- Advertisement -

«Анамның соңғы тілегі орындалған жоқ»

272

- Advertisement -

Жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдары қазақ боксының аспанында бір жұлдыз жарқырады. Ол – спорт жанкүйерлері есімін жақсы білетін Нұрлан Көпжасаров еді. Әйгілі Кеңес Омаровтың тәлімін алған боксшы уақытында екі дүркін Еуропа чемпионы атанды. Сайыпқыран спортшының өмір жолы да шым-шытырыққа толы. Гүрзі жұдырығымен қарсыласын талай мәрте сұлатып түсірген оның тағдыры әлі күнге дейін жұмбақ. Осы орайда, ата басылымда «Ұмыт болған есімдер» айдарын тұрақты жүргізуді қолға ала отырып, біз тараздық тарланның жеткен жетістіктерін, бағындырған белестерін оқырман назарына ұсыну мақсатында туған ауылы Қызыл Жұлдызға арнайы барып, ағасы Нұржан Көпжасаровпен тілдескен едік.

– Нұржан аға, әңгімеміздің әлқиссасын ініңіздің балалық шағынан баст ас ақ. Жа лпы, бауырыңыз кішкене күнінде қандай болды? Оның боксқа деген қызығушылығы қай жасында байқалды?

– Біздің балдәурен балалық шағымыз осы ауылда өтті. Дәл қазір сіз бен біз әулетіміздің қара шаңырағында отырмыз. Бұл үйде тоғыз ағайынды ұл-қыз тәрбиеленіп, өсіп-өндік. Әкеміз Құдайберген мен анамыз Шекердің мейіріміне бөленіп, ел қатарлы қарапайым ғұмыр кештік. Отбасымыздағы ер балалардың спортқа деген қызығушылығы тым бөлек еді. Маған дейінгі ағаларым да бокс секцияларына жазылып, салауатты өмір салтын ұстанатын. Дегенмен біздің арамызда Нұрланның боксқа деген ықыласы ерекше болды. Өзіңіз көріп отырған, мына бақшадан сәл ары жүрсеңіз, Талас өзені ағып жатыр. Бала кезімізде сонда қой бағатынбыз. Бірде қызық оқиғаның куәсі болдық. Нұржанның екінші немесе үшінші сынып оқитын кезі- ау шамасы. Нақты есімде қалмапты. Әйтеуір әкем інімнің алдына қойларды салып беріп, жаңағы айтқан Талас өзенінің бойына жаюды тапсырған. Алайда ол қойларды ауылдас түрік ағайындардың ұлдарына тастап, өзі бокс залына кетіп қалған екен. Мұны байқаған әкем: «Енді қойды өзің бақ. Нұрлан боксынан қалмасын», – деп маған бұйырды. Әкеге қарсы шығу қанымызда жоқ қасиет қой. Осыдан соң, қора-қопсыны тазалау «қызметі» маған жүктелді. Ал Нұрлан болса алаңсыз өзінің сүйікті ісімен айналыса бастады. Бокс үйірмесіне жазылғанына бір ай толар- толмастан жарысқа жолдама алды. Міне, осыдан-ақ оның қаншалықты талантты спортшы екендігін байқауға болар. Кейін арада алты айдай уақыт өткенде республикалық деңгейде өтетін жарысқа қатысуға мүмкіндік а лды. Кеңе с тұсында мұндай жетістікке жету оңай шаруа емес еді. Ол кезде оны ата-анам да қолдап, керек-жарағымен қамтамасыз етіп отырды. Осылайша, бауырымның бокс әлеміндегі жеңісті жолы басталып кетті.

– Қазақ боксының шырқау биікте шарықтауына себепші болған Кеңес Омаровтың есімі қазақ спортының тарихында алтын әріптермен жазылары анық. Білікті бапкер ініңізді қалай жазбай таныды? Білуімізше, Омаров тәрбиелеген шәкірттердің осалы жоқ…

– Тұлпарды құлын кезінен тану кім көрінгенге бұйырмайтын бақ. Бокс майталмандары «фантастика» деп таңдай қаққан Серік Қонақбаевты одан өзге Кәрімжан Әбдірахманов, Рашид Кабиров, Вадим Присяжнюк сияқты КСРО, Еуропа, әлем біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлерін халыққа танытқан Кенекеңдей жанның көзіне түсу тіпті оңай емес. Жоғарыда айтып өткенімдей, Нұрлан өзгелер жылдап жететін толайым табысқа аз ғана уақытта қол жеткізді. Тыңғылықты жаттығу, өнімді еңбектің

арқасында ол талайлардың назарын өзіне аударды. Омаровтай бапкердің ықыласына бөленуі осыдан кейін шығар, бәлкім. Дәл осылай болған еді деп дөп басып айта алмаймын. Бірақ, Кеңес ағаның інімді бауырына басып, өз қадағалауына алуына ешкім себепші болған жоқ. Мұндай құрметке бауырымның өзі ие болды.

– Ал Нұрекеңнің алғашқы бапкері кім болған еді?

– Серік Қонақбаевтай спортшыны тәрбиелеген Юрий Цхай інімнің алғашқы бапкері болған. Ұстазы мықты шәкірттің осал болуға қақысы жоқ. Бауырым бұл үдеден шыға білді. Бапкерінің айтқанын мүлтіксіз орындап, мінсіз шәкірт атанды. Біз жастау кезде ауыл балаларының басым бөлігі спорт секцияларына жазылатын. Бір сөзбен айтқанда, спортпен шұғылдану «мода» еді. Десе де, уақыт өте келе жан-тәнімен жаттығу жасайтын үлгілі спортшы ғана толайым табыстарға жетеді екен. Нұрлан сондай жанның бірі және бірегейі еді.

– Өзіңізбен сұхбаттасу барысында ініңіз жайлы ақпарат іздестірдік. Алайда бауырыңызға қатысты деректер тым аз. Тіпті, керегіңді табатын ғаламтордың өзінде Нұрлан Көпжасаров туралы мәлімет жоқтың қасы. Өңірімізді, қала берді елімізді әлемге танытуға күш салған талант иесі неге тасада қалып қойды. Мұның себебі неде?

– Талантты адамдар тағдырлы келеді деген бар емес пе? Нұрлан да сондай тағдыр иесі. Осы күнге дейін оның жағдайы бізге беймәлім. Спортта жүріп көрген опасыздықтары інімнің өмірін қатты өзгертіп жіберді. Талай мәрте жеңіп тұрып, жеңілістің ащы дәмін татқаны жанына батты. «Битке өкпелеп, тонын отқа жақпаса да» көрер көзге көрген әділетсіздіктері оны қажытып жіберді. Бәзбіреулер көкесінің немесе көк қағаздың күшімен жететін жетістікке ол өз еңбегімен жеткісі келді. Тіпті жетті де. Бірақ ноқтаға басы сыймай өскен ерекше дарын иесінің өзіміздің көре алмаушылығымыз құртты. Оның еңсесін тік ұстап жүруіне кедергі келтіруге де өзіміз кінәліміз. Небір дүбірлі жарыстарда топ жарып тұрып, жүлдеге ілінбеуі қандай қатыгездік?! Осындай жан түршігерлік әрекеттердің кесірінен талай мықты жігіттер спорттан қол үзіп қалды. Ал Нұрлан қанша опасыздыққа тап болғанымен, спортпен қош айтысқан жоқ. Дейтұрғанмен, арада біраз уақыт өткен соң, өзі де іштей күйзеліске бой алдырды. Спорттағы әділетсіздікке қарсы тұруға күш салды. Тұғыр биігіне тек үздік спортшы ғана шығуы керектігін бәріне дәлелдегісі келді. Бірақ, жалғыздың үні шыққан ба, бір адамның қолынан не келеді? Әлі күнге «баяғы жартас, сол жартас» емес пе? Нұрлан 1989 жылы, яғни 20 жасында отау құрып, шаңырақ көтерді. Бір жылдан соң, ұлы Жеңіс дүниеге келді. Перзентінің есімін де бір жарыстан жеңіспен оралғанда, ырымдап қойдық. Бұл күнде сол бала ержетіп, шаңырақ көтерді. Ал інімнен әлі күнге хат- хабар жоқ. Қандай жағдайға душар болғанын кім білсін? Әйтеуір, бәрі көзді ашып-жұмғанша орын алып, бір пәсте бауырымыздан көз жазып қалдық. Осы оқиғадан соң, анамның денсаулығы күрт нашарлап, тым қиындай түсті. Ол кісінің бар арманы перзентін бір көру еді. Анамның соңғы тілегі орындалған жоқ. Ағайын-туыс болып, бауырымызды іздемеген жеріміз жоқ. Ішкі істер органдарына да сан мәрте шағымдандым. Тіпті, қылмыс әлемінің серкелерімен де жүздестім. Бірақ, ешкім жарытып ештеңе айта алған жоқ.

– Жұмбақ тағдыр иесі деп қалдыңыз ғой. Бұл оқиға қалай орын алды? Толығырақ айтып берсеңіз…

– 1993 жыл еді. Ол тұста жер-жаһанда «рэкет», «мафия», «банды» дегендер көптеп пайда бола бастаған. Дәл о сы қара шаңырақта әулеттің үлкендері мен жастар жағы бас қосып, Нұрланның белбаласы Жеңісті сүндетке отырғызайын д е п жатқанбыз. Бәріміз керек-жарақтың қамымен ары-бері шапқылап жүрдік. Ол кезде інім Алматыда болатын. Онда бір жамағайынымыздың ойын-сауық орталығы бар-еді. Нұрлан сол жерде жұмыс істеп жүрген шағы. Бірер күнде сүндет тойға қатысуға келуі керек. Бірақ, келмеді. Уайымдай бастадық. Болмаған соң, Нұрланнан кейінгі інім Бекжан Алматыға барып мән-жайды біліп қайтуға жол жүріп кетті. Алайда Бекжаннан да хабар келген жоқ. Бір апта өтер-өтпестен, өзім де алып шаһарды бетке алдым. Барсам Бекжан әпкемнің үйінде екен. Нұрланды таппағандығын айтты. Мен сенер-сенбе сімді білмей, жаңағы ойын-сауық орталығына қарай тарттым. Бара сала сондағы адамдардан оқиғаның қалай болғанын тәптіштеп сұрай бастадым. Олардың айтуынша, бір топ жігіттер кіріп келіп, інімді жағадан алған екен. Ал бауырым болса, біреуін сұлатып түсіріп өзгелеріне қарсы тұра алмаған. Енді бір адамға он-он бес адам жабылса, жалғыз адамның қандай қауқары болады? Осыны пайдаланған әлгілер інімді ұрып-жығып, көлігіне салып алып кеткен. Содан бері ешқандай дерек жоқ. Сондағысы, әлгі адамдар ойын-сауық орталығына «крыша» болғысы келген екен. Ал інім болса оларға қарсылық танытқан. Олардың көмегінсіз-ақ ол жерді қорғауға мүмкіндігі бар екендігін жасырмаған. Содан соң, осындай жағдай орын алған. Екі-үш күннен соң, көлікті ғимараттың алдына әкеп тастапты. Жаңағылардың өресінің жеткені сол, тіпті көліктегі үнжазбасын (магнитофон) шешіп алып қалыпты. Ал көліктің іші болса, қып-қызыл қанға боялған. Ойын-сауық орталығында жұмыс істейтіндердің бар айтқаны осы ғана. Қару-жарақ асынған күзетшінің өзі қол-аяғы қалтырап әзер сөйлеп тұр. Қанша ашулансам да, үркітіп қорқытсам да мұндағылар мандытып ештеңе айтпады. Тіпті, Құдайға қараған жансыңдар ғой деп жалындым да. Бірақ, бұдан да нәтиже шыққан жоқ. Бәрі қорқып қалған. Тіпті, көпшілігі осы оқиғадан соң, жұмыстан шығып кетті. Менің білетінім осы ғана.

– Бауырыңыздың бокста жүріп әділетсіздіктерге душар болғанын айтып қалдыңыз? Сонда ол кісіні жаттықтырушылардың беделі болмағаны ма?

– Жоқ мен бұл оймен келіспеймін. Сонымен қатар інімді жаттықтырған жандар туралы ғайбат сөз айтуға аузым бармайды. Ол кісілердің жазығы жоқ. Қолдан келгенше, барлығын жасады. Ал оны спорттан хабары жоқ бастықсымақтар мен қалталы көкелер түсінбесе қайтсін енді?

– Нұрлан туралы әулетіңізге тиесілі естеліктерде мәліметтер бар ма?

– Бүгінгі таңда қолымда бары бір кітап пен інімнің америкалық боксшы Деррик Лидомен болған кездесуі жазылған бейнетаспа ғана бар. Нұрлан жайында жазылған барлық естеліктер мен газет-журналдарда жарық көрген мақалаларды бір журналист сұрап алған болатын. Кітап жазамын деп. Алайда ол бар мәліметті жоғалтып алып бәрімізді жерге қаратты. Жалпы, інімді «тағы бір кітапқа жазамыз» деп біраз адамдардың келгені есімде. Олар бұл қызметтің ақылы екендігін айтып, әкемнен 1000 АҚШ долларын сұрапты. Бірақ марқұм әкем ешкімге ешқандай ақша бермейтінін айтты. Осылайша, інім туралы аз ғана жазылып жүрді. Мендегі кітапта да бар-жоғы бір абзац болатындай дүние жазылған. Осы тұста жергілікті билік өкілдері Алматы қаласындағы мұрағаттан Нұрланға қатысты құжаттарды алуға көмектессе деймін. Мүмкін сонда ғана том-том кітапқа азық болар тың ақпараттар табылып қалар.

– Бауырыңыздың артында қалған жалғыз тұяқ Жеңіске оралсақ. Ол спортқа жақын ба?

– Жеңістің де спортқа деген қызығушылығы жоғары. Ол тіпті бокс залына бара салысымен бапкерлердің көзіне түсе білді. Бір күні облыс орталығында дүбірлі жарыс өтті. Сол сайыста Жеңіс жасындай жарқырап, жүлделі орынға ие болды. Ол рингке көтеріле салысымен-ақ қарсыласын бұрыштан-бұрышқа қуып жүріп сабап, кездесуді өз пайдасына шешті. Төреші Жеңістің қолын көтеріп, жеңімпаз деп хабарлағанда оның тегін естіген жұрт елең ете қалды. Өзім көрермендер залында отыр едім. Жанымдағылар «Нұрланның өзі ғой мынау» деп әңгіме ете жөнелді. Бүгінде сол баламыз ержетіп, өзі де бір шаңырақтың отағасы атанды. Келініммен бірге Алматыда тұрады.

– Сөз соңында өз отбасыңызға тоқтала кетсеңіз. Жаңа ғана сіз де боксқа қатысқандығыңызды айтып өттіңіз. Жалпы, ұл-қызыңыз спортпен шұғылдана ма?

– Ұл-қыздарымның барлығы дерлік салауатты өмір салтын ұстанады. Үлкен ұлым Ержан Астана қаласында жаттықтырушы болып қызмет етеді. Ол бала кезінен боксқа қатысып, біршама жетістіктерге жетіп үлгерді. «Спорт шебері» деген атағы бар. Бұйыртса, оны бұдан да биік белестерден көремін деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

 Сұхбаттасқан Есен ӨТЕУЛІ.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support