«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ана мен бала – ұлт байлығы

Ана мен бала – ұлт байлығы
ашық дереккөз
Ана мен бала – ұлт байлығы
Ана мен бала денсаулығы медицина саласының ең өзекті әрі көкейкесті мәселесі екені анық. Ұлт байлығы десе де артық емес. Халқымыздың баянды болашағы, мемлекетіміздің ертеңгі жарқын күні бұл ана мен бала денсаулығының қандай болмағына тікелей байланысты. Ана денсаулығы деп жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезіндегі әйелдер денсаулығын айтамыз. Қазіргі таңда, перзентхананың барлық бөлмелеріне беделер орнатылып, әйелдерге гигиеналық жағдайлар жасалған. Сонымен қатар дүниеге келген нәрестелерге қосымша арнайы кереуеттер бөлінген. Босану залдарында табиғи жолмен босануға жағдай жасалып, жүкті әйелдер үй жағдайындағыдай әртүрлі қимылда болады, еркін босануға мүмкіндік алады. Жаңа туған нәрестелер денсаулығы – олардың өмір сүруіндегі алғашқы айдағы денсаулығы. Босанғаннан кейін ананың балаға деген мейіріміне ықпал ету мақсатында нәрестені көкірегіне жатқызады. «Перзентханада атқарылып жатқан іс-шаралардың қатарына босану серіктестігі модулі енгізілген, яғни босанатын әйелге үйіндегі жақындарының біреуі келіп демеу болады. Осы арада атап айтарлығы – мұнда әрбір босанатын әйелге жеке бөлме бөлінген. Орталықта «қауіпсіз ана болу», «жаңа туған балалар реанимациясы», «шала туған балаларды күту», «акушерлік қан кетулер кезінде шұғыл көмек», «жүктілік, босану және босанудан кейінгі кезеңдегі преэклампсия және эклампсия» сияқты бөлімдер аналарға қалтқысыз қызмет көрсетеді. Скринингтік ультрадыбыстық зерттеу нәтижелері ұрпақтың құрсақішілік кідіруін бағалау және хромосомда патология маркерлерін анықтау үшін өңірлік нормативтер бекітілген. Ағымдағы жылғы 21 қыркүйекте Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстандағы өзекті мәселені көтерді. Министр еліміздегі ана өлімінің көрсеткіші мен нәресте өлімі туралы бірнеше дерек келтірді. Соңғы 6 айда ана өлім-жітімінің көрсеткішін 2,4 есеге төмендетуге қол жеткізілді. Дегенмен ана өлімі көрсеткіші төмендегенімен, сәби өлімі көрсеткіші әлі де төмендемей отырғанына назар аударды. Министр баяндамасында салмағы 1000 грамға жетпейтін, шала туған сәбилер жиі шетінейтінін айтады. Жалпы сәби өлімі ішінде олардың үлесі 33 пайыз. Сол себептен жүктілік кезіндегі асқынуларды болдырмау, мерзімінен ерте босандыру салдарын болдырмауға ерекше көңіл бөлінуі керек. Жамбыл облысы бойынша 2022 жылдың 9 айында 18969 босану қабылданды, тірі туылған нәрестелер саны 19005 болды. Қазақстанда алғаш рет біздің облысымызда болашақ аналарды, ауыл тұрғындарын ультрадыбыстық зерттеу әдістемесін интеграциялау енгізілді. Облыстық көпбейінді аурухананың перинаталдық орталығы пилоттық жобаға айналды. 2022 жылдың 19-20 мамырында «Ана мен бала» V Халықаралық ғылыми-білім беру форумы өтті. Сонда «Жас ғалымдар» бөлімінде облыстық көпбейінді аурухананың перинаталдық орталығы неонатолог дәрігері бірінші орынға ие болды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Дені сау ұлт» ұлттық медициналық саммиті аясында Жамбыл облыстық көпбейінді аурухананың перинаталдық орталығы «Үздік босану ұйымы» номинациясы бойынша «Altyn Shipager» жүлдесінің финалисті атанды. Бұдан өзге де көптеген жетістіктеріміз бар. Антенаталдық гормондық дайындық пайызы 80 пайызды құраса, метропластика қан сақтау және мүшелерді сақтау операциясы ретінде енгізілді. Жаппай акушерлік қан кету кезінде аутогемотрансфузия үшін Cell-saver құрылғысын қолдану енгізілді. Сондай ақ LISA әдісі бойынша шала туған нәрестелерді 28 аптаға дейін тұрақтандыру әдісі қолданыла бастады. Шала туған нәрестелердің ретинопатиясында көзторының лазерлік коагуляциясы, 2022 жылдан бастап тұқым қуалайтын метаболикалық ауруларға пилоттық скринингтік жоба енгізілді. Шала туған нәрестелер үшін жабдықталған мамандандырылған босану бөлмесі жаңа туған нәрестелерге арналған реанимация бөлімінде тікелей ашылады. Ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу бойынша жаңа шараларды кіргізуге мүмкіндік болады. Антибиотикалық терапия стратегиясын қайта қарайды. Инвазивті манипуляциялардың жаңа алгоритмдерін енгізеді. 2018 жылы облыстық перинаталдық орталығының базасында 2021 жылғы коронавирустық пандемиядан кейін катамнез кабинеті ашылып, жұмысын қайта бастады. Кабинеттің міндеті – перинаталдық кезеңде ауыр жағдайға тап болған жаңа туған нәрестелерге және облыстың босану мекемелерінен шығарылған шала туған нәрестелерге постнатальдық кезеңде медициналық көмек көрсету. 2018 жылы облыстық перинаталдық орталығының базасында оқу-клиникалық орталық ашылды. Бұл орталықта облысымыздың неонатологтары, неонаталдық медбикелері, акушер-гинекологтары, акушерлері және Қазақстанның басқа аймақтарының (Алматы, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) медицина қызметкерлері дайындалады. ЖОКА оқу-клиникалық орталығында 2019-2021 жылдары орталықтың және біздің Жамбыл облысының 700-ден астам қызметкері оқытылды. 2016 жылдан бастап перинаталдық орталық Қазақстан Республикасында акушерлік және гинекология саласында перинаталдық аудит пен инфекциялық бақылауды енгізу бойынша пилоттық мекеме болып табылады.  

Кайрат ЖЕТІБАЕВ,

облыстық көпбейінді

ауруханасының бас дәрігері.

Ұқсас жаңалықтар