«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қауырт шақ (боямасыз баян)

Қауырт шақ (боямасыз баян)
ашық дереккөз
Қауырт шақ (боямасыз баян)

15 14 13 12Қордай ауданында биыл барлығы 7385 гектар дәндік жүгері алқабы болса, оның  басым бөлігі яғни, 6,3 мың гектары шаруа қожалықтарының үлесінде. Ал, аудандағы екі мыңға тарта шаруа қожалықтарының барлығының бірдей жұлдызы жана қойған жоқ. Ала жаздай аспаннан тамшы тамбаған жаздың аптабы аз болғандай, көрші елден келетін судың қысымшылығынан себілген жүгерісі өспей жатып күйіп кеткендері де болды. Әдетте төрт-бес қайтара қандыра суарылуы тиіс жүгерілік ең болмағанда екі мәрте су ішсе, соның өзін қанағат етуге тура келді. Өстіп, жаздай су тапшылығын көрген дихандар, енді күз келгелі жауын-шашыннан көз аша алмай, жиын-терінді қарқынды жүргізе алмай отыр. Солардың бірі – Бетқайнар ауылдық округіндегі «Алмаз» шаруа қожалығы. Ал мұндағы «дала аруының» көлемі  450 гектар!

– Ауа райының қас-қабағын аңдып қимылдап жатырмыз, – дейді шаруа қожалығының төрағасы Жұмабек Есжиғанов. – Күнара жауын, тіпті, әнеу күндері қар жауып, жүгері алқабы комбайн жүре алмастай сазға айналды. Кешелі бері күннің көзі көрініп, бар күшті жұмылдырып іске кірістік.

Олар ауылдан төрт-бес шақырым жердегі қырық гектарлық алқапты орып жатыр екен. Жол талғамайтын көліктің өзі егістіктің басына ыңыранып әзер жетті. Жер сазданып кеткен, аяқ басқан жерің былқылдайды. Соған қарамастан, дөңгелектері жалпақ шетелдік екі комбайн пісуі жетіп сарғайып кеткен кісі бойындай жүгеріні баудай түсіріп, ішіне жұтып, одан дәнін айырып, сотасы мен собығын турап аңызға шашып кетіп барады. Әп-сәтте-ақ бункері толып, қасында дайын тұрған қорабы биік «КамАЗ»-ға лекілдете нарт қызыл дәндерді ақтара салып, жаткасын іске қосып, қайтадан жүгерілікке бет бұрады. Механизаторлардың мұндай әбжіл қимылына қарап, қолайлы сәтті қолдан жібермеуге ұмтылысы байқалады. Аяқ астынан күн бұзылып, жауындатып кетсе жұмыстың тоқтайтынын бәрі біледі. Өз маңдай терлерімен өсірілген өнімді төкпей-шашпай жинап алудан асқан мақсат жоқ бүгін оларда. Өнімділігі жоғары голландиялық бұл екі комбайнды шаруашылық осыдан төрт-бес жыл бұрын лизингке сатып алған. Содан бері жаткасын ауыстыра салып, жазда бидай мен арпаны, күзде жүгеріні өздері осылай орып алады. Қожалықта бұдан бөлек екі «Енисей-1200», екі «СК-5» астық комбайндары, екі «Е-302», екі «КСКУ-6» әмбебап комбайндары да бар. Сондай-ақ, үш «К-700», алты «МТЗ-82» тракторлары мен бірнеше автомашиналары шаруашылық қызметіне жарап тұр. Жалпы, бұл қожалық аудандағы ең үздіктердің қатарында. Мың гектар суармалы және осынша тәлімі егістіктен, 1200 гектар жайылымдық жерден нәпақасын айырып отырған еңбеккер қауым. Биыл «Алмаз» ШҚ 860 гектар астықтың әр гектарынан 17 центнерден өнім алса, 160 гектар пияздан орта есеппен 800 центнерден өнім жинады. Осы пияздың қырық гектары тамшылатып суару әдісімен өсіріліп, оның өнімділігі гектарына мың центнерге дейін жетіпті. Биылғы жазда Қордайда өткен облыстық егінжай күндері семинарына қатысушыларға нақ осы егістік көрсетілген болатын. Қожалықтың бір отар қойы мен қырық бас жылқысы және бар. Малға жемшөпті де өздері дайындайды. Пішенге 180 гектар жоңышқалық артығымен жетіп жатыр, жемге бастары ауырмайды. Қожалықта жұмыс істейтін отыз адамның орташа айлығы 70-80 мың теңгеден айналады екен. Бұдан бөлек жыл қорытындысы бойынша есептеліп, қосымша ақы да төленеді. Көкөніс бригадирі Олег Хан, комбайншылар Адил Агагусейнов, Талғат Ташкараев, шоферлар Бақытбек Әлиманов, Рифат Жапарбеков, қырман меңгерушісі Орынкүл Асқарова тәрізді белсенді жұмысшылар еселі еңбегімен басқаларға үлгі болуда. Шаруа қожалығының төрағасы Жұмабек Әшкенұлының өзі қаршадайынан еңбекке араласып, кезінде кеңшардың ферма зоотехнигі, бригадирі болған. Енді, міне, он бес жылдан бері жеке шаруашылығының тасы өрге домалап, нағыз істің адамы екенін көрсетті. ... Жүгеріліктен қайтып келеміз. – Бүгінге дейін жауын-шашынның арасында 120 гектардай орып үлгердік. Өнімділік гектарына 75-80 центнерден, жазда жүгері жақсы су ішкенде түсімі бұдан да жоғары болатын еді,– деп Жұмабек бір өкінішін білдіріп қойды. – Күн жайлы болса жиын-терінді екі аптада бітіреміз, – дейді артынша алашарбы бұлт торлаған аспанға да көз тігіп. Жүгері орымымен қат-қабат мұнда жер жыртылып жатыр. Қожалықтың мың гектарға себілген күздік бидайы мол жауынның арқасында жақсы көтеріліп келеді. Ал аудан бойынша бүгінге дейін 7385 гектар дәндік жүгерінің жартысынан астамы орылып, 14650 гектар алқапқа күздік себілген, 30000 гектар сүдігер көтерілген, 17500 гектар пар жыртылған. Күзгі қарбалас науқандар жалғасып жатыр.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар