- Advertisement -

Ұлттар достығы –асыл құндылық

91

- Advertisement -

Баршамыздың жалғыз Отанымыз бар ол – Қазақстан. Елімізде бірнеше ұлт өкілдері тату-тәтті, бірлік пен ынтымақты ту етіп ғұмыр кешуде. Олар Қазақстанды «Менің – Отаным!» деп мақтанышпен атайды. Сондай патриот ұлт өкілдері біздің өңірде де тіршіліктерін өркендетіп, істерін алға бастыруда. Олар жергілікті ұлтпен құда, дос, әріптес, көрші, замандас болып біте қайнасып, араласып кеткен. Бұл ынтымақтың шынайы көрінісі болса керек. Республика күні қарсаңында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған «Әр алуандылық арқылы – бірлікке» атты этнос өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрі күніне арналған іс-шарада да шынайы ынтымақ пен бірлік, әр халықтың өрістеген өнерін байқадық.

 Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қатысып, әр ұлтқа арналған бұрыштарды аралады. Мұндағы мерекелік іс-шара барысымен облыс әкімінің орынбасарын «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева таныстырып өтті. Өзбек ұлты биімен ерекшеленсе, қырғыздар әнімен назар аудартты. Орыс, украин, дүнген, ұйғыр, әзербайжан, түрік халықтарының дәстүрлері де көңілден шықты. Облыс әкімінің орынбасары өзге ұлт өкілдері өз қолдарымен жасаған бұйымдарды сатуға арналған қатарға да назар аударды.

Мәселен, поляк ұлтының өкілі Елена Голубинская өзі тіккен түрлі қол сөмкелерін саудаға шығарыпты. Боялған, әсем сөмкелер 4 мың теңге, ал қолжетімдісі 2 мың теңге көлемінде. Кәріс ұлтының өкілі Хе Сталина мен жергілікті ұлт өкілі Сәрсенкүл Мырзабекова етік, сөмке, моншақ, жастықты өздері тігіпті. Бағалары да қолайлы. Әсел Дауылбаева жүннен тоқылған шұлық, орама, жемпір бұйымдарымен ерекшеленді. Суретші Рахат Сапаралиеваның кәдесыйлары да тартымды, ел қызығарлық екен.

Орыс ұлтының өкілі Елена Саприкинаның сәндік сөмкелері де сөренің сәнін кіргізді. Раушан Иманалиева мен Гүлнар Абдуллаева қолөнер бұйымдарын жасайды екен. «Біз ұлттық нақышта жасаймыз. Қолөнердің барлық түрін назардан тыс қалдырмаймыз. Бұйырса, аудандарды, көптеген ауылдарды қамтысақ деген ойымыз бар», дейді Раушан Иманәлиева.

Еркін Құлымбайұлы спорттық іс-шаралар өтіп жатқан алаңға да барды. Мұнда жас балуандар күресіп, білекті азаматтар арқан тартысты. Дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойнап жатқан үміткерлердің қарасы қалың болды. Спорттық жарыстар мереке көркін қыздырған қызық думанға айналды.

Мұнан соң бірнеше ұлт өкілдерінен құралған биші қыздардың биімен мерекенің негізгі бөлігі басталды. Жиналған ұлт өкілдерінің алдында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев сөз сөйлеп, мереке иелерін құттықтады. «Қадірлі ұлт өкілдері! Тараздықтар! Сіздерді бүгінгі мерекемен облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің атынан құттықтаймын. Этностар күні – достықтың мейрамы. Бейбітшілік пен келісім – Қазақстанның байлығы.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттар достығына ерекше назар аударып келеді. Астанада Әлемдік дін өкілдерінің съезі жетінші рет өткені де – ұлттардың арасына ізгілік сыйлайтын үлкен құндылық. Біздің облыста 87 ұлт өкілдері тату-тәтті, ынтымақпен күн кешуде. Отызға жуық ұлттық мәдени бірлестіктер облыстық Ассамблеямен тығыз байланыста жұмыс істейді. Басты құндылық – достық пен татулықты нығайту. Сіздерді мерекелеріңізбен тағы да құттықтап, әр шаңыраққа бақыт, береке, амандық тілеймін», деген Еркін Құлымбайұлы бірнеше ұлттық мәдени бірлестік жетекшілеріне облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Келесі сәтте облыстық Ассамблея басшысының қоғамдық орынбасары Жалел Апбасов құттықтау сөз сөйлеп, бірнеше ұлт өкілдерін марапаттады. «Мұндай марапат біздің еңбектің бағалануы, ұлттар достығына деген құрмет деп есептеймін. Дүнген мәдени бірлестігінің басшысы ретінде алған марапатымды мақтан тұтамын. Облыста тұратын 57 мың дүнген халқының атынан баршаңызға алғыс айтамын» деді «Вынхуа» дүнген мәдени бірлестігінің басшысы Айша Идыбо. Ал қазақ ұлттық мәдени бірлестігінің басшысы Айгүл Қабиева «Бұл марапат – ынтымақтың бағалануы.

Қай мәдени бірлестік болса да, жергілікті ұлтты құрметтейді. Бізбен бірлесе жұмыс істейді. Сондықтан біздің жұмыс жеңіл емес. Бірақ, өзге ұлттық мәдени бірлестіктермен достық қарым-қатынаста болу қызық» деді.

Облыс әкімінің орынбасары көпшілікпен бірге отырып, ұлт өкілдері дайындаған концертті тамашалады. Жиналғандар алдында украин мәдени бірлестігінің «Колинка» ансамблі әннен шашу шашса, дүнгеннің «Юучи» би тобының өнері де көптің көңілінен шықты. Мәдениет саласының үздігі Мадина Сағымбекова орындаған қырғыздың «Тугайым» әні де жүректерге жеткені анық. Мұнан кейін де облысымызға танымал өнерпаздар өнерлерін көрсетіп, мереке қызығын бөлісті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support