Шоқтығы биік Шераға
Халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, елінің намысы мен ары да болған Шерхан Мұртаза есімі сірә да ұмытылмас. Оны қалың елі қазағы қашанда құрметтеп, шығармаларынан әсер алып, есімін асқақтата берері даусыз. Оны жалпы халықтың, ел ертеңі жастардың Халық жазушысына деген риясыз, шексіз құрметінен аңғаруға болады. Қаламгердің тоқсан жылдық мерейтойы Әулиеата жерінде бар сән салтанатымен аталып өтті.

Қаламгер ескерткіші бой көтерді
Әуелі халықаралық Тараз инновациялық институтының алдында Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның қоладан құйылған еңселі ескерткіші ашылды. Ескерткішті облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелді, Амалбек Тшанов, ғалым Ғарифолла Есім, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Мұхтар Шаханов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Еңбек Ері Аягүл Миразова бірге ашты. Ескерткіштің ашылу рәсімінен соң ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған құттықтау хатын оқып берді. Мұнан соң Нұрлан Оразалин сөз алып, Шераға туралы көсіле сөйледі.

Тағылымға толы конференция
Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін «Көне Тараз» кешенінде Халық жазушысының мерейтойына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ашып, сөз сөйледі. – Қасиетті Әулиеата топырағы текті тұлғалардың шоғыры шыққан аймақ. Жыр алыбы – Жамбыл, өнердің кені – Кенен. Міне, осы ардақты рухани тұғырдың биік шыңында даңқты жерлесіміз, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза да тұр. «Шерханның шекпенінен шықтық» деген азаматтардың өзі бүгінгі таңда белгілі тұлғаларға айналды. Біздің облыста Шерхан Мұртаза есімін ардақтауға бағытталған жұмыстар кеңінен жүріп жатыр. 2019 жылы Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы ашылды. Өздеріңіз бүгін көргендеріңіздей, халықаралық Тараз инновациялық институтына және Баспасөз үйіне Шерхан Мұртазаның есімі берілді. Облыстың төрт орта мектебі Шерхан Мұртаза есімімен аталады. Өңірдегі отыздан аса білім ошақтарында Шерхантану сабақтары өтіп жатыр. Аталған институттың құрылтайшысы Ерболат Саурықовтың қолдауымен Шерхан Мұртазаның бес томдық жинағы және «Ауылды, сені сағындым» кітабы жарық көрді. Себебі Шерхан Мұртаза мұралары – жанымызға демеу, ұрпаққа ұран. Алдағы уақытта да жазушыға көрсетілер құрмет жалғаса береді. Бүгінгі конференция жұмысына сәттілік тілеймін, – деді облыс басшысы.

Талаптыдағы той
Түстен кейін тойға келген барша ел ардақтылары мен зиялы қауым Халық жазушысының туған жері Жуалы ауданын бетке алды. Әуелі Талапты ауылында Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның мемориалдық үйі ашылды. Мемориалдық үйдің ашылу салтанатында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері Мұхтар Шаханов, Мұқаш Ескендіров, Парламент Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Мейрамбек Төлепберген лента қиды. Алдымен ел ағалары мемориалдық үйді аралап көрді. Мұнда жазушының барлық шығармашылық мұралары сақталады. Түрлі мәдени-әдеби іс-шаралар өтетін ыңғайлы мәжіліс залы да бар. Бұл үйді Халық жазушысының немере інісі Әлижан Мұртаза басқаратын болады. Тойға келген барша қонақтарға және жуалылықтарға да молынан дастарқан жайылып, дәм беріліп, Шерхан Мұртазаның рухына арналып Құран бағышталды. Облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев бағыштаған Құранға барша көпшілік ықыласпен қол жайып, Шерағаға Жаратқанның рахымы мен мейірімі төгілсін деп тіледі.
Есет ДОСАЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Жауапкершілікті күшейтетін тарихи мүмкіндік
- 12 наурыз, 2026
101 шаруаға жеңілдетілген несие берілді
- 12 наурыз, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




