- Advertisement -

Мемлекеттік тіл – менің тілім

21

- Advertisement -

Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі өзге этностар арасында мемлекеттік тілді еркін қолданысқа енгізуге ықпал жасай отырып, «Мың бала», «Мәміле», «Жағдаяттық қазақ тілі», «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» жобаларын жыл сайын жүзеге асырып келеді.

Облысымыздан осы жобаларда белсенділік танытып жүрген Виктория Трегубова «Абай оқуларының» әлеуметтік желідегі челленджіне қатысып, 65 мың қаралым жинап, үлкен ықыласқа ие болды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қызметке шақырылды. Ал «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форумына мемлекеттік тілді жетік меңгерген «Ассамблея жастарының» өкілі Пряхина Русалина қызымыз амбассадор ретінде таңдалып алынды. Мемлекеттік тіл – Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерін бір шаңырақ астында ұйыстырушы, шоғырландырушы фактор ретінде танылып отыр. «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңы облыс аудандарын түгел қамтып, мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, белгілі бір нәтижеге жеткен этнос өкілдерінен спикерлер тізімі жасақталды. Ал биылғы Петропавл қаласындағы республикалық форумға өңірімізден бүгін 3 этнос жастары аттанып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еqemen Kazaqstan» және «Аikyn» газеттеріне берген сұхбатында «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады» және «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз» деген еді.

«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты ашық алаңға төл тілімізді дәріптеген өзге ұлт өкілдері күш беріп келеді. Олар мемлекеттік тілді қалай үйренгендерін айтып, өзгеге ой салуда. Мәселен, «Мемлекеттік тілім – менің тілім» байқауының бас жүлде иегері, ұлты украин, Тараз қаласы №26 орта мектебінің директоры – Тарас Викторович Леоненко қазақ достарынан мемлекеттік тілді үйренгенін мақтанышпен айтады. Республикалық «Абай оқулары» және «Жамбыл жырлары» байқауының бірінші орын иегері, Абай атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Мухаббат Алеханова да, Қордай ауданы Сөртөбе дүнген этномәдени бірлестігінің жетекшісі, Қордай ауданы №16 М.Лермонтов атындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы Вангер Войнце де мемлекеттік тілді ерекше құрметтейді. «Ата-анам мені мектеп бітірген соң Шымкенттегі қазақ-түрік университетіне жіберді. Соны бітіріп, қазақ тілі пәнінің мұғалімі боласың деді. Мен әуелі қиналдым. Оқуды тастап кеткім келді. Ата-анам ерекше қадағалап, жігер беріп оқытты. Қазір ата-анама алғысым шексіз. Бүгінде өз ауылымда қандас дүнген ағайындарға қазақ тілін үйретіп жүрмін», дейді ол.

Ал ұлты дүнген Роза Юносова қазақтың келіні. «Қазір төрт баламыз бар. Мен қазақтың бар салт-дәстүрін білемін. Қазақ халқына келін болғаныма қуанамын. Пейілі кең қазақ халқына басымды иемін» дейді тебіреніп. Орыс ұлтының өкілі Сергей Семыкин болса қазақша сөйлеу былай тұрсын, қазақ тілінде халық әндерін шырқайды. «Балалар үйінде өстім. Мені қазақ әніне үйреткен ұстазым Әріпбай Мұсапановқа үлкен алғыс айтамын» дейді. Студент, кәріс ұлтының өкілі Аян Ким де көпке үлгі. «Ахыска» түрік мәдени орталығының ақсақалы Ибрагим Зуфаровтың он тіл білетіні, қазақ тілін ерекше қастерлейтіні қандай жақсы. «Вынхуа» дүнген орталығының ардагерлер кеңесінің төрағасы, төрт тіл білетін Абдулхалил Маюфи қазақ тілін құрметтейді. Ұйғыр мәдени орталығының жетекшісі Мухаббат Тұрдиева да қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ал республикалық оқушылар айтысының жүлдегері, Жамбыл ауданы, Айша бибі орта мектебінің 10-сынып оқушысы, балғар ұлтының өкілі Алина Айдаралы қазақша еркін сөйлегенімен қатар қазақ тілінде айтысып, жүлде алып жүр.

Біздің облысымызда «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйытқы болуымен, осындай патриот өзге ұлт өкілдерін қолдап, үнемі ұлттар достығын нығайту ұдайы назарда.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support