«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бизнес – экономикалық өсімнің драйвері

Бизнес – экономикалық   өсімнің драйвері
ашық дереккөз
Бизнес – экономикалық өсімнің драйвері

 15 Асан ҚОШМАМБЕТОВ, 

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.

Бұған дейін де талай сыннан сүрінбей өткен Қазақ елінің ендігі ұстанар бағыты мен жүрер жолы Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында жан-жақты көрсетілді. «Бүгінде бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қалпына келу өте баяу және сенімсіз қадамдармен жүруде, ал кейбір жерлерде әлі құлдырау жалғасуда. Геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындатуда», – деді Президент. Мұндай жағдайда бизнесі мықты елдер ғана кедергілерді қиындықсыз еңсере алады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуы шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін берді. Әсіресе, жыл басында Елбасы Жарлығымен шағын және орта бизнесті дамытуға жарияланған мораторий бизнес ахуалды жақсартуға үлкен жағдай жасады. Мораторийдің жариялануы бірінші кезекте, әкімшілік жүктемелерді азайтты. Алайда, кәсіпкерлер арасында келер жылдың қаңтарынан мораторий мерзімі аяқталысымен шағын және орта бизнеске қатысты тексерулер жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптамай ма деген қорқыныш та жоқ емес. Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікке қатысты заңдардың барлығын сүзгіден өткізіп, жаңа жылдан жаңаша талаптармен жұмыс істеудің жағдайын жасауда. Ендігі жерде жоспарлы тексеріс тәжірибесінен бас тартылады. Бұл жүйе бойынша, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап тек заңды бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлер тексерілетін болады. Егер кәсіпкер заңның барлық талаптарын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлдем бармайды. Екіншіден, тексерісті жүргізу форматы кәсіпкерлерге қойылатын барлық артық талаптарды алып тастайтындай етіп, түбегейлі қайта қаралуда. Нәтижесінде, талаптардың жалпы саны 30 пайыздан артық мөлшерге азаймақ. Сонымен қатар, қоғамда «ҚР Кәсіпкерлік кодексінің» жобасы да қызу талқылануда. Аталған құжат қабылданған жағдайда кәсіпкерлікке қатысты 100-ге жуық заңнамалық актінің күші жойылады деп күтілуде. Шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру мәселесі бұл жолғы Жолдауда да Елбасы назарынан тыс қалған жоқ. Ұлттық кәсіпкерлер палатасына үлкен үміт артылып отырғанын айтқан Елбасы Ұлттық қордан бөлінетін қаржыдан шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлінетінін де жеткізді. Бұл тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, сондай-ақ, қызмет көрсетулер саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалды. Мұндай шарттар біздің елімізде бұған дейін болған емес. ШОБ-ты экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырған жөн. Сондықтан шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалану қажет», – деді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай қолдау-көмек өз нәтижесін беретіндігіне сенім мол. Сыннан сүрінбей өту сіз бен біздің еншіміздегі іс, ағайын!

Ұқсас жаңалықтар