Туады ерлер ел үшін...

Туады ерлер ел үшін...
ашық дереккөз
Туады ерлер ел үшін...

2011 жыл.12 қараша. Күн жексенбі. Қаперсіз қала тұрғындары тек осы күні ғана терроризм, экстремизм деген ұғымдармен бетпе-бет келгендей болды.

Құқық қорғау органы қызметкерлері мен бейбіт адамдарды баудай түсірген лаңкес Мақсат Қариевті полиция капитаны, жол полициясының арнайы взвод командирі Ғазиз Байтасов қана тоқтата алды. Жанкештінің қолындағы гранатаны лақтыруға жол бермей оны өз денесімен жауып құшақтай бірге құлады. Осылай ерлікпен қаза тапқан ержүрек ұлға ең жоғары награда Халық қаһарманы атағы берілді.

Міне, осы қанды қараша оқиғасына бүгінде үш жыл. Есіл ерлерін ұмытпаған ел жыл сайын осы күні оларды әрдайым құрметпен есіне алады. Алдымен тағзым Ғазиз Байтасовтың ерлікпен қаза тапқан жеріне жасалды. Бір күн бойы бұл жерге жол сақшылары мінген елу машина кезекпен келіп гүл шоқтарын қойды. Ал облыстық ІІД алдындағы Ғазиз Байтасовтың ескерткіш бюсті маңында еске алу митингі өтті. Оған қатысқан жұртшылық батырды бір минут үнсіздікпен еске алып, сарбаздар аспанға автоматтан оқ атты, гүл шоқтарын қойды. Облыстық ІІД-нің бастығы, полиция полковнигі Бекет Аймағамбетов: «Тек нағыз патриот қана өз өмірін ойламай ерлікке бара алады. Террорист қолынан қаза тапқан полиция қызметкерлері де осылардың қатарында. Біздер ішкі істер департаменті басшылығы мен жеке құрамы қазақстандық барша полицейлерге үлгі болуға, өршіл батырларымыздың ерлігін ұмытпайтынымызға сендіреміз», – деді. Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров елімізде тыныштық пен тәртіпті сақтау әрбір азаматтың парызы екендігін, осыдан үш жыл бұрын тұрғындардың тыныштығы жолында қаза тапқан Ғазиз Әбдібекұлының ерлігі жас буын үшін отансүйгіштіктің жарқын үлгісі болғандығын айтты. Осы шарада жастар авиациялық орталығының курсанты Бибарыс Қазбек салтанатты түрде ант қабылдады. Қаһарманның жары Гүлжамал Тәжиева Ғазиз Байтасовты құрметтеп, еске алған көпшілікке алғысын білдірді. ІІД ардагерлер кеңесінің төрағасы Өрнекбай Смайылов бейбіт заманда халқының тыныштығы жолында қызметтік парызын өтеп қайтыс болғандардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтындығын жеткізді. Осы күні Ғазиз Байтасов атындағы оқу-жаттығу полигонында жас сарбаздардың жарысы ұйымдастырылды. Қанды қарашада қайтыс болған полиция аға сержанты Полат Аянқұлов пен полиция сержанты Жақсыбек Байсеитовті еске алуға арналған митинг те өтті.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар