«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Инвестиция игілігін ел көреді

Инвестиция игілігін ел көреді
ашық дереккөз
Инвестиция игілігін ел көреді
Облысымызда инновациялық, инвестициялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар жоспарлы жүзеге асырылуда. Жалпы, аймақтағы бірқатар өзекті мәселелерді шешу бағытында жеке инвестициялық, бюджеттік және жұмыспен қамту жобалары аясында 2025 жылға дейінгі Жамбыл облысының даму жоспарының жобасы әзірленді. Ондағы мақсат – әрбір елді мекен бөлінісінде жұмыспен қамтуды көздейтін бюджеттік және бюджеттен тыс инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра отырып, ауыл халқының табысын арттыру, тұрмыс жағдайын жақсарту. Жоба негізінен халықтың әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешуді көздейді. Өңір экономикасын ілгерілетеміз десек – әуелі ауылдық аумақтарды дамытуымыз керек. Ол үшін жаңа жұмыс орындарын құратын агроөнеркәсіп кешенін, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруға тиіспіз. Бұл жұмысты аймақтағы 153 ауылдық округте және төрт қалада, екі ірі ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп саласында алдағы үш жылда құны 2,16 триллион теңгені құрайтын 1193 жобаны іске асыра отырып жүзеге асыру көзделген. Осының есебінен 13,9 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның 12,7 мыңы тұрақты, 1,2 мыңы уақытша жұмыс орындары болмақ. Ал ауыл шаруашылығында 3,9 мың жұмыс орны, өнеркәсіпте 10 мың орын ашылмақ. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту аймақта 10 бағытта жүзеге асырылады. Жалпы, өңірде 421 жылыжай кешенін салу межеленген, оның 42-сі биыл жүзеге асырылмақ. Бұдан бөлек 45 су үнемдеу технологиясы, 38 жеміс және көкөніс сақтау қоймасы, 33 сүтті қайта өңдеу кәсіпорыны, 9 сүт тауарлы фермасы, 55 мал бордақылау алаңы, 30 құс, 41 балық шаруашылығы, 43 өзге де шағын жобаларды іске асыру жоспарланған. Биыл осы жобалар аясында 382 жұмыс орны құрылмақ. Аталған бағыттарды жүзеге асырудың нәтижесінде еңбек өнімділігі 2,7 пайызға, яғни өндіріс 1,6 миллион теңгеден 4,3 миллион теңгеге дейін, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10 пайызға артпақ. Ет өндірісі – 7, сүт – 0,7, жұмыртқа өнімі – 2,5 пайызға ұлғаяды деп күтілуде. Ал өнеркәсіп саласын дамыту 7 бағытта жүзеге асырылмақ. Өңдеу өнеркәсібімен 78 кәсіпорын айналысуда. Алдағы үш жылда 25 тамақ өнеркәсібі өндірісі, қосымша 8 жарық энергетика кешені салынады. Одан бөлек, 6 балық шаруашылығы, 5 туризм, 1 цифрландыру, 353 өзге де қызмет көрсету бағытында шағын жобалар іске асырылмақ. Сөйтіп, биыл осы жобалар есебінен 2139 жұмыс орны құрылмақ. 2025 жылға дейін жалпы құны 2 триллион теңгені құрайтын ірі 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Онда 5,7 мың тұрақты жұмыс орны құрылатын болады, олардың үлесі құрылатын жұмыс орындарының жалпы санының 60 пайызын құрайды. Нәтижесінде еңбек өнімділігі 8,9 пайызға артып, 288 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі. Экспорт көлемі 97,6 миллиард теңгені құрап, импортты алмастыру 188,3 миллиард теңгеге жетпек. Ал енді бюджеттік жобаларға тоқталар болсам, жоспар аясында бюджет қаражаты есебінен 2025 жылға дейін құны 624,3 миллиард теңгені құрайтын, 11,3 мыңға жуық жұмыс орын құруды көздейтін, 2130 жоба іске асады деп күтілуде. Есепті кезеңге өңірімізде халық саны 1 214,5 адамды құрады. Соңғы бес жылда халық саны 89,1 мыңға (1125,4 мыңнан 1214,5 мыңға дейін, 8 пайызға) өскен. Халық саны өскен сайын белгілі салаларда инфрақұрылымға қажеттілік те артатыны анық. Қажеттілікті шешу үшін білім саласында 178,4 миллиард теңгеге 215 жоба іске асырылып, 92 білім білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 123 нысан күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Жалпы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына 20 білім нысанының құрылысы ұсынылды. Нәтижесінде құрылыс жұмыстарында уақытша 1095 жұмыс орны, білім нысандарында 1468 тұрақты жұмыс орны құрылатын болады. Денсаулық саласындағы жобалар барлық ауылдарды тиісті медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді. 83,2 миллиард теңгеге 118 жоба іске асырылып, 95 денсаулық нысаны салынатын болса, 23 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс жұмыстарында 1165 уақытша жұмыс орны, денсаулық сақтау нысандарында 184 тұрақты жұмыс орны ашылады. Шұғыл және орта технологиялық медициналық көмек алу қашықтығы 500-ден 200 шақырымға дейін қысқарады. «Ауылды жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасына 30 денсаулық сақтау нысанының құрылысы ұсынылды. Денсаулық сақтау ұйымдарының тозуы 10 пайызға дейін, типтік емес нысандар саны 89,5 пайызға дейін төмендесе, медициналық құралдармен жабдықтау деңгейі жақсара түседі. Өмір сүру жасы ұзарады, нәресте өлімі 7,6 пайызға, ана өлімі 10 пайызға төмендейтін болады. Спорт саласында 37 дене шынықтыру- сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілсе, 13 спорт алаңшасы пайдалануға беріліп, 9-ында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарында 551 уақытша жұмыс орны, спорт нысандарында 225 тұрақты жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 61 пайызға жетеді. Бірінші кезекте өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік берілмек. Сонымен қатар 26 мәдениет нысаны салынып, ауыл халқының игілігіне берілмек. Ал 24 тозығы жеткен нысан жөнделетін болады. Құрылыс жұмыстарында 301 уақытша жұмыс орны, мәдениет нысандарында 139 тұрақты жұмыс орны ашылады. Халықтың мәдени іс-шаралармен қамтылып, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 100 пайызға жеткізіледі. Бүгінгі таңда өзекті болып отырған мәселе – тұрғын үйге сұраныстың артуы. 36 мыңға жуық адам көпқабатты тұрғын үй кезегінде тұрса, жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер теліміне кезектілік 164 мыңға жуық. «Даму» жоспары шегінде 2025 жылға дейін 401,1 мың шаршыметр көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда бар. Жалпы 7082 отбасын баспанамен қамту көзделуде. 14,3 мың жер телімі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерімен қамтылып, таратылатын болады. Құрылыс саласына биыл 99,4 миллиард теңге бюджеттік инвестиция бөлініп отыр. Бұл үрдісті сақтау бағытында алдағы жылдары да тиісті жұмыстар жалғасын табатын болады. Облыстың даму жоспарын іске асыру бағытында сумен, газбен, жылумен және электрмен жабдықтау айтарлықтай жақсарады және олардың тозуы төмендейді. 2025 жылға қарай облыстағы 371 елді мекен тұрғыны 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 98,4 пайызы табиғи газды тұтынатын болады. Құрылыс жұмыстарында 1211 уақытша жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ 52,2 миллиард теңгеге 86 елді мекенге табиғи газ жүйелерін салу және үш автономды газ тарту стансасының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарында 305 уақытша жұмыс орны құрылады. Жылу жүйелерін жөндеу нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 58,5 пайыздан 53,5 пайызға дейін төмендесе, жарықтандырудың тозу деңгейі 68,1 пайыздан 56,5 пайызға төмендейді. Жол саласын «Даму» жоспарының аясында 73,6 миллиард теңгеге облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеу бойынша 895 жоба іске асырылып, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 99,5 пайызға жетеді. «Жұмыспен қамту» бағыты аясында атқарылатын жұмыс та көп. Алдағы үш жылда облысты дамыту жоспарында өңірімізде 83,7 мың жұмыс орны ашылатын болады, оның 27,8 мыңы тұрақты, 56 мыңы уақытша жұмыс орындары. Алдағы уақытта әкімдердің жұмысы құрылған жұмыс орнына қарай бағаланатын болады. Осы бағытта Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» бойынша берген тапсырмасы 9 айда 1,4 есеге асыра орындалып, 8,8 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 2,9 мыңы тұрақты. Жалпы, 2025 жылға дейінгі «Даму» жоспарының жобасында еңбек нарығына жаңадан келетін жастар мен жұмыссыздардың ағыны да ескерілді. Жоғарыда аталған екі бөлімдегі шараларды атқару нәтижесінде өңіріміздегі жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға дейін төмендету күтілуде, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 2,9 пайызға төмендемек.  

Нұржан КАЛЕНДЕРОВ,

облыс әкімінің бірінші орынбасары

 

Ұқсас жаңалықтар