Елбасы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында «Мен құрған комиссия қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отыратын болды. Әр теңге үшін қатаң сұрау болмақ», – деп ескертуі қаржы институттарына, соның ішінде бізге де жоғары жауапкершіліктер жүктейді. Сондықтан біз осынау тарихи құжатты басшылыққа алып жұмыс істейтін боламыз. Бұл теңгенің тұрақтылығын сақтауға да байланысты. Теңге туралы айта отырып, ұлттық валютамыздың атауы тарих тереңінде жатқан ортағасырлық күмістен жасалған «ДЕНЬГА» түрік монетасынан бастау алатындығын да ұмытпағанымыз жөн. Тіпті, бүгінгі орыстың «деньги» сөзі де осы ұғымнан алынғаны көпшілікке таңсық емес. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің өмірге келуі Президенттің 1993 жылдың 12 қарашасындағы №1399 «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығымен басталды. Валюта аз уақыттың ішінде әзірленді. Бірақ, қолдан жасаудан қорғаныс дәрежесі өте жоғары болды. Теңгенің бірінші партиясын Ұлыбританияда «Харрисон и сыновья» компаниясы басып шығарған. Осы тапсырыстың арқасында компания әлемдік атақ пен Ұлыбритания патшайымының Алтын белгісі түріндегі ерекше марапатқа ие болды. Ел тарихындағы бұл айтулы оқиғада киелі Әулиеата жерінің орны ерекше. Англиядан әкелінген ұлттық валютамыздың алғашқы туындылары бірінші кезекте сол кездегі Жамбыл қаласына жеткізіліп, содан соң елдің басқа өңірлеріне таратылғанын барша жұрт біле бермейді. 1993 жылдың 15 қарашасында қазақстандық теңге айналысқа шығарылды. Осылайша, 15 қараша – ұлттық валютаның дүниеге келген күні болып белгіленді. Бүгін төл теңгемізге 21 жыл толып отыр. Жиырма бір жыл ішінде ол дизайны, сапалылығы, сонымен қатар әлемнің валюталары арасындағы беделі жағынан да талай өзгерістерді бастан өткерді. Бүгінде қазақстандық теңге қорғаныс элементтері бойынша әлемдік валюталар арасында үлгі боларлықтай сапаға ие. Қолданыстағы банкноталарда құнды қағаздарға пайдаланылатын қорғаныс элементтерінің заманауи түрлері қолданылған. Мәселен, бүгінде талай елдің банкноталарында пайдаланылып жүрген «Spark» қорғаныс элементі дүниежүзінде ең алғаш рет 2008 жылы Ұлттық валюта – теңгенің 15 жылдық мерейтойына арнап шығарылған номиналы 5000 теңгелік қазақстандық банкнотада бүркіт суреті түрінде пайдаланылған. Осындай қорғаныс элементі елімізде соңғы жылдары шыққан банкноталардың барлығында көрініс тауып келеді. Еліміздің ақша белгілері дизайндық ерекшеліктерімен де әлемдік валюталар қатарына еніп отыр. Мәселен, 2007 жылғы Бангкокта өткен банкноталарды жасау, қолдан жасаудан қорғау және айналымға енгізу мәселелеріне арналған Currency Conference-2007 валюталық конференциясының шеңберінде ұйымдастырылған конкурста International Association of Currency Affairs халықаралық қауымдастығының бағасына сәйкес Қазақстанның ұлттық валютасының номиналы 10 000 теңгелік банкнотасы дизайны бойынша «Жылдың үздік банкнотасы» номинациясында Швецияның кроны мен Мексиканың песосын артқа тастап, бірінші орынға ие болды. Сол сияқты, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай шығарылған номиналы 10 000 теңге қазақстандық ескерткіш банкнота Халықаралық банкноталық қоғамдастық (IBNS) өткізетін жыл сайынғы конкурс нәтижесі бойынша «2011 жылғы ең үздік банкнота» болып танылса, 2012 жылы шығарылған номиналы 5 000 теңгелік ескерткіш банкнота мен ежелгі түрік қолбасшысы Күлтегіннің бейнесі бар номиналы 1 000 теңгелік банкноталар да марапатқа ие болған. Қымбат металдардан жасалған Ұлттық Банктің ескерткіш монеталарының да халықаралық байқауларда жеткен жетістіктері аз емес. Мұның барлығы еліміздің халықаралық аренадағы беделінің өсуіне септігін тигізгені сөзсіз. Ұлттық валютаның тарихында циркуляциялық монеталардың 2 қатары айналымға шығарылды. 1993 жылы монеталар 1,3,5,10 және 20 теңгелік номиналымен шығарылды және «нейзельбер» құймасынан жасалынды. 1997 жылдан бастап Қазақстанда жаңа үлгідегі циркуляциялық монеталар айналымға шығарылды. Жаңа монеталық қатар 1,2,5,10,20,50,100 теңгелік номиналдарды құрады. Қазақстан Ұлттық Банкі ақша айналымындағы монеталармен қатар көрсетілген номиналдарына сәйкес төлемдік қасиеті бар мерейтойлық және ескерткіш монеталарды шығаруда. Ұлттық валюта елдің өткен кезеңін, қазіргі күнін және болашағын бейнелейді. Теңге Қазақстанды бай тарихы бар, қазіргі жағдайы тұрақты, келешегі кемел ел ретінде көрсетіп отыр.
Айдайбек Халимбетов, ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының директоры.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді