- Advertisement -

Ауыл шаруашылығы мен өндірісі өркендеген өңір

287

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы қыркүйектегі Жолдауында: «Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл – микроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан тың тәсілдер қажет екені сөзсіз» деп атап көрсетіп, жаңа экономикалық бағдарламаның басты басымдықтарын атап көрсетті. Үкіметке, әртүрлі деңгейдегі әкімдерге нақты міндеттер жүктеді. Облыс аумағының жартысына жуығын алып жатқан Мойынқұм ауданында экономикада қандай жетістіктер бар? Ауыл шаруашылығы нендей күйде? Шалғай өңірдің тыныс-тіршілігі қалай? Осы сұрақтар төңірегінде аудан әкімі Әлихан Балқыбековпен сұхбаттасқан едік:

– Әлихан Әбілашұлы, сіздің аудан әкімі болып тағайындалғаныңызға бір жылдан асты. Ауданның тыныс-тіршілігімен жете танысу үшін бұл аз уақыт емес. Бұрын Мойынқұм десе, елдің көз алдына мыңғырған мал келетін. Тәуелсіздік жылдары өндіріс те қарқын алды. Әрине, өндіріс өркендеген өңірде экономика өсіп, елдің еңсесі көтеріледі. Президент Жолдауында «Бірінші бағдар. Экономикалық саясат» деп мұны алдыңғы қатарға шығарды. Сұхбатымызды экономикалық көрсеткіштерден бастасақ?

– Расында да Кеңес одағы кезінде ауданның аты мал шаруашылығымен танылды. Дала академигі аталған, былтыр туғанына 125 жыл болған даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаев пен биыл туғанына 100 жыл толып жатқан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков Мойынқұмның атын аспандатса, Мойынқұм өз кезегінде қарапайым еңбек адамы – Жазата мен ауданды ширек ғасыр жемісті басқарған Айтекеңнің даңқын шығарды. Кеңес одағы кезінде өндіріс мүлде болмады деуге негіз жоқ. Ақбақайдың алтыны сол кездерде-ақ өндіріліп жатты. Ал енді өнеркәсіп өндірісіне келер болсақ, былтырғы қаңтар-тамыз айларында 58712,9 миллион теңгенің, биылғы осы мезгілде 66075,1 миллион теңгенің өнімі өндірілді.

– Президент Жолдауында әдеттегідей ауыл шаруашылығын дамытудан да айналып өтпеді. Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблемалардың бірі екенін атап көрсетіп, осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін еске салды. Ал енді ата кәсіп – мал және егін шаруашылығының жай-күйі туралы не айтасыз? Облыс аумағында орын алған кейінгі жылдардағы қуаңшылық төрт түлік басының кеміп кетуіне әсер еткен жоқ па? Оның үстіне бұрынғыдай кемеріне келіп ағып жататын Шудың мол суы жоқ. Іргелі де күрделі саладағы ахуал қандай күйде?

– Мемлекет басшысы еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет екенін айтты. «Бұл – стратегиялық міндет» деді. Жолдауда айтылған міндетті орындау – бізге жүктелген үлкен жауапкершілік. Өндіріс қанша дамып жатса да ауылдағы ағайын малдан қол үзген емес. Қолдағы мәліметке сүйенсек, мүйізді ірі қара 2021 жылдың сегіз айында 51385 болса, биылғы осы мерзімде 54026-ға жетті. Яғни бір жыл ішінде 2641-ге көбейген. Қой саны 136077-ден 11686-ға артып, 147763-ке жетті. Ешкі 35049-ға жетті. Жылқының да саны едәуір өсті. Осы орайда, ет және сүт өндіру көлемі артқанын да атап өтсем деймін. Сегіз айда 2 985,3 тонна ет өндірілсе, бұл – былтырғыдан 31,6 тоннаға артық.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2022 жылдың сегіз айында 4 484,1 миллион теңгені, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 100,8 пайызды құрады. Оның 509,5 миллион теңгесі өсімдік шаруашылығы, ал 3 974,6 миллион теңгесі мал шаруашылығы үлесінде. Мал және егін шаруашылығымен айналысатын жеке шаруашылық құрылымдары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек, қолдаудан шет қалып жатқан жоқ. Осындай нақты көрсетіліп жатқан қамқорлық бар, оның үстіне ата-бабадан үзілмей, жалғасып келе жатқан ата кәсіп – мал бағудың жай-күйін жетік меңгерген мойынқұмдық шаруа қауымы тірліктерін дөңгелетіп, алаңсыз еңбек етуде. Облыс басшылығы, өзіміз болып, еңбек адамына мүмкіндігімізше жағдай жасап келеміз. Құдайға шүкір, биыл көктен әжептәуір ылғал түсті. Шаруалар сай-сала, арық-атызға дейін шыққан шөпті орып, мал азығын дайындап алды. Бетбақдаланың іргесінде жатқан Мойынқұмның қысы оңай емес екенін білгеннен соң, мал баққан ел осылайша шөп шалғыға ілінгеннен бастап тыным таппайды. Кейінгі жылдары біздің жерлестер егін шаруашылығына да бет бұра бастады. Бақша, көкөніс өнімдерін өсіруді де қолға алып жатыр.

– Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы туралы не айтасыз? Осы сала дамыса кәсіп ашқан азамат өзін, отбасын ғана асырап қоймай, бірнеше адамға жұмыс тауып береді, бюджетке қыруар қаржы түсіреді. Бұл да Президент Жолдауларынан түспей келе жатқан мәселенің бірі. Осы жайлы да әңгімелей отырсаңыз.

– Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау қажеттігін тағы да еске салып, бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу қажеттігін нықтап тапсырды. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасының орындалуына тоқталар болсам, үш айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқыту маусым айында басталып, жобаға 3,4 миллион теңге қарастырылды. Оқу орталығының өтініміне сәйкес, жиһаз құрастырушы ағаш шебері мамандығы бойынша 15 жұмыссыз азамат жолдама алып, оқу орталығын бітіріп шықты. Кәсіпкерлік негіздерінде аудан бойынша 175 азаматты оқыту жоспарланып, оқытылды. Жобаның халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарын ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту тармағы бойынша да бірқатар тірлік атқарылды. Биылғы тұрақты жұмыстың жоспары 788, сегіз айда 473 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Оның 25-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Жоба аясында «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімі», «Күміс ғасыр» бағдарламалары бойынша да атқарылған жұмыс аз емес.

Аудан бюджеті жылдан-жылға нығайып жатса, әрине, оған өндіріс, ауыл шаруашылығы саласымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікте еңбек етіп жүрген азаматтардың да қосып отырған үлесі қомақты. Елімізде салық төлеушілердің мемлекетке құйған қаржысынан бюджеттік мекемелерде еңбек ететіндерге айлық-жалақы, зейнетақы, түрлі әлеуметтік төлемдер беріледі. Мұны біздің әрбір салық төлеуші жақсы түсінеді. Сондықтан да заң талаптарын мүлтіксіз орындайды.

– «Мойынқұмға газ желісі тартылады екен» деген сөз шыққалы біршама жыл болды. Шалғай аудан үшін аса өзекті осы мәселе туралы айтсаңыз?

– Аудан халқының 71 пайызын газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Осыған байланысты 9 елді мекенді (Кеңес, Бірлік, Биназар, Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай,) газдандыру мақсатында жобаны әзірлеуге келісімшарт биылғы 25 сәуірде тіркелген, орындау мерзімі – 2023 жылдың 31 желтоқсаны. Алайда жобаны толыққанды әзірлеу ағымдағы жылдың қазан айына жоспарлануда. Тапсырыс берушісі – аудан әкімдігінің құрылыс бөлімі, жобалаушы мекеме – Шымкент қаласындағы «Строй-проект-инвентаризация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобалау құны – 43,2 миллион теңге. Биыл 5,0 миллион, келер жылы 38,2 миллион теңге қарастырылған. Жеткізуші газ құбырларының болжамды ұзындығы – 136 километр. Қосылу нүктесі – Шу ауданы Д.Қонаев ауылы маңындағы «Шу» автоматтандырылған газ тарқату стансасы. Аталған жобаға қаржы облыстық бюджеттен қаралған. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттардың 85 пайызы аяқталды. Атап айтқанда, мердігер тарапынан Шу ауданындағы Қонаев ауылының газ құбырына қосылу нүктесінен Мойынқұм ауданындағы Қылышбай ауылына дейінгі ұзындығы 147,2 километр қашықтыққа топографиялық түсірілім жұмыстары толығымен аяқталды. Мойынқұм ауданының елді мекенінің ішкі газ тарқату желілеріне топографиялық түсірілім жұмыстары жүргізілуде. Яғни газбен жабдықтау құбырының 9 елді мекеннен бөлек, 15 елді мекеннің (Қарабөгет, Құмөзек, Сарыөзек, Ұланбел, Хантау, Қияқты, Мирный, Ақбақай, Ақсүйек, Бұрылбайтал, Байтал, Шығанақ, Мыңарал, Мыңарал стансасы және Қашқантеңіз) гидравликалық есептеу жұмыстары толық жүргізілді. Атап айтқанда, коммуналдық шаруашылық жылытылатын аймақ, халық саны, отбасы, әлеуметтік нысандардың аумақтары, сонымен қоса ауылдың даму жоспары қамтылды. Себебі осы газ құбыры арқылы Мойынқұм ауданында барлық елді мекен газбен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда Шу ауданындағы Қонаев ауылының газ құбырына қосылу нүктесінен Мойынқұм ауданындағы Қылышбай ауылына дейінгі ұзындығы 147,2 километр жоба толығымен әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға болжам бойынша биылғы 20 қазанда жолданады.

Мердігер мен тапсырыс беруші мекеме арасында қабылданған жобалық жұмыстар толығымен аяқталуы тиіс. Осыған байланысты облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына 2023 жылға қаралған 38,2 миллион теңге қаржы 2022 жылдың қаржысына қарастырылды. Жоба 2023 жылы қаржыландырылған жағдайда елді мекендерді газдандыру бойынша құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізіледі.

– «Радай» өзенінің жағалауын нығайту мен көпір салу жылда сөз болады да, осы тірлік аяқсыз қалып жатады. Мәселені өзіңізден естісек.

– Шу өзені жағалауына су өткізуге реттеу гидроқондырғысының құрылысын салу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге жобалаушы «Пана – 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2017 жылғы 23 қазанда №56 келісімшарт жасалып, ЖСҚ дайындалды, жобаның сметалық құны 855612,79 мың теңгені құрап, жоба сараптаманың оң қорытындысы №19-0146/22 биылғы 5 мамырда алынды. Яғни жоба экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан өзекті мәселе екендігін ескере отырып, 2023 жылға республикалық бюджеттен қаражат бөлу бойынша облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің атынан ұсыныс беріліп, аталған жобаны іске асыру бойынша тиісті министрліктен қолдау тапты.

«Радай өзені арқылы өтетін көпір салу» жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сметалық құны 625,5 миллион теңгені құраған. Жобаны «Лидер Проект Дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірледі. Жоба сараптама қорытындысынан былтыр қыркүйек айында шығып, 4 қазанда аталған жобаны қаржыландыру үшін облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жолданған. Алайда тиісті жобаға «Сәулеттік бюро» мекемесінен ұсыныс беріліп түзетулер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жолды 1-ші санаттан 4-5 санатқа түсіру және көпірдің енін 12 метрден 7 метрге кішірейту жұмыстары. Бүгінгі таңда аталған ұсыныс негізінде сметалық құжаттары қайта әзірленіп, келісу үшін «Сәулеттік бюроға» жолданылды. Тиісті келісім алынған жағдайда мердігер жобаны сараптамаға қайта ұсынады. Жоба сараптама қорытындысы алынғаннан кейін облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсынылады. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің ауданға жұмыс сапары барысында осы аталған мәселелерді шешу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келісіп, жобаны қаржыландыру қолдау тапты.

– Әлбетте, бір сұхбатта шалғай өңірде атқарылып жатқан жұмысты, алдағы уақытта атқарылатын тірлікті, шешімін күткен мәселені түгел қамтып шыға алмаспыз. Аудан орталығы – Мойынқұм ауылы жылдан-жылға көркейіп, ажарлана түскенін көреміз. Қазақтың даңқты ұлдарына орнатылған ескерткіштер де көз тартады. Алайда Т. Әубәкіров және Пахаленко көшелеріне жаз айларында су жетпей жататыны туралы білеміз. Осы мәселе туралы не айтасыз?

– Расында да біз аудан орталығы болсын, басқа да елді мекендер болсын ауылдың ажарына, көркіне баса мән береміз. Жасыл белдеу бойынша Мойынқұм ауылында жоспарға сәйкес 1800 түп қарағаш, тал-терек егу қажет болса, бүгінге дейін 711 түп көшет отырғызылды. Тал егу жұмыстары жыл аяғына дейін жалғаса береді. Ал енді су бармай қалған екі көшенің жайына келер болсам, 15 тамыздан бері ауыз су әр үйдің ауласында ағып тұр. Алдағы уақытта қаржы қарастырылып, ауыз су құбырын ауыстыруды қолға алмақпыз. «Ақиық» каналында жаздың үш айында су тапшы болады. Ауыл тұрғындарына ауыз су қондырғыларымен реттеп кезегімен беріліп келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ.

Мойынқұм ауданы.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support