Төртінші тоқсан жетістікке толы болмақ

Төртінші тоқсан  жетістікке толы болмақ
ашық дереккөз
Төртінші тоқсан жетістікке толы болмақ

«KEGOC» АҚ 25 999 999 қарапайым акцияларын нарыққа шығарды

«KEGOC» АҚ Компаниясының «Халық IPO»-ға шығуға арналған роуд-шоу шеңберінде Тараз қаласындағы Марс Үркімбаев атындағы Жастар сарайында потенциалды инвесторлармен кездесу өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасының корпоративтік басқару жөніндегі орынбасары Жаңабай Бексары және осы компанияның филиалдармен және ЕБҰ-мен жұмыс жөніндегі басқарушы директоры Мұхтар Бекенов қатысып, олар өз хабарламаларында көптеген маңызды ақпараттар беріп өтті. Еліміздің энергетика нарығында 18 жылдан бері келе жатқан «KEGOC» АҚ бұл жобаға 25 999 999 қарапайым акциясын сатылымға шығарды. Әр акцияның бағасы 505 теңгеге бағаланыпты.

Осылайша «Әлеуетті энергетика – қуатты Қазақстан» ұстанымын ұран еткен «KEGOC» АҚ қазақстандықтарға «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында бағалы қағаздар нарығына компанияның акциялар пакетінің жоспарлы шығарылымын хабарлап отыр.

Қысқасы, «KEGOC» компаниясы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын бастап кетті. Компания өз акционерлерін жан-жақты ақпаратпен толыққанды қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық шараларын бастады. Астанадан бастау алған бұл роуд-шоу Алматыда жалғасын тауып, еліміздің барлық ірі қалаларын қамтитын болады. Тараздағы кездесу соның айғағы. Мұндай арнайы ақпараттық-түсіндірме жұмыстары «KEGOC» акцияларын сатып алуға ниет білдірген азаматтарға толыққанды ақпарат беру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Кездесуді ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков «Халықтық ІРО» бағдарламасының ел өміріндегі маңызына тоқталды. – Бұл барлық қазақстандықтарға ірі кәсіпорындардың акцияларын иеленуге және олардың қаржысын инвестициялауға мүмкіндік беріп отыр. «Халықтық ІРО» мемлекеттік компаниялардың бағалы қағаздарын халыққа сату жөніндегі қадамы әлемде кең тараған тәжірибе. Қарапайым халықтың бағалы қағаздар арқылы салынған инвестициясы ел экономикасына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Сонымен бірге, ол әлеуметтің әлеуетін арттырудың бір жолы болып табылады, – деп атап өтті. Шара барысында «KEGOC» АҚ басқарма төрағасының корпоративтік басқару жөніндегі орынбасары Жаңабай Бексары өз хабарламасында «Инвесторлар үшін мүмкіндік, тұтынушылар үшін сенімділік» атты арнайы таныстырылымын ұсынды. Бұған қоса компанияның Қазақстанды энергетикалық тәуелсіздікпен қамтамасыз ету және жұмыс сенімділігін арттыруға бағытталған 15 басым жобаларды жүзеге асыруды көздейтін 2025 жылға дейінгі Ұзақ мерзімді даму стратегиясы түрінде болашаққа жоспарлаған айқын мақсаты бар екендігін атап өткен ол акция нарығына түрен салған «KEGOC» компаниясының болашағына үлкен сенім білдіріп, қазақстандықтарды акцияны сатып алуға шақырды. Бұдан бөлек, брокерлік ұйымдар мен «Қазпошта» АҚ өкілдері еліміздің кез-келген өңірінде компания акцияларына иелік етудің механизмдері туралы әңгімеледі. «Халықтық ІРО» бағдарламасының интернет порталындағы соңғы ақпаратқа сүйенсек «KEGOC» акцияларына сұраныс күннен-күнге артып келеді. Сатылымға шыққан жеті күннің ішінде «Қазпошта» бөлімшелері 850 өтініш қабылдап үлгерген. «KEGOC» акциялары сатылымға шыққан күні «Қазпошта» бөлімшелері жалпы сомасы 30 миллион теңге болатын 200-дей өтініш қабылдапты. Компания баспасөз қызметінің айтуынша, бүгінге бұл сома алты есе ұлғайып, 180 миллион теңгені құраған. ІРО бағдарламасының алғашқы кезеңінде халықтық акционерлердің 58 пайызы «Қазпошта» қызметіне жүгінген болатын. Мамандар биыл да осындай екпін сақталатынын айтады. Сол себепті, «Қазпошта» бөлімшелері аптасына алты күн жұмыс кестесі бойынша қызмет көрсетуге көшкен. Науқанға қосымша брокерлік компаниялар да тартылып жатыр. Естеріңізге сала кетсек, «Халықтық ІРО» бағдарламасы осыдан екі жыл бұрын бастау алған болатын. Оның негізгі мақсаты – Қазақстан азаматтарына еліміздегі ірі әрі сенімді компаниялардың акционері атану мүмкіндіктерін ашу. Ал «KEGOC» АҚ Қазақстанның барлық аймақтарын электр энергиясымен 17 жыл бойы үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. Компания «Халықтық ІРО» бағдарламасы аясында екінші эмитет атанып отыр. Алғашқы компания-эмитет – акционерлер саны 34 мың қазақстандықты құраған «ҚазТрансОйл» компаниясы екенін айта кеткен жөн.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар