- Advertisement -

Әулиеатаны әуенімен тербеткен ән падишасы

269

- Advertisement -

Екі мың жылдан астам тарихы шежіреленген қасиетті Тараз төрінде тоғысқан талай таланттың тағдырлы жолы бар. Қарт Таразды қалың тарих кітабы десек, ғасырлар парақтаған сайын оның әрбір бетінде тайға таңба басқандай мәңгілік мөр болып қалған сол тағдырлардың ізі сыр шертері анық. Балалық шағы Әулиеата төрінде өткен Анна Герман да әлемге әуезі әуелеген сол тағдырлардың бірі де бірегейі еді.

Соңғы жылдары елімізде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы көзден таса болған көптеген көмбелеріміз ашылып, керіліп, көпшіліктің, әсіресе өскелең ұрпақтың санасына нәр септі. Ғайыпқа айнала бастаған ғазиз құндылықтарымыз көпшілікпен қайта қауышты. Игілік жолында іске асқан бағдарламаның нәтижесінде көне тарихқа көз тастап, келешекке көш бастадық. Ұмытылмауы тиіс тұлғаларымызды ұлықтауға ден қойдық. Солардың бірі – әлемге әйгілі, жаһанға мәшһүр Анна Герман еді. Күміс көмей, жезтаңдай өнер иесінің балауса балалық шағы сонау Еуропаның, не болмаса АҚШ-тың алпауыт қалаларында емес, тарихы заңғар Тараз төрінде өткенін біреу білсе, біреу білмес. Арыдан айта кетсек, жалпы бұл әншінің тағдыр жолы да сан соқпақ, мың бұралаңмен өрілді. Өнер әлеміндегі кез келген ұлы тұлғалар үшін бұл әрине, жазылмаған заңдылық шығар. Десек те олардың сүрлеу соқпағында жолыққан жақсы адамдар, тағдыр иірімдерінде сүрінбеуге сеп болды, сүрінсе құламауға сүйеніш болды. Сондай мейірімді жандарды Анна Герман өз өмірінің бастау бұлағында Тараз төрінде жолықтырған болатын. Оның ең алғаш маңдайынан сипап, мейірімге бөлеген мекен де осы Тараз еді. Өзбекстан Республикасының Үргеніш қаласында дүниеге келген оған тараздықтар үміт отын жақты десек артық айтқандық болмас.

Оның асқар тау әкесі Евгений Герман наубайханада есепші болып жұмыс істеген деп айтылады деректерде. Алайда Аннаның сәби күнінде әкесі тыңшылық жасады деген айыппен қамалып, кейін атылып кетеді. Осы сәттен бастап оның өміріндегі бұралаңдар басталады. Анасы Ирма екеуі Қырғыз Республикасының Талас облысы, Орловка ауылына жер аударылады. Одан кейін тағдыр айдап Жамбыл жеріне табан тірейді. Аннаның Әулиеатадағы өмірі туралы мәліметтер некен-саяқ. Бірақ мүлдем жоқ емес.

Иван Ильичевтің ол туралы жазылған «Белый ангел песни» деген кітабында «В период 1944-1946 гг. Анна с мамой и бабушкой жила в Джамбуле, где училась в школе имени Н.А.Некрасова», деген жолдар бар. Сондай-ақ әншінің өзі жазған «Мы долгое эхо» кітабында да «В 1943 году семья переехала в Джамбул, Ирма устроилась учителем немецкого языка», деген деректер кездеседі.

Анасы өзінің естеліктерінде Жамбылдағы тұрмысының ауыр болғанын айта келе, соғыс аяқталғаннан кейін Польшаға қайтуға рұқсат алып, қайтадан сол жаққа қоныс аударғандарын жазады. Бірақ Аннаның әнмен соққан балаң жүрегінде Әулиеата жері қайта қауышатын көріністей көлбей берді. Кейін Аннаның аты алты құрлыққа асқақтады. Америка, Ұлыбритания, Италия сияқты атақты елдерде концерт өткізіп, талантын мойындатты. 1979 жылы Кеңес Одағының көлемінде Анна Германның екі айлық гастрольдік сапары жоспарланады. Өнер сапарымен Варшава, Сан-Ремо, Мәскеу, Сопот сияқты көптеген қаланы аралаған әнші балалық шағының ізі сайрап жатқан Жамбыл қаласына да гастрольдік сапармен келеді. Араға отыз үш жыл салып тараздықтармен қайта қауышқан өнер саңлағын жергілікті тұрғындар да үлкен құрметпен қарсы алады.

Сол жылы жергілікті журналистерге берген сұхбатында негізгі сұрақтың бірі оның Әулиеатаға атбасын бұруының себебі болды. Бұл ретте ол қайталанбас өмірінің қайырмасына айналған балалық шағының осы киелі өлкеде өткендігін, осында мектепте оқып, хат танығанын, өлкенің сөз жетпес сұлу табиғатын айрықша еске алады.

Өнер сапарымен өңірге келген сол жылы талант иесі «Жамбыл» қонақүйінде тұрған екен. Осыдан тоғыз жыл бұрын бұл қонақүйдің алдына Анна Германға арналған тақтайша ілінді. Онда әншінің сағымға айналған сұлу бейнесі бедерленіп, «Варшава – Сан-Ремо – Москва – Сопот – Жамбыл» деген және «Мемориалдық тақта ұлы әнші, біздің жерлесіміз – Анна Германның құрметіне орнатылды» деген жазу жазылған. Ал 2014 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінен атақты өнерпазға арналған бұрыш ашылды.

– Әнші Анна Германның Жамбыл қаласына анасымен бірге алғаш келуі туралы екі түрлі дерек бар. Бір деректерде ол 1943-1946 жылдары Жамбыл қаласында тұрған десе, енді бір мәліметтерде 1939 жылдан 1946 жылға дейін тұрған делінеді. Ол әкесі жаламен атылып кеткен соң, анасымен осында келеді. Кейін соғыс біткен соң отбасымен бірге еліне қайтады. Негізі бұл кісі туралы көп дерек сақталмаған. Тұрған үйі, оқыған мектебі де анық емес. Бірақ Жамбыл жерін, оның халқын ерекше жақсы көргені жиі айтылады. Жетпісінші жылдардың соңында гастрольдік сапармен Жамбыл қаласына келгенде де, біраз заттарын осындағы кісілерге сыйлаған екен. Ол кісілер бұл бағалы сыйлықтарды кейіннен біздің музейге өткізген. Сөйтіп, музейде ұлы әншінің экспозициясы жасақталып отыр, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы Айдана Мекемова.

Күні бүгінге дейін музейде ұлы өнер иесінің киген көйлегі, алқасы, өшпес даусы жазылған түрлі күйтабақтары мен ол туралы жазылған кітаптар сақталған.

Оның аты аңызға айналған «Махаббат жаңғырығы», «Үміт», «Бақтар гүлдегенде» және басқа да көптеген әндерін бүгінгі күні де толқусыз тыңдау мүмкін емес.

Сексенінші жылдардың басында Анна Германның алтын дауысы әлемнің кез келген жерінде асқақтады. Бірақ бұл уақытта оның денсаулығы сыр бере бастайды.

Сонда да ол ән айтуды тоқтатқан емес. Жоғары температура, мезгіл-мезгіл естен тану, ұйқының болмауына қарамастан қасиетті өнерге адал қызмет етті.

Қамшының сабындай қысқа болса да ол бүкіл өмірін музыкаға арнады. Оның дискографиясындағы 50-ге жуық әндер жинағы мәңгілік мұра болып ел жадында қалды. Өмірінің соңғы жылдарында Анна саркомамен ауырды. Әнші 1982 жылы Варшавадағы әскери госпитальда қайтыс болды.

Алты құрлықта аты аңызға айналған әнші, дарынды композитор өнермен өрілген ғұмырында өте қызықты, бірақ өте қиын тағдыр кешті.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Германиядағы психологиялық көмек көрсету орталығында терапия кезінде пациенттерге Анна Германның әндерін тыңдау ұсынылады. Бұл клиника әлем бойынша бірегей, жаһандағы жалғыз әдістері ең тиімді деп танылған орталық.

Ғаламдық ән ханшайымы 1982 жылы тамызда дүниеден өтті. Әнші туралы көптеген өмірбаяндық фильмдер мен телешоулар түсірілді, оның өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптар жазылды. Осы уақытқа дейін оның тағдыры бүкіл әлемдегі миллиондаған адамдарды қызықтырады.

«Мен алғаш рет кішкентай кезімде, балалардың жаңа жылдық мерекесінде, үлкен шыршаның астында ән айттым. Менің анам ол кезде бастауыш сынып мұғалімі болды, оның міндетіне балалар кештерін, қойылымдарды ұйымдастыру кіреді. Бірақ мен әншілік мамандығыма айналады деп ешқашан ойламаппын. Мен тек өзімнің көңілім үшін ән айтатынмын, әншілік деген ойымда да болған жоқ» дейді ол өзінің естелігінде. Соңғы сәттерінің бірінде Алматы шаһарында қатты ауырып, ауруханаға жатады. Сырқатқа шалдыққан ол өмірінің соңғы сәтінде мәскеулік досы Анна Качалинаға жазған хатында: «Мен ауырудан қатты шаршадым, тіпті жыламаймын, бірақ мен шынымен жатып, тынышталғым келеді. Тіпті әндерді де аямаймын… Өйткені менімен бірге бұл да ауырады. Бәрі маңызды емес болып қалды. Бірақ өзімді сәл жақсы сезінетін күнім келе салысымен ән айтқым келеді» дейді. Осылайша ақтық демі қалғанша әлемге әнімен ант берген һәм сол антына әділ еңбек сіңірген Анна Герман төрткүл дүние жұртымен бірге, тараздықтардың да жүрек төрінде қалды. Ол ешқашан ұмытылмайды. Өнер барда, өңірдің руханиятымен бірге асқақтай берері даусыз.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support