- Advertisement -

Кубокты Қарағанды иеленді

130

- Advertisement -

Тараз қаласындағы «Алаш арена» футбол алаңында Қазақстан теміржолы салалық кәсіподағының 30 жылдығына орай «Казпрофтранс – 2022» «Теміржолшылар футбол лигасының кубогы» турнирінің финалы өтті. Жарысқа Жамбыл локомотив пайдалану депосы (ТЧЭ-31), Түркістан облысынан Арыс байланыс және белгі беру дистанциясы (ШЧ-38), Қарағанды облысынан Қарағанды локомотив пайдалану депосы (ТЧЭ-14), Павлодар облысынан Екібастұз вагон пайдалану депосы (ВЧДЭ-16) және Атырау облысынан Атырау локомотив пайдалану депосы (ТЧЭ-3) – барлығы алты команда қатысты. Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан теміржолы салалық кәсіподағы ұйымдастыру жұмыстары департаментінің директоры Нұрлан Нұрпейісов, Астана филиалы төрағасының орынбасары Әбиір Жұмаев, Жамбыл филиалының төрағасы Жұман Сәменов қатысушыларды Қазақстан теміржолының 25 және Қазақстан теміржолы салалық кәсіподағының 30 жылдық даталарымен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.

Ойын барысында барлық командалардың тас-түйін дайындықпен келгені көрініп тұрды. Оның үстіне мерекелік даталарға орай ұйымдастырылған доп додасына қатысушылардың көңіл-күйі де жоғары болды. Жарыс соңында жеңімпаздарды марапаттау алдында Жамбыл филиалының төрағасы Жұман Сәменов командаларды жоғары деңгейде дайындап, турнирге белсенді қатысқаны үшін Мәди Қонысбаев (Екібастұз), Данияр Еңсебаев (Атырау), Қуаныш Таутанов (Қарағанды), Көмек Асанов (Арыс), Ерлан Мұқановты (Тараз) марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ жарыс барысында «Үздік ойыншылар» қатарынан Салғазы Тынысалым (Арыс), Ержан Айтжанов (Атырау), Алдияр Нұрсұлтанов (Қарағанды) көрінсе, «Үздік шабуылшы» аталымына Арыс байланыс және белгі беру дистанциясының қызметкері Абылай Әбілхайыр ие болды.

Тартысты өткен доп додасының нәтижесінде үшінші орыннан Атырау локомотив пайдалану депосының ойыншылары орын теуіп, оларға марапатты Жамбыл филиалының өкілі Еркін Өтешов табыс етті. Екінші орынға ие болған Арыс байланыс және белгі беру командасын Қазақстан теміржолы салалық кәсіподағы Шымкент филиалының төрайымы Назима Салықбаева табыстады. Бұл жолы кубокты Қарағанды иеленді. Бірінші орын жеңімпаздары – Қарағанды локомотив пайдалану депосының командасына марапатты Жамбыл филиалының төрағасы Жұман Сәменов табыс етті. Сонымен қатар қатысушылардың барлығына естелік сыйлықтар берілді.

 

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support