«Экономика» – салалық басылым

«Экономика» –  салалық басылым
ашық дереккөз
«Экономика» – салалық басылым

«Баспасөзі мықты елдің – келешегі зор» деп өткен ғасырдың басында Алаш арысы Міржақып Дулатов атамыз бекер айтпаған шығар. «Кім ақпаратқа ие болса – сол әлемді билейді» деген де түсінік бар. Демек, қоғамдық өмірде бұқаралық ақпарат құралдарының – газет, журнал, радио, теледидар, интернеттің өзіндік орны бар екені даусыз. Өкініштісі, солар белгілі бір мәселелер мен тақырыптар төңірегінде шектен тыс көп те, кейбір бағыттарда тіпті жоқ. Мысалы, Қазақстанда халықтың экономикалық ой-түсінігі мен білім-білігінің дамуына қызмет ететін қазақ тіліндегі арнайы басылымдар жоқтың қасы. Тіршіліктің өзі негізінен экономикалық іс-қимыл, әрекеттердің есебінен қамтамасыз етілетін болғанымен, біздің қоғамда көбінесе әлеуметтік-мәдени тақырыптарды көтеру жағы басым. Қазіргідей қаржылық қиындық, экономикалық дағдарыс кезінде халықты экономика мәселелеріне қатысты қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету қажет.

Осы тұрғыдан дәл жаһандық экономикалық дағдарыс тұсында өмірге келген «Экономика» газетінің бүгінгі қазақ қоғамында атқарар қызметі де аса маңызды дер едік. Қазіргі нарықтық экономика жағдайында қоғамда жаңа кәсіпкерлік психология, экономикаға өзгеше көзқарас пен қызығушылық пайда болып жатыр. Қатардағы кәсіпкерден бастап ірі бизнес өкілдерінде күнделікті экономикалық жаңалықтар мен ақпараттарға қажеттілік пен сұраныс өсу үстінде. Олар өздерінің экономикалық біліктіліктерін арттырып, білімдерін нығайта түсуге мүдделі. Себебі нарықтық қатынастар кәсіпкерлерден осыны талап етеді. «Экономика» газетінің негізгі мақсаты – елімізде болып жатқан экономикалық жаңалықтарды қазақ тілінде қарапайым да ұғынықты тілмен жеткізу, отандық экономиканың ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, қаржы, тұрғын үй, тағы басқа салаларындағы ұнамды өзгерістер мен түйткілді мәселелер жайында мамандардың, сарапшы ғалымдардың пікірлерін жалпы жұртшылыққа жеткізіп, оларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету, сол арқылы халықтың экономикалық көзқарасы өсуіне қызмет ету. Осы мақсаттағы ісімізді ілгері жалғастыра береміз. Еліміздегі экономика жаңалықтарынан хабардар болу үшін, іскерлік қабілетіңізді арттыру үшін, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеру үшін біздің газетке жазылыңыздар.

Ақас ТАЖУТОВ, «Экономика» газетінің бас редакторы.

Ұқсас жаңалықтар