Атыңнан айналайын ақжолтай газетім!

Атыңнан айналайын ақжолтай газетім!
ашық дереккөз
Атыңнан айналайын ақжолтай газетім!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Aq jol» газетінің 2014-2017 және  2018-2020 жылдардағы бас редакторы.

Өткен жолымызға қарап отырсам, бәрі де әдемі естеліктер екен. Сол естеліктерге қарап журналистік еңбек жолыңның текке өтпегеніне, өміріңнің мәнді де мағыналы жылдарының «Ақ жол» сияқты облыстық газеттің беттерінде шежіре боп қатталып қалғанын ойлап, көңілің марқаяды екен. Елу немесе жүз жылдан кейін облысымыздан әйтеуір бір жанашыр журналист-қаламгер шығып, «Ақ жолдың» архивтегі тігіндісін ақтарып, оның сарғайған беттеріндегі қызықты мақалаларға лайықты баға беретініне, сөйтіп Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты оқырмандарына газетіміздің тағылымды тарихын жеткізетініне кәміл сенем. Атыңнан айналайын ақжолтай газетім – «Ақ жол»! Сен маған қашанда ыстық, қашанда қымбатсың. Сенің әр нөміріңнен жақсы мақала, әдемі әңгіме, өрнекті өлең оқысам әріптестеріме табан астында телефон шалып, ризашылығымды білдірем. Ой-пікірлерімді де айтып отырам. «Ақ жол» менің әдебиет деген киелі сөз өнеріндегі тұсауымды ең алғаш кескен ақжолтай газетім. Сондықтан оның жаман аты шыққанын ешқашан қаламаймын. Жүз жылдық тарихи жолың мыңжылдық мұрағаттарға ұлассын, «Ақ жолым!».

Ұқсас жаңалықтар