің Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы, Шамсат Исабековтің «Тараз» ӘКК» басқарма төрағасы болып тағайындалғандарын айтып, басшы азаматтардың өмір жолдарымен таныстырды. Сондай-ақ, Серғали Айдапкеловтің облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы болғанын жеткізді.
Одан әрі аппарат кеңесінің күн тәртібіне шығарылған «Облыс бюджетінің 2014 жылдың қаңтар-қазан айларында атқарылуы туралы» облыс әкімдігінің қаржы басқармасының басшысы Асқар Қырықбаев хабарлама жасады. Басқарма басшысы облыс бюджетінің 2014 жылдың 1 қарашасына орындалуы кірістер бойынша 173 миллиард 519,7 миллион теңгеге жоспарланғанын, алайда 172 миллиард 554,8 миллион теңге сомасында қамтамасыз етілгенін, бұл көрсеткіш 99,4 пайызды құрайтынын атап көрсетті. Облыс бюджетіне бүгінгі күнге дейін бюджетке меншікті кірістер бойынша 29 миллиард 441,3 миллион теңге жоспарланып, 28 миллиард 762,8 миллион теңге сомасында түсімдер түскен. Жоспар 97,7 пайыз орындалып, бюджетке 678,6 миллион теңге кем түскен. Облыстың бас қаржыгерінің хабарынша бюджетке түсетін салықтар мен төлем жоспарларының орындалуы Жамбылда – 100,1, Жуалыда – 90,1, Қордайда – 99,9, Т.Рысқұловта – 100,5, Меркіде – 87,2, Мойынқұмда – 103,1, Сарысуда – 106,7, Байзақта – 107,3, Таласта – 108,8, Шу ауданында – 98,4 және Тараз қаласында 99,3 пайыз қамтамасыз етілген.Облыстық бюджетке жоспардағы кірістер 14 миллиард 116,5 теңге болса, осы соманың 13 миллиард 557,3 миллион теңгесі ғана түскен. Облыс қазынасына 559,2 миллион теңге кем түсіп, жоспар 96 пайызға орындалған. А.Қырықбаев облыс бойынша бюджеттік қаражаттың игерілуіне де кеңінен тоқталып, слайд арқылы баяндап берді. Жоспардағы 176 миллиард 795,1 миллион теңгенің 169 миллиард 634,4 миллион теңгесі ғана игерілген. Бұл-95,9 пайызды құрайды. 7 миллиард 160,7 миллион теңге бюджет қаражаты игерілмей қалды. Дегенмен, өткен жылдың 1 қарашасымен салыстырғанда оң өзгерісті аңғаруға болады дейді хабарламашы. Былтыр ол 93,1 пайызды құрап, 11 миллиард теңгеден астам қаржы игерілмепті. Басқарма басшысының мәлімдеуіне қарағанда Тараз қаласында да, бірде-бір ауданда да мемлекет қаржысы жүз пайыз игерілмеген. Жамбылда – 98,2, Жуалыда – 97,6, Қордайда – 97,4, Т.Рысқұловта – 97,9, Меркіде – 96,9, Мойынқұмда – 95,1, Сарысуда – 91,0, Байзақта – 98,5, Таласта – 90,8, Шу ауданында 94,8 және Тараз қаласында 97,9 пайызды құраған. Облыстық бюджеттің шығыстары бойынша есепті күнге жоспарда 161 миллиард 362,1 миллион теңге болса, нақтылы орындалуы 157 миллиард 573,7 миллион теңгені немесе 97,7 пайызды құраған. 3 миллиард 788,4 миллион теңге игерілмеген. Бұл жерде де А.Қырықбаев 2013 жылдың 1 қарашасымен салыстырғанда қаражаттың игерілу көрсеткіші 2,4 пайызға артқанын атап көрсетті.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық дамыту, білім, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармаларында, сондай-ақ, ішкі істер департаментінде облыстық бюджет қаражатының қомақты сомалары игерілмегенін хабарламашы нақты деректер келтіре айтып берді. Облыс бойынша жалпы игерілмеген қаражаттың 55,6 пайызы немесе 4,0 миллиард теңгесі даму бюджеттік бағдарламалары бойынша қалыптасқанын, есепті кезеңдегі жоспардағы 41 миллиард 308,2 миллион теңгенің 37 миллиард 327,6 миллион теңгесі ғана игерілгенін атап көрсеткен басқарма басшысы бұл жерде де көрсеткішті артқа тартып отырған бірқатар басқармалар мен аудандарды және Тараз қаласын атап көрсетті. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке құрылыс, салық және қаржы саласы басшыларымен бюджет қаржысының орындалуы жөнінде алқалы жиын өткізуді және жыл соңына дейін аудандарды түгел аралап, мемлекет қаржысының игерілуін біліп шығуды тапсырды. Одан кейін жоғарыда сөз болған басқарма және ішкі істер департаментінің басшылары он айға жоспарланған қаржының не себепті игерілмей жатқандығы туралы түсінік беріп, жыл соңына дейін 99 пайыз игерілетіндігіне сендірді. Селекторлық режімде өткен кеңесте Талас, Жуалы аудандары мен Тараз қаласының әкімі Болат Рысмендиев, Батырбек Құлекеев, Нұржан Календеров күн тәртібіне шығарылып отырған мәселе бойынша басқарып отырған өңірлерде қалыптасқан жағдайдан хабардар етіп, жыл соңына дейін қаралған қаржы толық игерілетінін жеткізді. Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Асқар Тынысбеков үстіміздегі жылдың он айында салықтар мен міндетті төлемдердің орындалу барысы туралы қосымша хабарлама жасады. Облыс әкімі А.Тынысбековтің жұмысқа жаңадан тағайындалғанын ескере келе, облыс бюджетін толтыруда оған да бірқатар міндеттер жүктеді. Облыстық әкімдіктің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Салтанат Омарбекова «Облыста 2014 жылдың 10 айында туберкулезге қарсы іс-шаралардың орындалу барысы туралы» хабарлама жасады. Облыста туберкулез бойынша эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша біршама жұмыс атқарылып жатса керек. Өңірде 4 диспансер және 7 ауданаралық аурухана жұмыс істейді. Жалпы төсек қоры 770 төсекті құрайды. Төсек қорын оңтайландыру және бюджет қаражатын тиімді жұмсау мақсатында 40 төсек қысқартылыпты. Облыстың бас дәрігерінің хабарында туберкулез аурушаңдығы облыс бойынша 100 мың адамға шаққанда 14,2 пайызға төмендеген. Облыстық деңгейден өлім көрсеткіші бойынша жоғары көрсеткіш Меркі және Талас аудандарында болып отыр. Туберкулезге қарсы күреске 2014 жылға қаржыландыру жоспары 2 664 704,0 мың теңгені құрап, 10 айдағы қаржының игерілуі 82,6 пайыз болған. Байзақ ауданында 60 төсекке арналған туберкулезге қарсы аурухананың құрылысы басталған. Нысанның жалпы жобалық құны 1 168 450,0 мың теңге. 2013-2014 жылдары аралығында барлық 10 аудан науқастарды жеткізу және материалдарды тасымалдау үшін санитарлық көлікпен қамтамасыз етілген. Облыстық және Меркі аудандық туберкулезге қарсы диспансерлері үшін екі рентгендиагностикалық кешендері және туберкулезге қарсы ұйымдардың стационарлары үшін 70 экрандалған бактерицидтік шам алынған. С.Омарбекова 2012 жылдан бері балалар арасында туберкулез аурушаңдығының төмендеуі, туберкулездің асқынған түрінің жойылуы, әлеуметтік көмек, басқа да қауіпті дертке қарсы қолға алынып жатқан шаралардан слайд арқылы жан-жақты хабардар етті. Облыс әкімі туберкулезге қарсы емдеу орындарындағы төсек-орындардың не себепті қысқарып жатқанын сұрады. Бұл-ауру санының азаюына байланысты Үкімет қаулысымен қолға алынып жатқан шара екенін айтты басқарма басшысы. Сондай-ақ, Кәрім Нәсбекұлы науқастардың тамағының құнарлылығына, оқушылар мен жұмысшылардың флюорографиялық тексеруден өтуіне, ауруға қарсы сақтандыру туралы бұқаралық ақпарат құралдарында қандай жұмыстардың атқарылып жатқандығына да назар аударды. С.Омарбекованың жауабына қарағанда науқастарға берілетін тағам талапқа сай, флюорогрфиялық тексеруден өту де назарда екенін, облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып, БАҚ-та қатерлі дерттен сақтану жолдары жүйелі түрде беріліп жатқанын айтты. Меркі ауданында осы аурудан биыл 5 адам көз жұмыпты. Оның екеуі түрмеден босап шыққан, ал үшеуі дерттің созылмалы түріне ұшырапты. Оның екеуі өзге өңірлерде жұмыс істеп келсе, біреуі сырттан қоныс аударыпты. Жуалы ауданында да ауруға ұшырағандардың барлығы өзге өңірлерде жұмыс істеп келгендер көрінеді. Екі аудандағы туберкулез ауруына қарсы емдеу мекемелерінің басшылары осылай деді. Кәрім Нәсбекұлы әлеуметтік ауру түріне жататын туберкулездің алдын алуды денсаулық сақтау басқармасының басшысына, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне тапсырды. Кеңес жұмысын қорытындылай келе, облыс әкімі мемлекеттік мекемелердегі қызметтік көліктің жұмыстан тыс уақытында бейсауат жүруіне тыйым салуды, аудандарда бензин тапшылығын жоюды тиісті мекемелер мен басқарма басшыларына міндеттеді.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді