Неге 17 қараша?..

Неге 17 қараша?..
ашық дереккөз
Неге 17 қараша?..

17 қараша ресми түрде студенттер күні деп аталғанымен, курстың әр күні олар үшін мереке. Солай емес пе? Осындай атаулы күннің тарихын біліп жүрсек артықтық етпес. Неге дәл осы күн студенттер күні деп бекітілді?

Халықаралық студенттер күні 1946 жылдың 17 қарашасынан бері тойланады. Халықаралық студенттер конгресі күнтізбеде дәл осы күнді атаулы мереке ретінде белгіледі. Конгресс Прага қаласында өтті. Студенттер күнінің өзіндік тарихы да жоқ емес. Бұл көңілді жастық шақ пен романтиканың күні болғанымен мұның тарихында көңілсіз жәйттер жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыс кезімен байланысты бұл оқиға былай өрбіген болатын: 1939 жылдың 28 қазанында фашистердің басқыншылығында қалған Чехословакия елінің студенттері мен оқытушылары Чехословакия мемлекетінің құрылғанына бір жыл толуына орай шеруге шығады. Шеру кезінде басқыншылар студенттерге қарсы шығып, медицина факультетінің Ян Оплетал есімді студентіне оқ атылады. Мерт болған студенттің жерлеуі 15 қараша күні өтті. Бұл кезде де шулаған студенттер тыншыған жоқ. Осы шеру кезінде он шақты студент ұсталып, қамалды. 17 қараша күні гестапошылар таңертең студенттер жатақханасын қоршап алды. Осының нәтижесінде 1200-ден аса студент қолға түсіп, біразы Заксенхаузендегі концлагерьге айдалды. Он шақты белсенді студентті ешқандай соттың шешімінсіз-ақ Рузина ауданындағы түрмеде көзін жойды. Гитлердің әмірімен чехтардың барлық жоғары оқу орындары соғыстың соңына дейін жабылып қалды. Осы оқиғаға байланысты 17 қараша күнін Халықаралық студенттер конгресі белсенділері студенттердің атаулы күні деп белгіледі. Дегенмен, Халықаралық Студенттер күні алғаш рет 1941 жылы 17 қарашада Лондон қаласында тойланған. Ал бүгіндері бұл күнді атап өту әлемнің көптеген елдерінде игі дәстүрге айналған. Жастардың мерекесі болғандықтан, бұл күн студенттер қауымына өте танымал. Ендеше, мереке құтты болсын, студенттер! Әр күндеріңіз білім мен жарқын естеліктерге толы болсын!

Ұқсас жаңалықтар