Мерекеге орай медицина нысандары ашылды

Мерекеге орай медицина нысандары ашылды
ашық дереккөз
Мерекеге орай медицина нысандары ашылды
25 қазан – Республика күніне орай облысымыздың бірқатар аудандарында медицина нысандары ашылды. Мереке қарсаңында Меркі ауданында екі бірдей медициналық нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында Тәтті және Гранитогор ауылдарында жаңа амбулаториялар ауыл халқына есігін айқара ашты.

 width=

Тәтті ауылында медициналық амбулатория 30 келушіге арналған, жылыту, электр және су жүйелері орталықтандырылған. Онда келушілерге арналған күндізгі стационар, екпе бөлмесі, отбасылық дәрігерлер, медбикелік қабылдаулар, оңалту, физиотерапиялық кабинет, сондай-ақ, әлеуметтік қызметкер мен психолог маман қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Гранитогор елді мекенінде 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пунктінің ашылуы ауыл жұртшылығын қуанышқа бөледі. Бұл нысандардың ашылу салтанатына аудан әкімі Жорабек Баубеков қатысып, ауыл жұртының қуанышын бөлісті. «Соңғы жылдары аудан бойынша медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарып келеді. Бұл жыл сайын медицина жүйесінің жаңартылып, жаңа жабдықтар мен қызмет түрлерінің толығуымен байланысты. Былтырдан бастап аудандық емхана үздік тәжірибе орталығы болып жаңғыртылса, биыл аудандық медициналық мекемелері жалпы сомасы 173 миллион 698 мың теңгеге заманауи талаптарға сай жабдықтармен толықтырылды. Осылайша, ауданның денсаулық сақтау саласының жабдықталу көрсеткіші 91,1 пайызға жетті. Жалпы, аудан бойынша 43 емдеу мекемесі жергілікті халыққа медициналық қызмет көрсетуде. Оның ішінде, аудандық орталық аурухана, аудандық емхана, «Андас Батыр» ауылдық емханасы, сонымен қатар, 13 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік акушерлік пункті және 19 медициналық пункті бар», – дейді Меркі ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Қазыбек Камал. Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданында да денсаулық сақтау жүйесіне ерекше мән беріліп отырғанын айтады аталған аудан әкімінің баспасөз хатшысы Мөлдір Тастанбек. «Ауданның медицинасын қаржыландыруға биыл 3,2 миллиард теңге бөлініп, 35 емдеу мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Былтыр аудандық орталық ауруханаға 305,1 миллион теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынды. Қайта жаңғырған Республика күні қарсаңында Т.Рысқұлов ауданы Жаңатұрмыс ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді», дейді ол. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген нысанның ашылуына аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудандық мәслихат хатшысы Ербол Абуталипов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қатысқан. Жалпы құрылыс жұмысы 161 миллион теңгені құраған дәрігерлік амбулатория заманауи дәрігерлік құрал-жабдықтармен жабдықталған. Тәулігіне 25 келушіге қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар. Осымен, бұл аудандағы барлық елді мекендер жергілікті дәрігерлік амбулаториялармен 100 пайыз қамтамасыз етіліп отыр. Ал Талас ауданының Есейхан ауылында бір ауысымда 30 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар жаңа үлгідегі дәрігерлік амбулатория ашылды. Жобаның құны 156,5 миллион теңгені құраған. Ауыл тұрғындарының қуанышымен бөліскен аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков: «Мұндай медициналық нысандар өз кезегінде орталыққа қатынап уақыт жоғалтпай, көпшілікке тұрғылықты жерде ем қабылдауға мүмкіндік жасайды. «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы». Біз үшін ең бастысы, адамның өмірі мен денсаулығы. Осы мақсатта үлкен жауапкершілік жүктеліп отырған денсаулық саласы қызметкерлерінің еңбегіне табыс тілеймін», – деді. Бұдан кейін сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түзелбек Рахышев ауыл тұрғындарына құтты болсын айтып, игі тілектерін жеткізді. Дәл осындай қуанышқа Сарысу ауданының Тоғызкент және Әбілда ауылдарының тұрғындары кенелді. Тоғызкент ауылында бір ауысымда 30 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория ашылса, Әбілда ауылында ауысымда 5 келушіге арналған медициналық пункт ел игілігіне берілді.  

 «Aq jol»-Aqparat».

Ұқсас жаңалықтар