Бұл мәселе сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық семинар-кеңесте жан-жақты талқыланды
Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күннің күрделі мәселесі. Сондықтан болар, таяуда Елбасының төрағалығымен өткен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» қабылданды. Ал кеше Тараз қаласындағы М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту шаралары» туралы облыстық семинар-кеңес өтті. Оған облыс әкімі К.Көкірекбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қарашолақов, облыстық мемлекеттік мекемелердің, құқық қорғау органдарының басшылары, барлық деңгейдегі әкімдер, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. «Облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2011-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылды. Таяуда 2015-2018 жылдарға арналған жаңа жоспар әзірленді. Жалпы өңірде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс саны бір жыл ішінде 42 пайыз кемігеніне қарамастан, құқықбұзушылықтардың қатары сиремей отыр. Оның себебі неде? Талдау көрсеткендей биылғы жылдың он айында 171 қылмыстық факті орын алған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 11-ге артық. Бүгінгі семинарда осы мәселелер талқыланады», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Алғаш болып баяндама жасаған облыс прокурорының орынбасары Берік Құлтасов облыс прокуратурасы жасаған талдауға сүйеніп жүргізіліп жатқан шаралардың әлі де болса көңілден шықпайтындығына қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, облыста үстіміздегі жылдың тоғыз айында жемқорлық сипатындағы тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар саны республика көлемінде бірінші орынға шыққан. Бір қорқыныштысы, соңғы үш жылда бұл сан тұрақты түрде өсіп келеді. Бұлардың басым көпшілігін прокуратура органдары анықтаған. «Тәртіптік жауапкершілікке тартылғандардың көпшілігі мемлекеттік органдар мен ішкі істер органдарының қатардағы қызметкерлері екендігін ескеріп, олардың бірінші басшыларының жауапкершілігі неге қаралмаған деген сауал туындайды. Мысалы, 2013-2014 жылдары облыс әкімдігінің құрылыс, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының үш бөлім басшысы, екі бас маманы сыбайлас жемқорлық сипатындағы жауапкершілікке тартылса да, басқарма басшысының лауазымына сәйкестігі туралы мәселе қарастырылмай қалған. Мойынқұм ауданы әкімдігінің тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қылмыстық Кодекстің 307-314-баптары бойынша сотты болып, мал дәрігерлік бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сарысу ауданы әкімінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, екі ауылдық округ әкімі жемқорлық деректері үшін жауапты болған. Бұл жерде де аудан әкімдерінің кінәсі ескерілмей, олардың жеке жауапкершіліктері назардан тыс қалған. Барлық құқықбұзушылықтардың 60 пайызын мемлекеттік сатып алу саласы құрайды. Мәселен, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы тапсырыс алушының біліктілік талаптарына сай еместігіне қарамастан келісімшарт жасаса, ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары техникалық талаптарға қайшы келетін тауарларды қабылдаған. Сондықтан олар тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деген облыс прокурорының орынбасары құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы ойларымен де бөлісті. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы – Тәртіптік кеңестің төрағасы Болат Исақов мемлекеттік сатып алуда сыбайлас жемқорлық заңбұзушылықтары жыл сайын артып отырғанын мәлімдеді. Мәселен, тәртіптік кеңесте қаралған істер бойынша 2012 жылы мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзу үлесі 8 пайызды құраса, 2013 жылы 36 пайызға артқан, ал биылғы он айда 43 пайызға жеткен. «Жергілікті атқарушы орган басшыларының мемлекеттік сатып алуды жоспарлау, ұйымдастыру және өткізу кезіндегі жауапсыздығы, сонымен қатар бөлінген қаржыны толық игеру үшін заң талаптарын елемеу бюджет қаржысының ысырап болуына алып келеді. Мысалы, Сарысу ауданы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Т. Есқұлов жерасты суларының зерттелген қоры туралы мәліметтер жоқтығына қарамастан, осы ауданның үш ауылына су жүйесін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурс өткізуге тапсырыс берген және оның жеңімпазымен келісім-шартқа отырған. Демек, ол орындалуы мүмкін емес келісім-шарт жасаған», – деді өз сөзінде Болат Исақов. Ал Байзақ ауданы Сарыкемер ауылдық округінің әкімі С.Тілеуқұлова ауылдың кіре берісіндегі арканы қалыпқа келтіру жұмыстарын мемлекеттік сатып алуға конкурс өткізбеу үшін бір жұмысты үш лотқа бөліп, бір кәсіпкермен үш бөлек келісім-шарт жасасқан. Сол сияқты, ол мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбей кеңсе жиһаздарын сатып алған. Облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы басқарма басшылары мен аудан әкімдерін орындарынан тұрғызып баяндамада айтылған кемшіліктер бойынша жауаптарын тыңдады. Бұдан кейін сөз алған облыстық қаржы полициясының бастығы Мақсұт Нәлібаев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің облыс бойынша қаржылық бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Алмас Дүйсенбаев қоғамда жегі құртпен теңелетін жемқорлықпен күресте орын алатын маңызды қадамдармен бөлісті. «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы Бақыт Әлмұратов семинардағы тақырып бойынша Тараз қаласы тұрғындарының арасында жасалған сауалнама қорытындыларымен таныстырды. – Қазір азаматтардың санасында мәселені пара беру арқылы тез шешуге болады деген түсінік орнаған секілді. Сыбайластық балабақшадан бастау алады. Бұл жасырын емес. Баланы балабақшаға орналастыру үшін таныс керек немесе қаржы керек, деп кез-келген ата-ана айтады. Оны өздеріңіз халық арасынан біліп жүрсіздер. Ауруханалар мен емханалардағы жағдай да мақтанарлық емес. «Рахметі» болмаса қызмет сапалы жасалмайтындығын естиміз. Мұны да өздеріңіз білесіздер. Біз бұл мәселе бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысымен біраз жұмыс атқарғанбыз, бірқатар адамдар жұмысынан босатылды. Білім беру саласында әртүрлі себептермен ата-аналардан ақша жинау тоқтаған жоқ. Одан қалса, орта және жоғары оқу орындарында да емтихан мен сынақтардың өз бағалары бар екендігі де бізге мәлім. Мен қоғамда көп талқыланатын бірқатар салаларды ғана айтып өттім. Мұндай құқықбұзушылықтар әр салада кездесетіні құпия емес. Сондықтан, мектеп директорлары, денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары бұл мәселеге сергек қараңыздар. «Бармақ басты, көз қыстыға» жол бермеңіздер. Барлық әкімдер мен мемлекеттік органдардың басшыларына сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін алдын алу шараларын күшейтуді, үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізуді, қолданыстағы заңнамаларды орындап, қатаң бақылауды тапсырамын, – деп семинар-кеңесті қорытындылады облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді