Жол – қазынаға жолықтырар

Жол – қазынаға  жолықтырар
ашық дереккөз
Жол – қазынаға жолықтырар
28Рахманқұл Байтелиев, облыс әкімдігі құрылыс, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен», – дейді Президент Жолдауында. Осыдан-ақ негізгі тіршілік жол бойында екенін аңғару қиын емес. Оны нақтылай түскен Елбасы: «Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек», – деп атап көрсетті. Елбасының ойға қонымды осынау қағидатын жүзеге асыруда облыста жүзеге асырылып жатқан жұмыстар баршылық. Облыста жергілікті маңызды пайдаланымдағы жолдар желісі 4159 шақырымды құрайды. Оның ішінде, облыстық маңыздағы жолдардың ұзындығы – 2241, аудандық маңыздағысы – 1918 шақырым. Елді мекендер көшелерінің ұзындығы – 4562 шақырым. Жалпы, 2013-2014 жылдар аралығында облыс бойынша жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеуге және күтіп ұстауға бюджет көздерінен 12,991 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 2,7 және жергілікті бюджеттерден 10,291 миллиард теңге бөлініп, жөндеу жұмыстарына 764,3 шақырым жол қамтылған. Алдағы уақытта Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамыту және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес 2015-2020 жылдар аралығында облыстың жергілікті маңызы бар автожолдарын жөндеу және күтіп ұстауға 16 миллиард 47 миллион теңге қарастыру жоспарланған. Амандық болса, ол қаржыны да игеріп, жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Елбасының дәстүрлі Жолдауы жоспарланған жұмысты жүзеге асыруға міндеттейді. Қазіргідей мемлекеттің қолдауы арқасында ол істерді жүзеге асыруға мүмкіндігіміз бар.

Ұқсас жаңалықтар