Ауылдамыз. Ағам бір сөзінде «Жаңабай қарияның ескі қонысына Алматыдағы ғалым баласы шағын үй салды» деп қалды. Елең еттік. Айтып тұрғаны – бір кездегі сыныптасым Жасанның үйі. Жерлесіміз, физика-математика ғылымдарының докторы Зейнолла Жаңабайұлының мұнысы «қара шаңыраққа» деген құрметі ме екен? Олай ойлайтыным, үйлерінің орны үйінтікке айналғанына біраз жыл болған. Естуімізше, Зекең «жаңа қонысының» құрметіне ағайындарына дастархан жайып, дәм беріп, әруақтарға Құран бағыштатуды да ұмытпапты.
Көп өтпей телефон арқылы ағамыздың өзімен де тілдестік. – Ауылдан үй салыпсыз... Құтты болсын! – Солай болды. Көптен ойымда жүрген жай еді өзі. – Құпия болмаса... – Құпия ештеңесі жоқ. Бас-аяғы үш миллион теңге жұмсадым. Ауылдағы бауырымның баласы тұрғызды үйді... – Не үшін? Алматыда үйіңіз бар емес пе? – Мен үшін ауылдан асар ешқандай «курорт» жоқ. Еңбек демалысымды сонда өткізем енді. Балаларым да, бауырларым да сөйтеді... Мұны дәстүрге де айналдырамын. Шамасы, әңгімеміз аға көңілінің нәзік қылын тербеді-ау, ағынан жарылды. «Ол үйге жалғыз өзім бір күн түнедім. Ай жарығы астында есік алдында да отырдым. Осында өткізген балалық, жастық шағым көз алдымнан тізбектеліп өтті. Ауыл күндіз ыссы болғанмен, түні салқын келеді ғой. Ғажап әсер алдым! Бір бөлмесіне «әруаққа құрметім болсын» деп әке-шеше, ата-бабаларымның суреттерін ілдіріп қойғанмын. Көктем шыға ауласына түрлі сәндік және жеміс ағаштарын да екпекпіз. Жәй күндері сонда тұратын бауырымның балалары қарайды, жоңышқасын орып алады дегендей... Бір өзінен әлденеше буын ұрпақ өрбіген туған үйіміз қыста да, жазда да бос тұрмайды» – деді Зекең нық сеніммен. Саяжайын көк желекке малынған Астана, Алматыда емес, ауылда салған ағамыздың бұл бастамасы, шынында да, басқаларға үлгі боларлықтай емес пе?! Қазақ үшін «қара шаңырақ» ұғымы қашан да қасиетті, киелі. Ал сіз ше?.. Қара шаңырағыңыздың қадіріне жетіп, киесін ұғына алып жүрсіз бе?
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Ойық ауылы, Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді