«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңір өндірісін арттыратын жоба

Өңір өндірісін арттыратын жоба
ашық дереккөз
Өңір өндірісін арттыратын жоба
Үндістан мен Қазақстан Республикасы арасындағы байланыс отыз жылдан бері жан- жақты экономикалық ынтымақтастық қатынаста қарқынды дамып келеді. Соның бір көрінісі үндістандық кәсіпкерлердің облысымыздан ферросилиций шығаратын металлургия зауытын салуға деген ниет танытуы. Осы мақсатта Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының мәжіліс залында облыс басшылығы мен үнділік кәсіпкерлер арасында келіссөз жүргізілді. Кездесуді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров ашып, үнділік «Monnet Group» компаниясының өңірге салғалы отырған инвестициялық жобасының жоғары екенін, жаңа зауыт құрылысын жүргізу үшін жер таңдалып, бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар аймақ басшысының орынбасары облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына да тоқталды. «Жамбыл облысы бүгінгі таңда аграрлық- индустриялық бағытта дамып келеді. Облыс аумағында республиканың фосфориттерінің баланстық қорының шамамен 72 пайызы шоғырланған. Азықтық және техникалық тұздың қоры 15 миллион тоннаны құрайды. Бұдан бөлек, титан-магнетит кен орындары бар. Облыстың өнеркәсіптік өндірісінің негізін 700 кәсіпорын құрайды, онда 40 мыңнан астам адам еңбек етуде», – деді Нұржан Календеров. Ағымдағы жылдың он айында облыста негізгі капиталға салынған инвестиция 311,7 миллиард теңгені құраған. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,1 пайызға артқан. Бүгінгі таңда өңірдің химия өнеркәсібі облыс кәсіпорындары экспортының 70 пайыздан астамын қамтамасыз етуде, ал Қазақстанның химиялық өнімін өндіру көлеміндегі үлесі шамамен 30 пайызды құрайды. Сонымен қатар «Қазфосфат» ЖШС базасында жалпы құны 1 миллиард АҚШ долларын, жылдық қуаты 1 миллион тоннаны құрайтын минералды тыңайтқыш өндіретін ресейлік «Еврохим» компаниясы ауқымды инвестициялық жобаны табысты іске асыруда. Жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндіретін «TalaslnvestmentCompany» ЖШС бірегей зауытын іске қосты, оның ТМД-да баламасы жоқ. – Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан шетелдік инвесторларға жағдай жасау арқылы инвесторларды ел экономикасына тарту міндетін қойды. Өйткені тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мемлекеттің дамуында шешуші рөл атқаратыны белгілі. Облыста «Тараз химиялық паркі» АЭА-ның арнайы экономикалық және индустриялық аймақтары, «Тараз» индустриялық аймағы құрылды. Бұл аймақтардың негізгі мақсаты – республикада заманауи, экологиялық қауіпсіз технологияларды қолдана отырып, қосылған құны жоғары химиялық өнімдердің жаңа өндірістерін қалыптастыру, инвестор үшін қолайлы жағдайлар жасау. Бүгінгі таңда Жамбыл облысы еліміздегі инвестициялық өсу бойынша көшбасшы орында, экономиканың барлық сегменттері оң үрдісті көрсетуде. Бұл көрсеткіш өңірде үлкен инвестициялық мүмкіндіктер бар екенін көрсетеді. Облыстың барлық инвестициялық жобалары тұрақты бақылауда және жан-жақты қолдау табуда. Айта кету керек, өңірде жалпы сомасы 2 триллион теңгеге 75 инвестициялық жоба іске асырылуда, онда 8000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады, – деді Нұржан Календеров. «Monnet Group» компаниясының өкілі Рунгта Маниш сөз алып, ол облысымызда бірінші кезде қуаттылығы жылына 15 мың тонна, кейіннен қуаттылығы 50 мың тоннаға дейін жететін, ферросилиций шығару бойынша металлургия зауытын салуды жоспарлап отырғанын айтты. Зауыт құрылысына әжептәуір қаржы қаралған, кәсіпорын екі кезеңде салынатын болады. Зауыттың негізгі өнімі экспортқа бағдарланған. Жалпы, үнділік «Monnet Group» компаниясы 1994 жылы құрылған. Қызметтің негізгі бағыттарына темір, болат және ферроқорытпа өндірісі мен маркетингі жатады. Компанияның меншігінде ферроқорытпалар – ферромарганец, ферроалюминий, феррохром өндіретін үш зауыт бар. Сондай-ақ компания көмір мен темір рудасын өндірумен, көмірді жуумен және ішкі тұтыну үшін электр энергиясын өндірумен айналысады. Жиын соңында екі тарап екі ел арасындағы жаңа зауыт салу туралы келісімге келіп, меморандумға қол қойды.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар