Шаруасы шалқыған Шәміл
Қазіргі таңда қоғамда істің көзін тауып, кәсіп ашқандардың бәсі биік. Табыстың тайқазанын тасытқандардың өңір экономикасына пайдасы да аз емес. Сондай еңбектен бақытын тапқан кәсіпкердің бірі – Шу ауданы, Ақсу ауылындағы «Өтеуіл» шаруа қожалығының төрағасы Шәміл Сәрсенбаев. Біз Ақсу ауылына барған сапарымызда Шәмілді қайнап жатқан еңбектің ортасынан таптық. Шаруа қожалықтың жұмысын ілгерілету Шәмілге әкесінен қалған аманат екен. Әкесі Бимаханбет Сәрсенбаев әуелі тракторшы, кейіннен отыз жыл бойы егіс трактор бригадасының бригадирі болған кісі. Алпауыт Кеңес одағы ыдырағанда заманның қалай бағытталып бара жатқанын түсінген Бимаханбет 1997 жылы ағайын-туыстың, балаларының пай үлесін жинап, «Өтеуіл» шаруа қожалығын ашады. Ол жылдары шаруа қожалық ашуға көпшілік тәуекел ете бермейтін. Бірақ, Бимаханбеттің тәуекел деп ашқан шаруа қожалығы өркендеп, жұмысы алға жүріп береді. Уақыт өте береді, шаруа қожалық үлкейе берді. Кейіннен әке шаруаның соңында жүрген балалары Шәміл мен Нұржанға үлестерін бөліп береді.
Бұл күнде бақилық болған Бимахан ақсақал Шу ауданының Құрметті азаматы, кезінде Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысқан кісі. Сол уақыттан бері Шәміл Сәрсенбаев «Өтеуіл» және «Бимаханбет» шаруа қожалықтарының төрағасы. Ал інісі Нұржан екі шаруа қожалықтың да мал шаруашылығына жауапты. Осылайша, екі бауыр екі шаруа қожалықты татулықпен бірге басқарып келеді. «Ағайын тату болса ас көп», «Бірлік түбі – тірлік» деп осындайды айтса керек.
Қазіргі таңда аталған шаруа қожалықтарда ортақ 3 комбайн, 5 трактор, «КамАЗ» және «Зил» автокөліктері, ауыл шаруашылығына қажетті бөлшектердің барлығы да бар. Ағайындылар 50 жылқы, 150 мүйізді ірі қара, 1300 қой өсіруде. Оның барлығын өсіру оңай емес. Бұл шаруа қожалық 15 адамды да тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Келешекте жылқыны, қой санын көбейтуді ойластыруда. Оған аталған шаруа қожалықтардың әлеуеті еркін жетеді. Малды өсіруге қажетті қоражай, малшылардың үйі талапқа сай. Жұмысшылардың жалақылары 200-250 мың теңгеден кем емес. Жазғы маусым кезінде механизаторлар 400-500 мың теңге айлық табады. Кім еңбек етсе, бұл шаруашылықта табыс та соныкі. Ол айлықты тұрақты төлеу, қаржы табу да Шәміл үшін жеңіл шаруа емес.
Соған қарамастан Шәкең техникаларды жаңартып жатыр. Былтыр 51 миллион теңгеге бір «Есіл» комбайнын, бір «МТЗ-95.2» тракторын жаңа күйінде лизингке алды. Шөпті буатын, тайлайтын жаңа техникаларда бар. Қазір жаңа комбайн мен тракторлар жұмыс өнімділігін арттыруда. «Бұрын бес күн оратын жерді жаңа комбайнның көмегімен биыл бір күнде бітірдік. Жаңа техникаға қаражат көп кеткенімен, еңбек өнімділігі артқаны – бір жетістік», дейді Шәміл Сәрсенбаев. Шаруа қожалық жұмысының алға басуына дәнекерлеуші Бақдәулет Қиябаев, механизаторлар Мейіржан Сәрсенбаев, Ғалымжан Асқарұлы, Бекжан Бимаханбет, жұмысшы Азамат Қуанышов өздерінің елеулі үлестерін қосуда.
Шаруашылық 400 гектарға жаңа жоғары сортты «Стеклобедный-24» бидай тұқымын, 400 гектарға «Бәйшешек» арпа тұқымын себуде. Биыл орта есеппен бидайдың әр гектарынан 22 центнер, арпаның әр гектарынан 17 центнерден өнім алды. 40 гектарға егілген жоңышқаның да мал азығы ретінде маңыздылығы жоғары. Шәмілдің ұлы Мейіржан Сәрсенбаев жоғары білімімен, магистратура бітірсе де, осы шаруа қожалықтың бір жағында жүр екен. Әрине, шаруа қожалықтың дамуы жақсы болса, Мейіржанға келешекте қызмет те табылатыны анық. Соны түсінген балаға әкесі де риза. Бұл шаруа қожалық Шу аудандық несие серіктестігіне мүше.
Соған байланысты мемлекеттен тұқым, жанармай, қажетті бөлшектерді жеңілдетілген бағамен алып отыр. Шәміл Сәрсенбаев 1990 жылдары сол кездегі облыс басшысы Өмірбек Байгелдиевтің қолынан мемлекеттік «Еңбек даңқы» орденімен және әр жылдары бірнеше медальдармен марапатталған. Шаруа қожалықтың табысынан ауылдың дамуына үлес қосып, қоғамдық іс-шараларға қаражат бөліп, демеуші болып та жүреді. Асыл жары Меруерт Ақсу ауылында мейірбике болып еңбек еткен. Қазір үй шаруашылығын дөңгелетіп, жолдасының, перзенттерінің, ұрпақтарының тілеуін тілеп отыр.
«Шаруа қожалықты жүргізу жеңіл емес. Қазір шаруашылық ісі жолға қойылып келеді. Болашақта тұрақты жұмыс санын артыра түсетін боламыз. Шаруашылықтың дамуы – елдің де игілігі», дейді Шәміл Сәрсенбаев.
Есет ДОСАЛЫ
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді